ММА әлеміндегі жаңа апта қазақстандық жанкүйерлер үшін жарқын оқиғаларға толы болмақ. Көптен күткен жекпе-жектер қазақстандық лигаларда да, әлемдегі ең ірі UFC промоушенінде де өтеді.
26-маусымнан 27-маусымға қараған түні қазақстандық жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов (13-0) UFC-дегі екінші жекпе-жегін өткізеді. Ол UFC Fight Night 190 турнирінде бақ сынайды. Оның қарсыласы бразилиялық Мишель Празерис (26-3). Лас-Вегаста өтетін турнир Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-де басталады. Ал Рахмоновтың жекпе-жегі болжам бойынша сағат 01:20-ға жоспарланған.
39 жастағы бразилиялық аталған ұйымның ардагері және өз лигасында алғашқы кездесуін 2013-жылдың мамырында өткізген. Осы уақыт ішінде Мишель он жекпе-жегін жеңіспен аяқтаса, үшеуінде жеңіліс тапты. Сондай-ақ бразилиялықтың джиу-джитсудан қара белбеуі бар және ол мұны жекпе-жек барысында растағанды ұнатады.
Соңғы рет Мишель 2019-жылдың ақпанында октагонға шыққан болатын және төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Исмаил Наурдиевтен (20-5) жеңіліп қалды. Осыдан кейін ол ұзақ уақыт өнер көрсетпеді. Себебі екі жылдық дисквалификация болды. 2019-жылы наурызда Празерстің америкалық USADA допингке қарсы агенттігі тыйым салған анаболикалық дәрілерге тапсырған екі сынамасы оң нәтиже берді. 2021 жылы наурызда дисквалификация мерзімі аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, Рахмонов UFC дебютін өткен жылдың қазан айында өткізіп, тағы бір тәжірибелі бразилиялық - Алекс "Ковбой" Оливейраны (22-9-1-2) бірінші раундта-ақ тұншықтыру әдісімен жеңген болатын.
Сонымен қатар 25-маусым, жұма күні Алматыда Naiza Fighting Championship - NFC 31 қазақстандық лиганың шоуы ұйымдастырылмақ. Турнирдің басты жекпе-жегі жеңіл салмақтағы чемпион Фанил Рафиков (19-4) пен оның қарсыласы Ильдар Құдайбергенов (3-0) арасында өтеді. Бұдан бөлек турнирге тағы 11 қазақстандық жекпе-жек шеберінің қатысатыны белгілі болды. Олардың арасында Шавкат Рахмоновтың қарындасы Сора Рахмонованың (1-0) қатысуымен өтетін кездесуге жанкүйерлер ерекше қызығушылық танытуда.
Ермұхамед Мәулен