Шарипова шаршы алаңға шығатын болды

1681

Кәсіпқой бокстан әйелдер арасында Қазақстаннан шыққан алғашқы Әлем чемпионы Фируза Шарипова коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан мен Ресей шекараларының жабық болғанына қарамастан Қазан қаласына барды.

Шарипова шаршы алаңға шығатын болды

Естеріңізге сала кетсек, Фируза былтыр күзде өзінің спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеген. Алайда биыл көктемде ол спортқа қайта оралды. Тіпті алғашқы кездесуін өзінің басты қарсыласы ресейлік Софья Очигаваға қарсы өткізуді жөн санапты.

2016 жылы мамыр айында Очигава мен Шарипова Мәскеуде жекпе-жек өткізіп, әділқазылар жеңісті бірауыздан Лондон олимпиадасының финалистіне, яғни Софьяға беруді ұйғарды. Ал содан кейін Очигава IBA нұсқасы бойынша чемпион атанған. 2020 жылы сәуірде Шарипова Очигаваға әлеуметтік желі арқылы ұсыныс жұдырықтасуға ұсыныс тастаған болатын. Ал өз кезегінде ресейлік боксшы қыз бұл ұсынысты бірден қабылдады.  Негізі реванш маусымда Қазан қаласында өтуі тиіс еді. Алайда пандемияға байланысты кездесу шілде айына ауыстырылды. Ресейде карантин аяқталғанымен, Қазақстанда карантин уақыты ұзартылды. Сол себепті Шарипова Татарстан астанасына уақытында бара алмады. Жұдырықтасу алдында дайындық жұмыстары да кездесу белгіленген жерде өтуі тиіс. Осы мәселелерге байланысты қазақстандық боксшы қыз ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Мәдениет және Спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге шекерадағы кедергілерге байланысты көмек беруін сұраған. Спортшының бұл өтініші жерде қалмай, Шарипова Ресейге баруға рұқсат алды. 14 шілде күні Фируза өзінің Instagram парақшасында Қазан қаласына жеткені туралы мәлімдеді.

"Достар, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Мәдениет және Спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге жазған ашық хатыма жауап алдым. Кездесуге дайындық жұмыстарын жүргізу үшін Қазан қаласына баруға рұқсат сұраған болатынмын. Енді міне, мен Ресейдемін!", - деп жазды Шарипова.

Оның айтуынша кездесудің нақты қашан өтетінін нақты айта алмайды. Себебі әлі келесім-шартқа қол қойылған жоқ. "Әзірге ауызша ғана келісім. Жақында жекпе-жектің нақты қашан өтенін хабарлаймын", - деп қоса кетті спортшы қыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу