Шаруа қожалықтары картоп өсіргісі келмейді

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
5179

Ақмола облысындағы көкөніс шаруашылығының болашағы бұлыңғыр.

Шаруа қожалықтары картоп өсіргісі келмейді Фото: Әсем Ұланқызы, Көкшетау

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың сөзінше, егін егумен және мал шаруашылығымен айналысып жүрген  шаруа қожалықтарының картоп, сәбіз, қияр, қызылша сынды көкөніс түрлерін өсіру ниеті жоқ көрінеді. Өңірде өсімдік шаруашылығын дамыту баяу жүреді. Көптеген  шаруашылық қаржы жоқтығынан заманауи технологияны пайдалана алмай отыр.  Бүгінгі таңда Астанаға жеткізілетін көкөністің 17% ғана Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесінде. Қалған 87%-ын жеке тұлғалар өсіріп, сатып отыр.

"Бұрынғы жылдармен салыстырғанда 2016 жылы картоп егетін  жер көлемі 675 га-ға дейін қысқарды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса береді деп ойлаймын. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көкөніс алқаптарын жыл сайын шамамен 10-15%-ға көбейту қажет. Ал өнімді көктемге дейін сақтау үшін заманауи қойма салу керек",- дейді облыстық ауыл шаруашылық басқармасының жетекшісі Мұрат Балпан.

2012 жылдан бастап көкөністің бірнеше түрін өндірумен айналысып келе жатқан "Агрофирма Green Star" ЖШС бүгінде осы саладағы ірі кәсіпорын саналады. Осы серіктестіктің бас директоры Бейбіт Қабдрахманов көкөніс өсірумен айналысу бірден үлкен табыс әкелетін кәсіп емес екенін айтып отыр.

"Басты мақсат – картоптың отандық сұрыптарын өсіріп, голланд және неміс картобын отандық нарықтан ығыстырып шығару. Жасыратыны жоқ, жоғары сұрыпты тұқымға аз қаражат жұмсалмайды. Осыны ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласында көкөніс өсірушілерге де мемлекеттен субсидия бөлінуге тиіс", - дейді Бейбіт Қабдрахманов.

Шаруашылықта бұрын қолмен атқарылып келген барлық жұмысты қазір голландық технология атқарады. Кәсіпкердің ендігі арманы азық сақтайтын қоймалардың заманауи құрылысын қолға алу және өнімді ұқсатудың инфрақұрылымын дамыту. Оның айтуынша, көкөніс қоймасын алқап басында салу өте тиімді.

"Көкөніс алқабының бір гектарына кететін шығын дәнді дақылдарға қарағанда бірнеше есе көп болады. Ал астық пен көкөніс сақтаудың өзіне тән ерекшелігі бар. Көкөністі  бүлдірмей сақтау үшін қойма желдеткішпен жабдықталуға тиіс. Астанада салынған көкөніс қоймасының біреуі де толыққанды жұмыс істеген емес. Себебі оларды толтыратын өнім жеткіліксіз", - дейді бас директор Бейбіт Қабдрахманов.

Бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысатын "Көкше Құлагер" ЖШС іргелі ұйым. Соңғы жылдары серіктестікте күзде жиналған картоптың қыс ортасына жетпей рәсуа болуы сияқты жайсыз жайт орын ала бастаған. "Кез келген өнімді қоймада сақтау - машақаты көп жұмыс. Мәселен, қоймада қыс бойы от жағылады, жылу құбыр арқылы беріледі. Температура бірқалыпты болу үшін қыс мезгілінде есікті жиі ашпаған жөн. Суық не жылы ауа кірсе, картоп тез бұзылады. Біз бұл талапты сақтай алмаймыз. Себебі қойма лайықты жабдықталмаған", - дейді ЖШС директоры Мұратбек Жандаев.

Өңірдегі ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары картоп өсіргісі келмейді. Біріншіден, жоғары сортты тұқым қымбат, екіншіден, өнімді сақтайтын жер жоқ. Шаруаларды өнімнің шығымы, сатылымы қандай болады? деген күдік  те мазалайды. Ал картоп егіп, оны сатып жатқандар сұранысты толық қанағаттандыра алмайды. 

Базар басшылары  жергілікті өнімнің аз болатынын, көбіне Оңтүстік Қазақстан облысына күні түсетінін жасырмайды. Көкшетаудағы көкөніс базарында қап-қап картоптың  ортада үйіліп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Бірнеше қабат көрпемен қымталған өнімнің қай жердікі екенін сұрағанымызда Архат есімді саудагер қынжылып отырып жауап берді.

"Облыс бойынша картоп тапшылығы сезіледі. Себебі біздегілер картоп өсіруге құлықсыз. Сұранысты қанағаттандыру үшін біз оңтүстіктен әкелінген картопты сатуға мәжбүрміз", - дейді Архат.

Астықты өлкенің кезінде ақ бидайымен, картобымен айдай әлемге аты шыққаны белгілі. Қарапайым шаруа Қайрат Найзабеков басқаратын "Найза-К" шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері Жарқайың ауданына қарасты Гастелло ауылының іргесінде көкөністің түр-түрін өсіреді.

Бос жатқан жерді игеріп отырған бағбанның жеміс ағаштары да өнім бере бастапты. Ол жыл сайын алма, қырыққабат, сәбіз, қызанақ, картоп, тіпті  қауын мен қарбыз егеді.

Қайрат Найзабеков бұл іспен жастайынан айналысады екен. Ешкімнің үйретуінсіз бағбандықтың қыр-сырын меңгеріп алған. Бағбанның бар мақсаты аудан халқын табиғи әрі арзан өніммен қамтамасыз ету.

"Ауылда көкөніс өсіруді осыдан он жыл бұрын қолға алдым. Алғашқы кезде жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін күтіп-баптау қиындық туғызды. Кейін бұл істі толық меңгере бастадым. Бау-бақшамның өнімі өз отбасымды толық қамтамасыз етеді. Артылғанын сатып, тұрмысымды да түзеп жатырмын", - дейді Қайрат Найзабеков.

Оның айтуынша, алманы ұзақ сақтау үшін қолмен жинаған абзал. Алма жинау науқаны кезінде кәсіпкер ауылдастарын жұмыспен қамтып, оларға еңбекақысын береді. Жинаған алманы аудан, одан әрі Астана мен облыс орталығының базарларына шығарып сатады. Түскен қаржыға көкөністі күтіп-баптауға арналған арнайы техника мен дәрі шашатын құрал-жабдық  сатып алып отырады.  

Өңірді көкөніс аймағына айналдыруды мақсат тұтқан "Найза-К" шаруа қожалығының бағбандары биыл 400 түп алма ағашын отырғызған.  Шаруа қожалығы алдағы уақытта әртүрлі сұрыпты алма көшеттерін өсіруді жоспарлап отыр.

"Ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін қолданса, біздің елде де біраз шаруа тындыруға болады. Табиғаты қолайсыз жерде өсуге бейім, ыстық, суыққа төзімді көкөніс түрлері аз емес. Сылтау іздемей, шығар жол іздесе, адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Бірақ  кей адам мәселені іспен емес, сөзбен шешуге құмар. Қарапайым тілмен айтсақ, олар көкеніс екпеудің амалын іздеп әлек", - дейді Қайрат Найзабеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу