Шектеулер сауда орталықтарына шегінерге жер қалдырмады

12028

"Бұл шешім – бизнесті алалау". 

Шектеулер сауда орталықтарына шегінерге жер қалдырмады Фото: Мария Матвиенко

Карантиндік шектеулер бәсеңдетіліп, бизнес бұғаттан шыққанымен, сауда-ойын-сауық орталықтары сенбі мен жексенбіде жабық тұруы керек. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бұл шешімі ірі сауда орталықтарының көңілінен шықпай отыр. Негізгі табысы аптаның демалыс күндерінде түсетін ірі орталықтар үшін бұл буынсыз жерден пышақ ұрғандай шешім болған сыңайлы. Біз тілдескен бизнес өкілдерінің бәрі бірауыздан осындай пікір білдірді.

"Карантиннің кесірінен көптеген дүкен жабылып жатыр. Сатушылар қысқы маусымның тауарларын сатып үлгермеген еді. Табыс болмаған соң, көктем-жаз коллекциясын сатып алу мүмкін болмады. Енді келер қыстың тауарын алу керек. Оған ақша болмаған соң, былтырдан қалған тауарды сатып күнелтуге мәжбүрміз", – дейді "Керуен", "Talan Gallery", "BAIZAAR", "KeruenCity" сауда орталықтарының бас директоры Галина Зкрияева.

Оның айтуынша, пандемия кесірінен сауда орталықтарының табысы 3-4 есе азайған.

"Былтыр "Керуен" сауда орталығына күніне 25-30 мың адам келсе, қазір 6-11 мың адамның арасында. 17 тамызда карантин жеңілдетілді ғой. Сол күні "Керуенге" бар-жоғы 11,7 мың адам, 18 тамызда 11,3 мың адам келді. Ал "KeruenCity" сауда орталығына пандемияға дейін күніне 15 мың адам келіп тұрса, қазір 8200-8300 адам ғана. Басқа сауда орталықтарында да жағдай осыған ұқсас",  дейді ол. 

Қанша жерден бәсекелес болса да, қиын-қыстау кезеңде сауда-ойын-сауық орталықтарының өкілдері одақ құрыпты. Одақ атынан Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке де шығыпты. Бірақ әзірге ол кездесулерден ешқандай нәтиже болмаған.

Пандемияға байланысты төтенше жағдай режимі жарияланғанда "MEGA" желісінің басшылығы дүңгіршек иелерінен жұмыс тоқтап тұрған кезеңде аренда ақысын алмайтынын мәлімдеген болатын. Шектеулер созылып кеткендіктен, бұл көмек те кәсіпкерлерді қиындықтан құтқара алмағанға ұқсайды.

"MEGA желісінде 650 кәсіпкер сауда жүргізіп отыр. Өкінішке қарай, біздегі 3 орталықтан 21 компания кетіп қалды. Сауда дүңгіршектерінің иелері ШОБ өкілдері ғой. Тауар сатып алу үшін пәтерін кепілге қойғандар бар. Олардың жағдайы тіпті қиын. Бізге жағдайын айтып жүгінетін жалға алушылардың саны азаятын түрі жоқ. Шамамыз келгенше жеңілдіктер жасауға тырысамыз", – дейді  "Astana Group" Президенті Нұрлан Смағұлов. 

Ол, сондай-ақ, демалыс күндері ірі сауда кешендерінің жабық болуы ірі бизнестен гөрі шағын және орта бизнеске ауыр тиетінін айтады.

Сауда-ойын-сауық орталықтарының өкілдері бәрінен бұрын демалыс күндері базарлардың жұмысын шектемей, тек жабық кешендерді назарға алғанына наразы. Олар бас санитардың бұл шешімін бизнесті алалау деп бағалап отыр.

"Біржақты шешімге көңіліміз толып отырған жоқ. Бізбен ақылдасқан ешкім болмады. Сауда үйлері мен кинотеатрларды, мейрамханаларды аяқтан тұрғызу үшін бірнеше ай керек. Жұмысшылар тарап кеткендіктен, қайтадан маман дайындауға тура келеді. Логистика да үзіліп қалды. Бәрін жаңадан бастау керек",  дейді "ПСП Серік" ЖШС директоры Серік Мерғалиев.

Ол да карантин кезінде дүңгіршек иелерін аренда төлемінен босатқан екен. Бұл жолы ондай кеңшілік жасауға мүмкіндігі жоқ көрінеді.

"Осылай кете берсе, жабық кешендерде сауда жүргізіп келген кәсіпкерлер базарға ойысуы мүмкін. Ал базардың таза табысын ешкім дәл есептей алмайды. Яғни салықтан жалтару сөзсіз болады. Көлеңкелі ақша айналымы мен контрабанда қайта гүлденуі мүмкін. Сондықтан бұл жолғы шешім маған тоқсаныншы жылдардағы сауда жүйесін оралту үшін жасалғандай көрінеді",  дейді кәсіпкер.

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу