Шашауы шыққан шағын қалалар ауылға айналуы мүмкін

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11577

Қазақстанда халқының саны 10 мыңға да толмайтын 12 қала бар.

Шашауы шыққан шағын қалалар ауылға айналуы мүмкін

Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы ірілі-ұсақты қалалардың саны 87-ні құрайды. Алайда, олардың бәрі қала мәртебесіне сай емес. Мәселен, шағын және моноқала мәртебесіне ие 68 шаһардың 12-сінде халық саны 10 мың адамға жетпейді.

Осы орайда, ең алдымен шағын қала мен моноқаланың аражігін ажыратып алған жөн. Әкімшілік аумағында экономикалық өсімге әсер ететін кем дегенде бір жүйе құраушы кәсіпорыны бар шаһар моноқалаға жатады. Ал шағын қала дегеніміз – ауылдық елді мекен мәртебесінен жоғары, ірі қала мәртебесінен төмен шаһар.

Сонымен халық саны 10 мың адамға толмайтын қалалардың қатарында Державинск, Степняк (екеуі де Ақмола облысы), Жем, Темір (екеуі де Ақтөбе облысы), Шар, Серебрянск (екеуі де Шығыс Қазақстан облысы), Қарқаралы (Қарағанды облысы), Қазалы (Қызылорда облысы), Форт-Шевченко (Маңғыстау облысы), Булаева, Мамлютка және Сергеевка (үшеуі де Солтүстік Қазақстан облысы) бар. Осылардың ішінде Серебрянсктен басқасы шағын қала мәртебесіне ие. Яғни, қала құраушы кәсіпорындары жоқ. Ал Серебрянск халқының саны аз болғанымен, моноқалалар қатарына жатады.

Жоғарыда аталған шаһарлардың ішінде Державинск, Степняк, Жем, Темір және Сергеевканың экономикалық даму әлеуеті тым төмен. Бұл ретте Ақтөбе облысындағы Жем мен Темір халқының саны 3 мыңға да жетпейді. Жемдегі адам саны – 1 963. Ал Темірді 2 425 адам мекендейді. 

Мәжіліс депутаттары атына заты сай емес мұндай қалаларды ауылға айналдыру керек деп есептейді. Халық қалаулысы Кәрібай Мұсырманның айтуынша, олардың қала мәртебесін сақтап қалудың ешбір мәні жоқ.

"Халық саны 10 мыңға жетпейтін шағын қалалардың, шын мәніндегі ірі ауылдардың көпшілігінде қала құраушы кәсіпорын жоқ. Сондықтан олар экономикасының құрылымы мен тұрғындарының жұмыспен қамтылуы бойынша да қала мәртебесіне сәйкес келмейді. Индустриялық келешегі жоқ мұндай қалаларды ауылдарға айналдыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мамандандыру арқылы олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына соңы серпін беруді қарастырған жөн", – деді үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Кәрібай Мұсырман.

Сондықтан депутат ҚР әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңына облыстық және аудандық маңыздағы қалаларды құру және тарату тетіктері бойынша толықтырулар енгізу керек деп есептейді.

"Тиісті облыстар мен аудандардың әкімдіктері атына заты сай келмейтін қалалардың мәртебесін өзгерту мәселесін жергілікті жұртшылықпен бірлесе қарастырып, жан-жақты ойластырып, шешім қабылдауы керек. Өйткені, қазіргі кезде мұндай қалаларды медицина кадрларымен қамтамасыз етуде елеулі проблема туындап отыр. Бұл тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына теріс әсерін тигізуде. Мәселен, Ақмола облысындағы 8 шағын қалада 143 дәрігер жетіспейді. Шағын қалаларды мұғалімдермен және мәдениет қызметкерлерімен қамтамасыз ету де қиынға соғуда", – дейді мәжіліс депутаты.

Бір қызығы, экономикалық зерттеулер институтының деректерінде өз мәртебесіне сай емес қалалардың саны 13 деп көрсетілген. Институт мамандары жоғарыда аталған 12 қаланың қатарына Ақмола облысына қарасты Ерейментау қаласын да қосыпты.

"Халық саны 10 мың адамға жетпейтін аудандық маңыздағы қалалар өзге шаһарлармен салыстырғанда әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан да артта келеді. Бұл қалаларда негізгі капиталға инвестиция тарту, өнеркәсіптік өндіріс, жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіштері тым төмен. Сондықтан аудандық маңыздағы 13 қаланы мәртебесінен айыру керек", – делінген экономикалық зерттеулер институтының зерттеуінде.

Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстан қалаларының 27-сі моноқала, 41-і шағын қала, 3-і республикалық маңыздағы қала мәртебесіне ие. 14 қала – облыс орталығы.

Сондай-ақ Қазақстанда аудандарға бөлінетін 4 қала бар. Олар – Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды. Астана – 4 ауданнан, Алматы – 8, Шымкент – 4 және Қарағанды 2 ауданнан тұрады.

Республика халқының 56 пайызы қалада өмір сүреді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу