Шаш ал десе, бас алатындар: Кәсіпкерлердің жерлері үкіметке күштеп қайтарылып жатыр

1751

Бүгін Жоғарғы Сотта әкімшілік бизнесті қорғау амалдарының тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар кәсіпкерлік қоғамдастықтың судьялар корпусымен кеңейтілген кездесуі барысында талқыланды. 

Шаш ал десе, бас алатындар: Кәсіпкерлердің жерлері үкіметке күштеп қайтарылып жатыр Фото: Inbusiness.kz

Жақында отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүрлейтін қателіктердің түзелмей жатқанын басып айтқан болатын. Биылғы жылдың өзінде кәсіпкерлерден 7 мыңнан астам талап-арыз келіп түсті. Екі жыл ішінде саны да өзгермеді, дауы да шешілмеді. Даудың басы – салық,  жер мәселесі мен мемлекеттік сатып алулар кезіндегі заңсыздықтар, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қазір біз бизнес субьектілеріне өз тұрғымыздан қолдау көрсетеміз, яғни барлық рәсімдік міндеттерді соттың жауапкершілігіне артып отырмыз және тәуелсіз төрешінің орнына шындықты өзіміз іздеп, бизнес өкілдерінің арыздарымен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Осындай арыз-талаптардың орындалуы орташа есеппен 77%-ды құрайды, бұрынғы көрсеткіштен 4 есе артық. Көбіне салық (істің 72%-ы бизнесмен пайдасына шешіледі), жер (60%), мемлекеттік сатылымдарға (48%) қатысты дау шығады. Олар бойынша да көрсеткіш жоғарғыдай, істің жартысына жуығы адамның (бизнес субьектісінің) пайдасына қарай шешіледі. Алайда барлық арыздардың тең жартысы осы салаларға қатысты болуы адам шошырлық жағдай, сондықтан онымен айналысу маңызды. Мысалы, бұрын жеке сот орындаушылардың жұмысына жиі шағым түсетін, бірақ олар соттың талабына қарай икемделіп, қызметін заң жүзінде орындай бастағаннан кейін статистика түзелді. Ал мемлекеттік органдардан сондай ынта-жігерді көріп отырған жоқпыз. Мәселе кімнің дұрыс-бұрысында емес, мемлекеттік жүйенің өз мойнына жауапкершілік алғысы келмейтінінде", - деді Аслан Түкиев, әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Жеке анықтамалардың жартысы салық даулары бойынша шығарылды (338-ден 157). Мысалы, салық органдары акт шығаруға ынталы емес, айыппұл сомасын көрсетпейді, хабарламаларға қол қоймайды немесе өкілеттігі жоқ тұлғаға қол қойдырады, тексеру актілеріндегі фактілерді бұрмалайды, хабарламаларды шатастырады, тексеру мерзімдерін кешіктіреді, заңда белгіленген мерзімде тексеру жүргізуден жалтарады.

"Салық мәселесіне келер болсақ, жалпы Қаржы министрлігі ең ірі мемлекеттік құрылым, әрине, оған қарсы түсетін арыздың да саны көп болатынын түсінікті. Соның ішінде салықты жинаумен айналысатын Мемлекеттік кіріс комитеті (81%) жиі сынға қалады. Салық төлеушілердің көбі өздерінің конституциялық міндетін уақытылы орындайтынына қарамастан, оларға салық мамандары тарапынан белгілі бір деңгейде қысым көрсетілетінін байқадық. Бұл негізгі мәселе. Мемлекеттік орган салық төлеушілерге сенімсіздікпен қарайды, ал тексеру нәтижелері керісінше көбіне негізсіз артық салық міндеттелетінін көсетіп отыр.

Жалпы салық құрылымы салық төлеушілердің талап-тілектерін ескере бермейді. Олар тек мемлекеттің ғана мүддесін орындайды: неғұрлым салық көбірек жиналса, соғұрлым жұмыс жемісті болады. Әрине, олар мемлекеттік орган ретінде ұлттық қорға көбірек ақша жинауды мақсат етеді, алайда мұндай тәжірибе ары қарай да жалғаса берер болса, салық базасы азаятынын белгілі. Мысалы, жылдан жылға негізгі капиталға салым азайып жатыр, ал бұл өз кезегінде салық төлеушілердің мемлекетке деген сенімсіздігінің айқын бейнесі", - деді Аслан Түкиев.

"Учет" компаниялар бірлестігінің басшысы Максим Барышев те TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының қолдауымен дөңгелек үстел барысында осы салық мәселесіне жіті тоқталып, ондағы басты мәселе ретінде заңнаманың оңды-солды өзгертіле беретініне назар аударған еді.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда Салық кодексі 54 рет өзгертуге ұшыраған. Салық жүктемесі тек қолданылатын нормалар тұрғысынан ғана емес, нақты тәжірибе тұрғысынан да нашарлады. Заңдарды қайта жазудан ауыз толтырып айтарлық нәтиже шыққан жоқ, қайта кәсіпкерлер мен отандық бизнес жаңа проблемаларға тап болды. 

Мұндай тұжырымдаманы тәуелсіз аудитор Ғалия Нүри де растап отыр. Сарапшы ұсынған мәліметтерге сенсек, 2009 жылдан бастап Салық кодексі 111 ілеспе заңдармен өзгертілді, яғни бұл жылына шамамен 16 заң, барлығы 2300-ден астам бапқа түзетулер енгізілді деген сөз. Заңнамадағы мұндай тұрақсыздық, әсіресе,  кәсіпкерлердің қалтасына ауыр тиді.

"Тағы бір мәселе — салық кодексінің жиі түзетілуі. Мысалы, бір ғана 96-баптың өзін бұрмалап, өзінше түсінгендер болды. Жақында оған жүйелі өзгерістер енгізілді, бірақ түзетулер белгілі бір органдарға тиімсіз болғандықтан, оны қайта қарайтын болып жатыр, яғни тағы да салық төлеушілердің иығына жүк артылады. Оның барлығы салық органдарындағы адам санының аздығына байланысты болып отыр. Олар жыл сайын 10 мыңға жуық тексеріс жүргізу керек, 15 мың адам үшін мұндай міндетті орындау мүмкін емес, бірақ ақша жиналу керек, сондықтан олар салықтық камералдық бақылауды да толыққанды тексеріске айналдырып жіберген. Негізінде бақылау салық төлеушіге алдын-ала өзінің қателіктерін түзетуге мүмкіндік беру үшін ұйымдастырылуы керек. Мемлекет болса жыл сайын заңнамаға өзгеріс жасап, оларды одан әрі қолдап-қолпаштап отыр", - деді әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Бизнес өкілдерін алаңдататын тағы бір мәселе – бұл инвестициялық тартымдылық. Елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына салық дауына қатысты арыздардан бөлек келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтату және лицензияны қайтарып алу туралы хабарламалар бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне (ИИДМ) жиі шағым түседі.

Бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы Үкіметке барлық кен орындарына тексеру жүргізуді, шетелдік және жергілікті инвесторларды тарта отырып, оларды одан әрі игеру үшін пайдаланылмайтындарын анықтауды тапсырды. Соған сәйкес, ИИДМ жер қойнауын пайдаланушылардың тізімін жариялады, олар бойынша: 183 келісімшарт – лицензияны қайтарып алу; 92 - тоқтату туралы шаралар қабылдады.

Нәтижесінде мынандай әкімшілік құқықбұзушылықтар тіркелді:

  • хабарламаларды жіберу тәртібі сақталмайды, жеткізуді тіркеу жоқ;
  • келісімшарттарды тоқтату (бұзу) туралы шешімді осы мәселелерді қарауға уәкілеттік берілмеген сараптама комиссиясы қабылдайды немесе олардың хаттамалық шешімдеріне комиссияның барлық құрамы қол қоймайды;
  • келісімшарттық міндеттемелерді тиісінше орындамаудың объективті мән-жайлары және т. б. ескерілмейді.

Алайда министрліктер не жергілікті билік органдары "шаш алудың орнына бас алып отырған" жайы бар.

"Жерлерді қайтару бойынша түсіп жатқан арыздар көп, мысалы он жыл бұрын алынған жерлерге тиісті нысан салып, малын түгендеген кәсіпкерлерден орнын босату талап етіліп жатыр. Әкімдік кезінде аукцион арқылы бермей қалынған жерлер қайта сұралып жатыр. Кәсібін дөңгелетіп отырған бизнес өкілдері сонда қайда барады? Жылдың аяғына дейін 10 млн жер қайтарылуы керек деп, мемлекеттік органдар "шаш алудың орнына бас алып отыр", - деді "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Зейілұлы.

                                                                                         Фото: inbusiness.kz

Сарапшы осы мәселелерді шешу жолы ретінде "Реттеуші құқықтық актілердің" ауыстыруды қарастыруға кеңес береді, сол арқылы салалық заңнаманы біріздендіруге, әкімшіліктің репрессивті саясатын жұмсартуға, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті (ӘРПК) толық іске қосуға мүмкіндік береді.

Мысалы, арнайы құқықтан айыру, оның қолданылуына рұқсат беру не тоқтата тұру түріндегі, сондай-ақ тізілімнен алып тастау, қызметті тоқтата тұру немесе тыйым салу әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырумен тікелей байланысты санкцияларды ӘРПК құзырлығына өту керек.

"Бүгінде "инвестор" ұғымын теріс түсінетіндер бар. Осыған ұқсас істер бойынша мүлдем полярлық шешімдер қабылданбауы тиіс екенін ескере отырып, барлық азаматтық және әкімшілік дауларды мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты құзырлығына беру мүмкіндігін талқылау ұсынылады. Олар инвесторлардың қатысуымен болған мәселелерді шешуші орын болмақ. Бұл инвесторлардың мәселелерін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді", - деді Аслан Түкиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу