Шектен шыққан шенеуніктер

Әдеп жөніндегі уәкілдің өзі талапты сақтамай отырғанда басқаларға не айтамыз?

Шектен шыққан шенеуніктер

Қызылордада "мемлекеттік қызметші" деген атқа кір келтіріп, тәртіп бұзып жүрген шенеуніктер жауапкершілікке тартылды.

Әсіресе ішімдік ішіп алып, көлік тізгіндеп жүргендер мен жылдамдықты шамадан тыс асырғандар құрыққа ілінген. Бұл жайында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Рафхат Бисенов мәлімдеді.

"Мемлекеттік қызметшілер көлік жылдамдығын шектен тыс асырғаны үшін бірнеше рет айыппұл арқалаған. Олардың қатарында жергілікті білім, мәдениет, денсаулық сақтау басқармаларының мамандары бар. Бір күнде алты мәрте тәртіп бұзғандар да, екі апта бойы оқшаулау орнында болғандар да кездесті", - дейді кеңес төрағасы Р.Бисенов. 

Былтыр облыс бойынша мемлекеттік қызметке кір келтіріп, тәртіптік жазаға тартылған 18 мемлекеттік қызметшінің 5-еуі – Жалағаш ауданының, ал 7-еуі Жаңақорған ауданының лауазымды тұлғалары болған.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері аудан әкімдеріне мемлекеттік қызмет заңнамалары мен мемлекеттік қызметшінің кодексін сақтау бағытындағы
жұмыстарды жандандырып, әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысын ширатуды тапсырды.

Осыған орай Жалағаш, Жаңақорған аудандарының әкімдері тиісті заңнама талаптарының сақталуы жөнінде айтып берді. Мәселен, Жалағашта екі жылда 82 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Былтырдың өзінде мемқызметшілерге 21 ескерту, 5 сөгіс, 1 қатаң сөгіс беріліп, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы 5 ескерту жасалған. Ал Жаңақорғанда өткен жылы 42 мемлекеттік қызметші тәртіптік жаза арқаласа, соның 25-і – басшылық лауазымдағылар. Қандөз ауылдық округінің әкімі карантин режимін бұзған.

Департамент басшысы аудандық әдеп жөніндегі уәкілдің өзі өрескел қылық  көрсетіп жүргенін де айтып берді.

"Мысалы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы қоғамдық орындарда ішімдік ішсе, ветеринария басқармасының бас маманы аң аулау ережесін сақтамаған. Facebook әлеуметтік желісін қолданушылардың бірі 2020 жылдың 2 желтоқсан күні "Карантин шектеулері мен айыппұлдары тек қарапайым халыққа арналған ба?" деген жазба қалдырған. Оны зерттеу кезінде Қармақшы ауданының әдеп жөніндегі уәкілі карантин кезінде тойда жүргені анықталды. "Әдеп жөніндегі уәкілдің өзі талапты сақтамай отырғанда басқаларға не айтамыз?", – деді ол.

Ал Қармақшы, Шиелі аудандары әкімінің орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартайын десе, олар жергілікті мәслихаттарға депутат болып кеткен, осыған байланысты істі қысқартуға тура келген. "Өкінішке қарай, ол кісілерден түсініктеме де ала алмадық", – деді Р.Бисенов.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу