Шенділердің жауапсыздығы тұрғын үй саласында дүрбелең туғызды

4213

МИБ төрағалары, құқық қорғаушылар халықты мазақ етуді, мазасыз етуді тоқтатуды талап етіп, Президентке ашық хат жолдады. 

Шенділердің жауапсыздығы тұрғын үй саласында дүрбелең туғызды

Жалпы ашық хатқа қол қойғандардың тізімін толық жариялаудың өзі бір бетті алар еді. Сондықтан тек арыз иелері арасында "Қоғамдық қорғаушы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Талғат Мұхаметқалиев, Маңғыстау облысының Басқарушы сервистік компаниялары мен мүлік иелері бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Қайырғалы Қалмұқанов, сондай-ақ Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстарының, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Қостанай, Семей қалаларының Мүлік иелері бірлестіктері қауымдастықтарының, МИБ-тердің төрағалары, "Кондоминиум қатысушыларын қолдау орталығының" өкілдері, дара кәсіпкерлер және басқасы барын атап өтуге болады. Олар пәтер иелері кооперативтерінің жұмыс істеу мерзімін ұзартуды заңсыз санайды.

2020 жылғы 7 қаңтарда күшіне енген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңында тұрғын үйді басқарудың тек 2 нысаны ғана қалатыны қарастырылған еді. Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және жай серіктестік (ЖС).

Заңға сәйкес, Қазақстанда ПИК, ПИТК және ТК сияқты үйлерді басқаратын барлық кооперативтер өз қызметін 2022 жылғы 1 шілдеге дейін ғана жүзеге асыра алатын. Содан кейін ПИК-тер акт бойынша көп қабатты тұрғын үйдің Кеңесіне қолында бар барлық техникалық, қаржылық, өзге құжаттарды беруге және ел заңнамасында айқындалған тәртіппен тарауға тиіс еді.

Бұл міндет орындалмады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы (Казцентр ЖКХ) дерегінше, қазіргі кезде республика бойынша 37 525 ЖС және небәрі 3 975 МИБ құрылған.

Осыған орай Мәжіліс депутаты Альберт Рау бұл реформаны бір жыл кейінге шегеруді ұсынды. Үкімет бұл ұсынысқа келісті. Парламентшілер биылғы маусымда шұғыл түрде заңнамаға түзетуді дайындады. Ол өзгеріс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару, мемлекеттік шекара, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деген ұзын-сонар атауы бар заң-жобасына енгізіле салынды.

16 маусымдағы жалпы отырысында Сенат депутаттары осы түзетуді құптады. Заң жобасына ел Президенті қол қойды. Нәтижесінде, әлгі жаңа заң 2022 жылғы 30 маусымда өмірге жолдама алды.  

Заңда: "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы заңына: 2-баптың 3 және 5-тармақтарындағы "2022 жылғы 1 шілдеге дейін" деген сөздер "2023 жылғы 1 шілдеге дейін" деген сөздермен ауыстырылсын", – деген бір ғана сөйлем бар. Осы сөйлем сала тағдырын шешті.

Сенатор Ерік Сұлтановтың мәліметінше, көп қабатты үйлерді кондоминиум объектілерін басқарудың жаңа формаларына көшірудің мерзімін келесі жылғы 1 шілдеге дейін ұзартатын түзетуді Мәжіліс емес, Сенат депутаттары енгізіпті. 

Ашық хатта арыз иелері Мемлекет басшысына ПИК-тердің қызметін тағы бір жылға ұзартуға қарсы екендерін айтып, төл дәйектемелерін келтірді. Бұл өзгеріс тұрғын үй қатынастары саласында дүрбелең туғызған көрінеді. Бұрын әкімдіктер бекіткен МИБ/ЖС-ке көшу кестелері бұзылды. Жаңасын әкімқаралар қабылдамады. Саладағы жаңа бастамалар доғарылды.

"Соған қарамастан, аталған реформаны жақтаушылар мен оған қарсылар арасында шиеленіс қызуы күн өткен сайын өршіп барады. Бұл онсыз да экономикалық дағдарыстан абдыраған тұрғындарды тіпті әбіржітті, шатастырды. Олар ескі КСК жүйесінде де тұрғын үй проблемаларының байыбына бара бермейтін. Осыны пайдаланып, реформаға наразылар ПИК-термен бірге кәсіби мамандар кетіп қалады, жолға қойылған сервистік қызмет көрсету инфрақұрылымы бұзылады, ал жаңа МИБ-тер тек тұрғындарды бір-біріне айдап салып, жауластырады деп қорқытуда. Шынында, бәрі керісінше, МИБ жүйесін енгізу мерзімін созу адамдардың белсенділігін жояды, ал ПИК басқарушылары 1 жылдан кейін бәрібір кететінін білгендіктен, осы уақыт бойы тұрғындардан жиналған қаражатты үйді жөндеуге, күтіп ұстауға бағыттамайды", – делінген ашық хатта.

Шағымданушылар жергілікті әкімдіктердің 2,5 жыл ішінде бұл реформаны жүзеге асыра алмағанын алға тарта келе, енді 1 жылда одан нақты нәтиже шығара алатынына сенбейді. Олай болса, 2023 жылы осы тұрғын үй реформасының мерзімін билік тағы ұзартуы немесе одан түпкілікті бас тартуы мүмкін. 

Жалпы бұл қадам шенеуніктердің ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге жаман үйренгенін, заң яки бағдарлама орындалмаса не оның мерзімін ұзарта немесе жаңасын қабылдай салатынын паш етті. 

Президентке бағытталған ашық хатта оған қол қоюшылар осы арқылы Үкімет пен әкімдер заң талаптарын орындамаудың, оны сырғыта салудың жаман прецедентін жасап отырғанына назар аударды.

"Мұндай шешімдер мәселенің саясиландырылуына, халық арасында әлеуметтік кернеудің туындауына, сондай-ақ өзі қабылдаған заңды өзі орындата алмайтын билікке деген қоғамдық сенімнің сетінеуіне соқтырады. Президент мырза, Сіз өз жолдауыңызда: "Үкімет пен әкімдер осындай маңызды реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Себебі мұндай бірлестік – өзін-өзі ұйымдастыру және басқару институтының бастау негізі" деген жоқсыз ба? Онда неге тапсырмаңызды, жарлықтарыңызды орындамай, жарға жыққан жауапты шенеуніктердің ешқайсысы жазаланбады? Белгілі депутаттың мыңдаған тұрғын үйлердегі меншік иелері басшылыққа алып келген заң талабын әп-сәтте жоя салу туралы бастама көтеруге заңды және моральдық құқы бар ма?", – деп қапаланады ашық хат иелері.

Олардың дерегінше, бірқатар аудан-қалалар 100% МИБ пен ЖС-ке көшіп болыпты. Оларда ПИК-тер қайта құрылса, оған енді жаңа заң кедергі болмайды екен. Шағымданушылардың байламынша, уақытты созу арқылы билік алақол, арамза ПИК төрағаларына тұрғындардың, яғни халықтың қаражатын ұрлау, талан-тараж ету мүмкіндігінің мерзімін ұзартты. Олар заң солқылдақ болған соң ПИК-тер әлі күнге жаңа құрылған МИБ пен ЖС-ларға үйге қатысты қаржылық, техникалық құжаттарды өз еркімен табыстамай жатқанын хабарлады. Жаңа заң оларға істі әрі қарай созбалаңға салуына жол ашты.

Сондықтан ашық хат авторлары осы кезеңде меншік иелеріне ПИК-тер келтірген шығынды Үкімет мүшелері, әкімдер және Парламент депутаттарының жалақысынан өтеуді ұсынды.

Жалпы ашық хатты ащы запыранға ұқсатуға болады. Заң қабылданды. Қылар қайраны жоқ.

"Қоғамдық қорғаушы" атқарушы директоры Т.Мұхаметқалиевтің түсіндіруінше, мерзімді бір жылға ұзарту құрылыс компанияларына жақсы болды. Олар жаңа қоныстанған тұрғындарға одан әрі МИБ құруға кедергі жасап, жасанды құрылымдары арқылы миллиондаған қаражат жинайды. Сонымен бірге меншік иелерінің келісімінсіз, шешімінсіз жертөле, тұрғын үйлік емес орын-жайларды, паркингтерді заңсыз сатуын жалғастырады.

Әрине, МИБ-терге қатысты да түйткіл көп, әрі шиеленісуде. Дегенмен ПИК/КСК жүйесі тым ескіріп қалғаны жасырын емес. Сорақысы сол, тұрғындар кооператив төрағасына көп ықпал ете алмайды. Мысалы, Алматыдағы Розыбакиев көшесіндегі биік тұрғын үйдің тұрғындары қазір ұлардай шулап, әкімдіктің және жауапты құрылымдардың табалдырығын тоздырып жүр. Олар "Добрые соседи" ПИК-інің қаржылық қызметіне тексеру жүргізеді сұрайды.

"ПИК-імізге қаржы көп түседі. Бірақ оның төрағасы қаржының түсімі және шығындалуы туралы есеп бермейді. Жиналыстар өткізбейді. Тұрғындар, жылжымайтын мүлікті жалға алушылар төлемдері сыртында жарнамадан да біраз қаражат табады. Ондай келісімдерге тұрғындардың келімісінсіз, өзі қол қояды. Үй қабырғасында ілініп тұрған бір ғана билбордтан айына 350 мың теңге жинайтыны анықталды. Оны жеке басына жұмсай ма, қайда шығындайды, одан бейхабармыз. Лифттер апатты жағдайға жете бастады. Подъездер жуылмайды. Жертөлені тышқандар, атжалмандар жайлап алған. Аула антисанитария жағдайына жетті. ПИК төрағасы өзін президенттей сезінеді, алдына адам жолай алмайды", – дейді тұрғынның бірі Ольга.

Ұқсас шағым өте көп. Оның бір парасы МИБ-ке қатысты болып келеді. Демек, Қазақстанда ең жоғарғы деңгейде жарияланған, биік мінберлерден және ақпарат құралдарынан әбден жарнамаланған, ақырында жарға жығылған тағы бір реформаның құлағы қылтиғанға ұқсайды. Ол халық наразылығын одан сайын өршітпесе болғаны. Мерзімді бір жылға әрі ысыру мәселенің шешілуіне әкелуі неғайбыл.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу