Шаруа қожалықтарының жұмысы шайқала бастады

328

Қазақстанда жыл сайын шағын және орта бизнес өкілдері көбейіп жатыр, 2015 жылы елімізде 1,2 млн ШОБ субъектісі болса, былтыр олардың саны 2 миллионға жетті.

Шаруа қожалықтарының жұмысы шайқала бастады Фото: canva

Бір қарағанда бәрі керемет, сандар жағдайды жақсы етіп көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының есебіне қарап, еліміз шағын және орта бизнесті дамыту бастамаларын сәтті орындап жатқандай көресіз. 10 жыл ішінде нарықтағы компаниялардың саны 1,6 есеге артуы есеп үшін жағымды, бірақ астарына үңілсеңіз, кей салалардағы мәселелер көріне бастайды.

Кеңірек тоқталсақ, 2017 жылдан бастап Қазақстанда шағын және орта бизнес нарығы кеңейді, компаниялар саны тұрақты түрде өсіп отырған. Сол кездегі 1,14 миллионнан былтыр 2 миллионға жетсе, биыл 2,37 миллионнан асып кетті.

10 жыл ішінде шағын кәсіпорындардың өзі 175,6 мыңнан 477 мыңға бір-ақ өсті. Алайда орта кәсіпорындар саны тұрақты, өсім онша жоғары емес, 2015 жылғы 2,9 мыңнан былтыр 3,1 мыңға жетіп еді, алайда биыл қайта азайып, 3 мыңға түсті. Салықтық саясаттың шырмауына көп ілінетін осы санаттағы компаниялар аталатын, шамасы келер жылғы болатын өзгерістің дүмпуінен сескенгендей.

Ал енді мәселенің өзегі шаруа қожалықтарда болып тұр. Қазақстан жерінің кеңдігіне байланысты ауыл шаруашылығы саласын дамыту жайлы көп мақсат қояды. Саланың дамуына триллиондар, милиардтаған субсидия мен жеңілдетілген несиелер қарастыралады. Бірақ соған қарамастан шаруашылықтар шатқаяқтап жатыр.

2023 жылдан бастап елде шаруа қожалықтарының саны азая бастады. Әрине, бүкіл еңбекті жоққа шығарғаймыз, 2015 жылдан бастап 2023 жылға дейін шаруашылықтар саны қарқынды өсті. 181 мыңдық межеден асып, 270 мыңға жуықтады. Бірақ кейінгі екі жылды сәтсіздік көбейді. Былтыр 261 мыңға азайса, биыл тағы кеміп, 254 мың болды.

Сонда елімізде 2 жылдың ішінде 16 мыңға жуық шаруа қожалығы жабылған. Бұл кері кетушілік одан әрі жалғасуы мүмкін. Өйткені 2026 жылдан бастап салықтық өзгерістер болатынын білеміз. Қосылған құн салығы да өседі. 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнесті салықтық әкімшілендіру "таза парақтан" басталады.

Кейінгі жылдары шаруа қожалықтарының саны азайып жатқанын Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов те растап отыр.

Сала сарапшысының айтуынша, бұған бірнеше себеп әсер етіп отыр.

– Ең алдымен, ауылдық жерде жұмыс істеу қиындап кетті. Жастар көбіне бұл салаға бармайды, жұмысшылардың саны жетіспейді. Содан кейін үлкен шаруашылықтар тежеліп, жеке қосалқы шаруалықтар болып өзгерді. Екіншіден, ұсақ шаруашылық болғаннан кейін оларға несие, субсидия алу қиындайды. Өйткені кепілге қояр заты кішкентай, сондықтан қазір кейбір ұсақ шаруашылықтар бірігіп, ірі шаруашылыққа айналып жатыр. Ал енді бірінің қарызы көп, субсидия алуға қаржы айналымы жетпей жабылуда. Бұған қоса, қуаңшылықтың зардабы бар, кей диқандардың егіні шықпай қалып, еңбек ақталмай, ақыры экономикалық жағдай бүйірден қысып тұр, – дейді Мәуленов.

Сарапшының сөзінше, қазір осындай жайсыз, тиімсіз жағдай мал шаруашылығында да бар. Осыған дейін көрші елдерге, сыртқа мал сатуға тыйым салынды. Бұндай шектеулер қосымша көбейіп жатыр. Ал жемшөптің бағасы жоғары, кейде тапшылық байқалады.

– Шаруашылықтардың басым көбінде техника ескірген, инфрақұрылым тозды. Оны жаңартудың бәріне қаражат керек. Бұған салықтық жағдайды қосыңыз, айналып келгенде осының бәрі шаруашылықтардың азаюына соқтырып отыр, – деп түйіндеді Әкпар Мәуленов.

Қорыта айтқанда, мемлекеттің қолдауынсыз ауыл шаруашылығы саласының алға басуы қиын болып тұр. Экспортта да, ішкі нарықты қамту, қаржылық қолдау – қай жағынан шешілмеген түйін көп. Сондықтан жақын арада көбі айтатындай Беларусь елі сынды ауыл шарушылығының "державасына" айналуымыз мүмкін емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу