Шавкат Рахмонов: "Көзсіз қалсам да жекпе-жекті жалғастыруға дайын болдым"

1333

Қазақстандық Шавкат Рахмонов бразилиялық Алекс Оливейраны жеңді. Кездесу Абу-Дабиде UFC 254 турнирінде өтті және Шавкат үшін бұл атақты промоушндегі алғашқы дебюті болды.

Шавкат Рахмонов: "Көзсіз қалсам да жекпе-жекті жалғастыруға дайын болдым"

Рахмоновтың қарсыласы бір раундқа да төтеп бере алмады. Қазақстандық Алекс Оливейраны 20 секундта-ақ тізе бүктірді. Бұл Рахмоновтың аралас жекпе-жекте өткізген 13 кездесуіндегі 13-жеңісі. Ол барлық жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтаған. Оливейра Рахмоновтың спорттық мансабындағы ең тәжірибелі қарсылас болып шықты. Бразилиялық спортшы аралас жекпе-жекте 10 жылдан астам уақыт өнер көрсетуде, ал бұл кездесу оның UFC-дегі бесінші жекпе-жегі. Оған қоса Оливейра бұған дейін нокаутқа түсіп көрмеген. 

Кездесу аяқталған соң Шавкат Рахмонов UFC Russia YouTube-каналына сұхбат беріп, жеңістен кейінгі өз әсерімен бөлісті. Сондай-ақ ол Конор МакГрегордың бұрынғы қарсыласы Дональ Серронаға үндеу тастады.

- Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын! Жанкүйерлерге де қуаныш сыйлағаныма ризамын. Қазақстанға UFC сияқты Әлемдік деңгейде еліміздің байрағын биікке көтеретін жекпе-жек шеберлері жетіспейді. Тамаша сезімдемін! - деді Рахмонов.

- Жекпе-жек қалай өтті? Бір сәтте оны сілкідің, содан кейін бразилиялық жарысты одан әрі жалғастырды. Бірақ, сен соңында өз дегеніңе жетіп, оны қылқындырдың. Мұның барлығы жоспарың ба еді? Әлде жағдайға қарай әрекет еттің бе?

- Мен оның жылдам қимылдайтынын білдім. Ол қаншалықты жылдам қимылдаса, соншалықты қарсыласқа соққы бағыттауға ашық болады. Кейде мен де соққы жіберіп аламын. Бұл сондай спорт түрі. Кез-келген сәтте соққы жіберіп алуға болады. Ол мені бірнеше рет ұстап алып, сол көзіме соққы бағыттады. Көзсіз қалсам да жекпе-жекті одан әрі жалғастыруға дайын болдым. Басты мақсатым соңына дейін күресу болатын. Қарсыласым белсенді өнер көрсеткісі келген де шығар. Бірақ олай жасай алмады. Тек оның шаршағанын күттім. Ал, соңғы сәтте Алекс басқа ештеңе жасай алмайтынын түсінгенде тейкдаунға көшті. Мен де жекпе-жек барысында қателік жібердім. Ара-қашықтықты дұрыс сақтамай, сол себепті бірнеше соққы жіберіп алдым. Барлығына рахмет! Қазақстандықтар мен үшін алаңдап жатыр.

- Жекпе-жек алдында қобалжу болды ма?

- Барлығы мен үшін алаңдап, жазып жатыр. Отбасымды жерге қаратпау үшін қатты қобалжыдым. Бізде енді осылай... Америкалықтар сияқты шаршы алаңға шығып, жекпе-жек аяқталған соң кете бермейміз. Біз жауынгерміз. Бала күнімізден осылай тәрбиелеген және қанымызда бар. Жалпы өзім шаршы алаңға соңына дейін күресу үшін шығамын. Қандай жарақат, қандай соққы болмасын соңына дейін жұдырықтасуға тырысамын.

- Қазір сенің бабың тамаша. Енді келесі жекпе-жекке кімге үндеу тастағың келеді? Мүмкін сенің кездесу өткізгің келіп жүрген спортшылар да бар шығар?

- Мен барлығына құрметпен қараймын. Қазір бразилиялық "кавбойды" жеңдім. Ал кейбіреулер мен америкалық "кавбоймен" жекпе-жекке шықты деп ойлап жүр. Қане, маған америкалық "кавбойды" беріңдерші, соққының астына алайын (Рахмонов Конар МакГрегордың бұрынғы қарсыласы Дональд Серронды нұсқап тұрған болар – авт.) Біз оның жекпе-жектерін көріп өстік. Мен онымен еш қиындықсыз күресе аламын және жанкүйерлерді бір қуантайын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу