Шаршы алаңда шашау шықпай ширек финалға жеттік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2423

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан бокшыларының бәрі де ширек финалға шықты.

Шаршы алаңда шашау шықпай ширек финалға жеттік

Өзбекстан астанасында жалауы желбіреген ХХІХ Азия чемпионаты шешуші кезеңне таяды. Іріктеу кезеңіндегі жекпе-жектер түгелдей аяқталды. Қазақ елі сенім артқан 10 боксшы да – ширек финалда! Біреуі тікелей шықса, тоғызы өз қарсыластарын түйреп шықты.

Кеше бес жігітіміз шаршы алаңға шығып, өз қарсыластарынан басым түсті. Әуелі 60 келідегі Әділет Құрметов рингке көтеріліп, Малайзия майталманы Алназинул Отманды ома қаптырды. Екінші раундта нокдаунға түсіріп, үстемдік танытты.

Одан кейін 81 келі салмақ дәрежесіндегі Ерік Әлжанов Қырғызстан қыраны Еркин Абдылбекуулумен жұдырық түйістірді. Қарсыласы аса тәжірибелі боксшы болатын. Рио Олимпиадасына қатысқан. Әйтсе де, Әлжанов “әлімжеттік” жасады. Төрешілер қырғыз Еркиннің емес, қазақ Еріктің қолын көтерді.

52 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Азамат Исақұлов тай тарланы Танес Онгжунтаны тізе бүктірді. Таиланд боксшысы да намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірақ "Астана Арландары" сапында ысылған Азамат айласын асыра білді.

69 келіде жас таланты Абылайхан Жүсіпов құйындай орап соқты. Бұл салмаққа артылар жауапкершілік те – жоғары. Әр жылдары Олимпиада чемпиондары болған алдыңғы буын ағаларының “аманатын” арқалау оңай емес. Десек те, Жүсіпов жарады. Жапон жігіті Хирояки Киноның көзіне “көк шыбын” үймелетіп, екінші раундта есінен тандырып, нокдаунға да түсірді. Айқын басымдықпен жеңді.

Ташкент төріндегі сейсенбі күнгі жеңістердің “нүктесін”, тіпті “леп белгісін” аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев қойды. Жұдырығы қуатты, соққысы пәрменді алыбымыз Моңғолия мықтысы Ерболат Түлекті нокаутқа түсірді. Екінші раундта-ақ нокдаунға жіберді. Үшінші раунда басынан ұрып, тағы да тәлтіректеткен. Қарсыласының бапкерлері жеңілгендерін мойындап, жекпе-жекті тоқтатты.

Сонымен, Азия чемпионатында бақ сынап жатқан 10 боксшымыз да ширек финалға шықты. Төртеуі дүйсенбі күні жеңіске жеткен. Кеше бесеуінің мерейі үстем болды. Ал Василий Левит (91 келі) 1/4-финалына тікелей шығып қойған. Бүгін бәрі де Ташкент төріне керілген шаршы алаңға шығып, жартылай финал жолдамасы үшін айқасады.

Бүгін шаршы алаңға шығатын боксшыларымыз

Таңертеңгі бөлім (Астана уақытымен 12:00-ден бастап)
56 келі: Қайрат Ералиев – Риомей Танака (Жапония)

91 келі: Василий Левит – Санжар Турсунов (Өзбекстан)
Күндізгі бөлім (15:00-ден бастап)
49 келі: Жомарт Ержан – Хасанбой Дусматов (Өзбекстан)
60 келі: Әділет Құрметов – Отдонгалай Доржнямбуу (Моңғолия)
64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Душан Сапарамаду (Шри-Ланка)
75 келі: Әбілхан Аманқұл – Абдул Аззиз (Сирия)
Кешкі бөлім (20:00-ден бастап)
52 келі: Азамат Исақұлов – Абдул Салам Касим (Малайзия)
69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Вей Лю (Қытай)
81 келі: Ерік Әлжанов – Авайс Али Хан (Пакистан)
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Сатиш Кумар (Үндістан)

Қазақ боксшыларының бүгінге дейінгі жекпе-жектерінің нәтижелері:

1/16-финалы:

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Хир Азми (Малайзия) – 5:0

1/8-финалы:

1-мамыр

49 келі: Жомарт Ержан – Хон-Та Лин (Тайпэй) – 5:0

56 келі: Қайрат Ералиев – Марио Баутиста (Филиппины) – 5:0

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Обад Аль-Касбех (Иордания) – 5:0

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Юн Хан Вен (Қытай) – 5:0
2-мамыр

52 келі: Азамат Исақұлов – Танес Онгжунта (Таиланд) – 5:0
60 келі: Әділет Құрметов – Алназинул Отман (Малайзия) – 5:0

69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Хирояки Кино (Жапония) – 5:0
81 келі: Ерік Әлжанов – Еркин Абдылбекуулу (Қырғызстан) – 5:0
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Ерболат Түлек (Моңғолия) – RSC 3

Ширек финалға шыққандар:

Қазақстан, Өзбекстан – 10 боксшы
Үндістан – 9
Қытай – 8
Оңтүстік Корея, Индонезия, Сирия – 5
Моңғолия – 4
Жапония, Филиппин, Шри-Ланка – 3
Тәжікстан, Түркіменстан, Иран, Пакистан, Тайпэй, Малайзия, – 2
Қырғызстан, Иордания, Бутан – 1 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу