Шегіртке емес: министрлік әнші-актерларға мол ақша береді

2105

Елбасы атындағы мемлекеттік стипендия 3 есеге дейін артады.  

Шегіртке емес: министрлік әнші-актерларға мол ақша береді

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова хабарлады. Бұл ретте "Тұңғыш Президент-Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тағайындау туралы" 2000 жылғы 3 сәуірдегі №369 Президент жарлығына өзгеріс енгізу туралы" ел Президентінің жаңа жарлығының жобасы да қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.

Мәдениет органы басшысының түсіндіруінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 9 қаңтарда мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия сомасын арттыру жөнінде тапсырма беріпті. Бұл құжат сол тапсырманы орындау мақсатында әзірленді.

Жаңа жарлыққа қол қойылғаннан кейін Елбасының мәдениет саласындағы жыл сайынғы мемлекеттік стипендиясы 55 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Стипендия бірден 75 адамға тағайындалады. Мәдениет саласының осынша қызметкері енді ай сайын 152 мың 790 теңге төлем алып отырады.

"Айта кету керек, стипендия екі тараптан демеу көріп, өсіп жатыр. Біріншіден, егер жарлық күшіне енсе, оның көлемі 55 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Ал бұрын Елбасы кезінде 75 адамға тек 20 АЕК көлемінде ғана берілетін. Екіншіден, елімізде АЕК мөлшері де біршама өсіріліп отыр: егер 2019 жылы ол 2 525 теңге ғана болса, биыл екі рет көбейтіліп, 2 мың 651 теңгеден 1 сәуірде 2 мың 778 теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде, бұрын 50 мың теңгедей ғана стипендия сомасы енді 153 мыңға дейін, яғни бұрынғыдан бірден үш есеге жоғарылағалы тұр", – дейді отандық қаржыгер Владимир Хлопков.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың түсіндіруінше, биылғы 2 сәуірде стипендияны арттыруды Республикалық бюджет комиссиясы да мақұлдапты.

Үкімет мәліметінше, "Тұңғыш Президент–Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясына" 2020 жылы 137 миллион 511 мың теңге сомасында қаражат көзделіп отыр.

"Мемлекеттік стипендия сомасын арттыру – мәдениет пен өнер саласының жетекші қайраткерлерін және жас таланттарды ынталандыруды одан әрі күшейтуге арналған қаржылай қолдау болып табылады. Олар еліміздің мәдениетін жасауға, сақтауға және дамытуға, оны отандық  және әлемдік аренада танымал етуге және ілгерілетуге үлес қосуда. Жарлық жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды", – дейді құжатқа түсіндірме жазбада Премьер-Министр Асқар Мамин.

Кейінгі кезде қоғам арасында мәдениет және өнер өкілдерін, соның ішінде әсіресе, әншілерді ұнатпаушылық белең алды. Қазақстандық кәсіпкер Ахметбек Нұрсила алаяқтардың қолшоқпарына айналған Ернар Айдар, Айқын Төлепберген және басқасын сынай отырып, әншілер мен актерларды шегірткеге теңеді. Жұртшылық мемлекеттен және көрерменнен қыруар табыс табатын әнші-актерлардың пандемия кезінде әбден қиналған бұқараға еш көмек бермегеніне наразы.

Дегенмен, сала министрлігі мәдениет және өнер қайраткерлеріне құрмет-қошемет тек арта беретінін аңғартып отыр. Стипендия өнер жолын жаңа ғана бастаған жастарға да ұсынылады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу