Шаруа қожалықтарының біртұтас дерекқоры жасалып жатыр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3070

Ақпараттық технология  фермерлердің өмірін өзгертті.

Шаруа қожалықтарының біртұтас дерекқоры жасалып жатыр

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын бес есе төмендетіп, сатып алушы мен фермерді ғаламтор арқылы таныстыратын Agrobiz. kz порталы өткен жылдың мамыр айында іске қосылған еді. Таяуда осы жобаның басы-қасында жүрген мамандар журналистермен жүздесіп, жарты жылдағы жұмыстарының қорытындысын жариялады.  

Портал үкімет пен ЮСАИД қорының қолдауымен дүниеге келді. Жоба жетекшісі Айдос Аманбайдың айтуынша, порталға бағаны төмендету ғана емес, ішкі нарықтағы экономикалық интеграцияны жылдамдату жүктелген.

Басты мақсат фермерлер мен мемлекеттік ұйымдардың, квазисектор мен ғылыми ортаның байланысын оңтайландыру. 

"Agrobiz. kz"  порталын алыс-жақын шетел кәсіпкерлері жақсы біледі. Таяуда    қытай фермерлері хабарласып, асқақбақ  дәніне  тапсырыс берді. Ал бірін-бірі портал арқылы тапқан германиялық  кәсіпкер мен оңтүстікқазақстандық  кәсіпкер арасындағы байланыс келісім-шарт деңгейіне жетті. Қазір "Agrobiz.kz" порталында жарияланған мәліметтерді үкіметтік порталға қосу мәселесі талқыланып жатыр. "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы біздің интернет ресурсымыздың әлеуетін әртараптандырады деп үміттенеміз", – деді  жоба жетекшісі Айдос Аманбай.   

Ол порталда шаруа қожалықтарының біртұтас дерекқоры жасалып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, шаруалар веб-кабинет ашып, шаруашылығын ғаламтор арқылы таныстыруға мүмкіндік алған. Дерекқордан шаруаның нарықта қашаннан бері  жұмыс істейтінін, нарыққа не ұсына алатынын білуге болады.

"Сайттағы  электронды картада әрбір қожалықтың географиялық орны, мекенжайы көрсетілген. Агрокартада қашықтықты есептеу фунциясы бар. Ол шаруаға өзіне қажетті дүниені сатып алатын ең жақын жерді көрсетеді. Бұл функция белгіленген жерге жету үшін неше литр бензин кететінін және жолға қанша уақыт жұмсалатынын да есептеп береді", – деді Айдос Аманбай. 

Бүгінге дейін портал шаруа қожалықтарының, ауылдық округтардың,  агрокәсіпорындардың ортақ дерекқорына айналып үлгеріпті. Осы уақытқа дейін порталға 37 400 адам тіркеліп, 10 135 қолданушы жеке веб-парақшасын ашқан көрінеді. Айтпақшы кез келген фермер порталға жарнамасын тегін жариялап, портал қызметін тегін пайдалана алады екен.

Айдос Аманбай сөз арасында   ауылдық округтердің базасын жасап жатқанын айтты. Бұл санатта  әрбір округте қанша сиыр, қанша қой, қанша жылқы, қанша жер бар екені және оның қай тұсы суармалы, қай тұсы жайылымдық жер екені туралы мәлімет беріледі. Мұндай деректер қоры  инвесторлар үшін тиімді болмақ. Себебі инвестор 50 мың қойы немесе 20 түйесі бар ауыл  туралы мәліметті ғаламтордан оқып, сол ауылдан тері өңдейтін немесе сүт өнімдерін қабылдайтын цех ашуы мүмкін.

Фермерлердің базасында ғылыми жетекшінің болуы субсидия алуды жеңілдетеді.  Порталға ауыл шаруашылығы саласына тікелей немесе жанама қатысы бар 600-ден аса отандық ғалым мен ғылыми қызметкерлер туралы дерек енгізілген.  Мұнда олардың аты-жөні, байланыс нөмірлері, ғылыми жұмысының тақырыбы мен бағыты, жұмыс орыны, көрсететін қызметі нақтыланған.

"Бұл – білім мен ғылымның және өндірістің интеграциясы үшін қажет. Фермерлер өзінің шаруашылық бағытына қажетті ғылыми кеңесті осы жерден табады", – деді Айдос Аманбай.  

Алматыға Шымкенттен келген фермер Әскер Алман "Agrobiz. kz" порталы  ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсер етіп отырғанын айтты.

"Оңтүстік Қазақстан облысының дихандары жылдың 4 мезгілінде бау-бақша баптаумен айналысады. Порталда  тіркелген кәсіпкерлердің 60%-ы осы облыстан. Порталдағы  деректер базасы тәулік бойы жаңартылып тұрады. Өзін қызықтырған мәлімет  тапсырыс берушінің немесе фермердің ғаламтордағы почтасы немесе  ұялы телефонына хабарлама ретінде келеді.  Шаруа қожалықтары иелері  интернет ұстамайты жерлерде өмір сүреді.

Алайда олардың барлығында ұялы байланыс бар. Енді фермер ақпарат іздемейді, ақпарат фермерді өзі іздеп табады. Себебі порталда SMS-хабарлама тарататын сервистік қызмет бар. Ол көлік шығынын жояды, уақыт пен еңбек шығынын қысқартады, телекоммуникациялық шығынды 90%-ға үнемдейді. "Маусым кезінде алыпсатарлар диханнан қызанақтың бір келісін 30 теңгеден сатып алады.  Фермердің иелегіндегі жерден көтерме сауда базарларына дейін   қолдан-қолға  4 рет өтеді.  Төртінші саты  -  базарға немесе дүкен сөрелеріне жеткенде оның бағасы 200-400 теңгеге шарықтап кетеді. Ортадағы 150-350 теңге алыпсатарлардың қалтасында қалады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ақпаратты технология фермерлердің тұрмысына енді. Енді олар осы игілікті тиісінше падалануы тиіс", –  деді Әскер Алман.       

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу