Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты.
"Елімізде 65 ауданда 1,7 млн халқы тұратын барлығы 1283 шекара маңындағы ауыл бар. "Ауыл – ел бесігі" жобасын іске асыру шеңберінде 2023 жылға 140 шекара маңындағы ауылда 290 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында шекара маңындағы аумақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлінді", – деді Қуантыров.
Мәселен, Тұжырымдама шеңберінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу және жөндеу, отандық телеарналардың цифрлық эфирлік теле және радио хабар таратуын қамтамасыз ету, еңбек тапшылығы бар шекара маңы ауылдық округтеріндегі тұрғындардың жалақысына үстемеақы қосу және оларға басқа да жеңілдіктер беру мүмкіндігі көзделген.
"Бұдан басқа, өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту көзделген.
Шекара маңындағы өңірлерді қоса алғанда, бүкіл ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған құралдардың бірі "Ауыл аманаты" жобасын іске асыру болады. Ол үшін әрбір ауылдық округтің мамандығын айқындай отырып, скрининг жүргізу, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техникамен және жабдықпен лизингке қамтамасыз ету шаралары іске асырылатын болады.
Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын мазмұнды әрі жедел пысықтайды", – деді Әлібек Қуантыров.