Шекара маңындағы елдерде Қазақстан медицинасының күндері өткізіледі

3271

Қауіпті ауруға шалдыққан Тәжікстан азаматына Астанада ота жасалды.

Шекара маңындағы елдерде Қазақстан медицинасының күндері өткізіледі

Еліміздің медициналық туризмін насихаттау үшін денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы туристік операторларға Астананың жетекші клиникаларының қызметін таныстырды.

Шара шеңберінде туристік операторлар мен журналистер және блогерлер ұлттық кардиохирургия, ұлттық нейрохирургия орталықтарына, ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына, "Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық орталығының" ауруханасына, ұлттық ғылыми медициналық орталыққа, сондай-ақ "Үміт" томотерапия және ядролық медицина орталықтарына барды. Мамандар клиникалық бағыттар бойынша инновациялық медициналық қызмет түрлерін егжей-тегжей баяндап, "Carto" аппаратының жұмысын көрсетті.  

"Жыл өткен сайын бізге келетін шетелдік пациенттердің саны көбейіп келеді. Біз нейрохирургия, неврология саласында, яғни орталық жүйке жүйесі, бас, ми, омыртқа, жұлын аурулары бар науқастарға көмек көрсетеміз. Ота жасаймыз, дəрі-дəрмек пен физиотерапиямен емдейміз. Бізге негізінен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші елдердің азаматтары жиі келеді", – деді туристік турға қатысқандарға жоғары санатты нейрохирург дəрігер Нұрман Чабдаров.

Оның сөзінше, соңғы жылдары нейрохирургия орталығына 300-ден астам шетелдік науқас келген.

"Бүгін ғана Тәжікстаннан келіп ем алған əйел адам еліне аттанды. Ми ісігі деген қауіпті ауруға шалдыққан науқасқа 6 күн бұрын ота жасалды", – деп нақтылады дәрігер.

Іс барысында "КITO" туристік компаниясының директоры Жазира Жанкина Қазақстандағы медициналық қызмет Оңтүстік Корея, Еуропа елдерімен салыстырғанда 4-5 есе арзан екенін айтты.

"Осыған орай көршілес елдер біздің медицинаны таңдайды", – деді Жазира Жанкина.

Туристік тур қорытындысында медициналық орталықтар мен туроператорлар  алдағы уақытта ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға уағдаласты.

Айта кетейік, Қазақстанның медициналық мүмкіндіктері туралы ақпаратқа қол жеткізу үшін елімізде www.medicaltourism.kz бірыңғай онлайн порталын қарауға болады.Сондай-ақ медициналық туризмнің Call-орталығы арқылы 1430 нөмірі бойынша тəулік бойы ақпарат және кеңес ала алады.

Айтпақшы, биыл шекара маңындағы елдерде Қазақстан медицинасының күндері өткізіледі. Онда отандық медицина жайлы ақпарат таратылады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу