Шаруа қожалықтарында құл ұстау азаймай тұр

4659

Бір аптада 50-ден астам адам саудасы тіркелген. 

Шаруа қожалықтарында құл ұстау азаймай тұр

Ішкі істер министрлігінің "Стоп-трафик" атты операциясы 3 күннің ішінде 50-ден астам адам саудасын анықтаған. Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев журналистерге осындай мәлімет берді.

"10-12 қыркүйек аралығында ішкі істер қызметінің қосымша құрамын тарта отырып, "Стоп-трафик" атты  кезекті кең ауқымды операция ұйымдастырылған болатын. 3 күн ішінде сақшылар адам саудасына қатысы бар 50-ден астам қылмысты анықталды. Оның бірінде кәмелетке толмаған тұлға саудаға түскен. 2 адам саудасы, 3 күштеп жұмысқа тарту оқиғасы, жезөкшелікке итермелеудің 6 оқиғасы, притон ұйымдастырудың 40-қа жуық оқиғасы анықталды. Бұдан бөлек 14 әкімшілік заң бұзу тіркелді. Күдіктілер тән саудасына ғимарат ұсынбақ болғаны үшін жауапқа тартылып отыр",  деді ол.

ІІМ өкілінің айтуынша,  күштеп жұмысқа салу фактілерінің көбі шалғай мекендердегі шаруа қожалықтарында тіркелген. Қазір құлдыққа тартылып, қорлық көрген тұлғалар полицияның арнайы орталығына орналасып, қажетті көмек алуда. 

"Полиция қызметкері шаруа қожалығын басқарған Ақтөбе облысының тұрғынын ұстады. Ол 40 жастағы азаматты күш көрсетіп, бопсалау арқылы 3 ай бойы құлдықта ұстаған. Қожалық басшысы оны күндіз тракторшы етіп, түнде  сиыр қораның күзетшісі ретінде пайдаланған. Осы уақыт ішінде ол жүк көлігінде түнеп келген. Қазір осы іске байланысты Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жәбірленуші полицияның адам саудасы құрбандарына арналған орталығына орналастырылды. Қажетті көмек алуда.  Ал Жамбыл облысындағы қызметкерлеріміз өңірдің үш тұрғынын заңсыз бас бостандығынан айыру оқиғасын анықтады. 2019 жылдың қарашасынан бері екі ер адам мен бір әйел шаруа қожалығында жұмысқа жегіліп келген. Ер адамдар мал бақса, әйел үй шаруасына тартылған. Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 126-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды",  деді Думан Таев. 

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу