Олар ішкі нарыққа пияз жетеді, ал артығы шіріп жатқанын айтып дабыл қақты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі "Атамекен" ҰКП-ға сілтеме жасап.
Шаруалар Үкіметтен шұғыл түрде нарыққа қанша мөлшерде өнім керегін есептеп, артығын сыртқа сатуға рұқсат етуді талап етіп отыр.
Ұлттық палатаға Алматы, Түркістан және Жамбыл облысының кәсіпкерлері жүгінген.
"Алтай" ЖШС басшысы Нұрлан Нұрбековтың айтуынша, көктемгі егіс науқаны жақындап қалды, алайда былтырғы жуа әлі түгел сатылмағандықтан тұқым алуға қаржы жоқ. Оның үстіне пияз ұзақ сақтауға келмейтін өнім, егер ол бұзылып кетсе, шығынын ешкім өтемейді.
"Қазір біз алыпсатарларға 1 келі пиязды 150 теңгеден жеткізуіміз керек. Ал олар оны 300 теңгеден артық бағамен сатады. Сонда алыпсатарлар, тіпті логистикалық шығындарды шегергенде де, 1 келіден 120-130 теңгеден пайда табады. Ал пияз өсіретіндерге егінге дайындалуға және келесі маусымға тұқым алуға ақша қалмайды", – деп шағымданды Нұрлан Нұрбеков.
Кәсіпкерлердің айтуынша, ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің қызметі іс жүзінде ірі бөлшек саудагерлердің мүдделерін қорғайды. Ал нарыққа өнім жеткізу мен бағаны ұстап тұрудың ауыртпалығы тек өндірушілерге түседі.
Сондай-ақ, фермерлер жағдай реттелмесе, алдағы уақытта пияз өсірмеуі мүмкін. Ал, бұл әлеуметтік маңызы бар тауар екенін ескерсек, нарыққа қауіп төніп тұр деуге болады.
"Біз онсыз да жыл сайын биліктің "ығына жығылып" тауардың бір бөлігін төмен бағамен сатамыз. Дәл осылай жалғасса, тыйым алынбаса, келесі жылға жуа еге алмаймыз", – деді кәсіпкер.
Сонымен қатар, Нұрлан Нұрбеков Қырғызстан пияз экспортына Қазақстаннан кеш тыйым салса да, қазір алып тастағанын атап өтті.
"Қырғызстан тыйымды бізден кейін қойды. Бірақ қазір алып тастады. Пиязды сонша уақыт сақтай алмайтынын, одан диқандар зардап шегетінін түсініп отыр", – деп қосты спикер.
Еске салайық, уәкілетті мемлекеттік органдар 2023 жылдың қаңтарында пиязды шетелге шығаруға тыйым салған болатын.