Кеше ғана билік тарапынан елеусіз қалған наразылық білдірушілер бүгін Үкіметті бірқатар талаптарын қайта қарауға мәжбүр етіп, өздері үшін маңызды нәтижеге қол жеткізді.
Кеше Үндістанның білім министрі Дхармендра Прадхан қызметінен кететінін ресми мәлімдеді: "Соңғы он күндегі оқиғаларды жүрегім сыздай бақыладым. Мен үшін бұл жеке беделдің мәселесі емес, елдің мүддесі үшін орнымды босатуға дайынмын", – деп жазды Прадхан 25 шілдеде X әлеужелісінде.
Нарендра Моди Үкіметі соңғы 12 жылда қабылданған шешімдерін сирек өзгертетін билік ретінде бағаланып келеді. Соңғы жылдары Үкімет тек 2021 жылы аграршылардың ұзаққа созылған наразылығынан кейін ауыл шаруашылығы реформасына қатысты заңдардың күшін жойған болатын. Бұл жолы студенттер мен жастардың 10 күнге созылған наразылығы нәтижесінде Білім министрі қызметінен кетіп, билік шерушілердің бірқатар талаптарын орындауға келісті.
Бұл теңдессіз қоғамдық "жарылысқа" сот билігінің биігінен айтылған тәкаппар сөз түрткі-триггер болды. 15 мамырда Үндістанның Жоғарғы сотының төрағасы Сурья Кант жалған дипломдардың жаппай сатылуы туралы іске қатысты пікір білдіре келе, журналистикамен айналысатын немесе қоғамдық белсенділікке әуес жұмыссыз жастарды "тарақандар" және "паразиттер" деп атады.
Миллиондаған жас білімді әлеуметтік тұрғыдан алға жылжудың басты мүмкіндігі деп санайтын Үндістанда мұндай мәлімдеме қоғамның өткір реакциясын туғызды. Кейінірек судья өз сөзін нақтылап, "тарақан" деген теңеуді тек жалған диплом алғандарға қатысты қолданғанын айтты. Алайда бұл түсініктеме наразылықтың қарқынына әсер ете қойған жоқ.
Политтехнолог Абхиджит Дипке берілген мүмкіндікті әп-сәтте іліп әкетті: келесі күні-ақ, 16 мамырда ол желіде сатиралық онлайн-науқанды бастап, бейресми "Тарақандардың халықтық партиясының" (Cockroach Janta Party, CJP) негізін қалады. Қозғалыс лезде жүздеген мың жақтастар мен миллиондаған жазылушы жинады.
Осылайша, қорлау ретінде таңылған сөз тығырықтан шаршаған буынның ұранына айналып шыға келді. Қоғамдық наразылығы бұрыннан қордаланып жатқан еді. Үнділік жастар шектен шыққан жұмыссыздықтан, өрісі тарыла түскен экономикалық мүмкіндіктерден және бүкіл білім беру жүйесінің дағдарысынан азап шегіп, әбден ыза болған еді.
Жастар толқуына жаңа жанжал серпін берді. Ол миллиондаған отбасының тағдыры таразыға түскен жоғары оқу орындарына түсудің ұлттық емтиханымен (NEET-UG немесе National Eligibility Cum Entrance Test) байланысты болды.
Мамыр айының басында тест тапсырмаларының интернетке жаппай тарап кетуіне байланысты алғашқы емтихан нәтижелері жойылды. Бұл миллиондаған ұл-қыздың үмітіне балта шапты. Елді трагедиялық толқын жапты. Үміті үзілген 20-дан астам студент өз-өзіне қол салды.
Қайта тапсыру емтиханы қарсаңында билік Telegram мессенджерін толық бұғаттау туралы шешім қабылдап, жағдайды шегіне жеткізе ушықтырды. Сарапшылар жазғандай, байланысты тұншықтыру арқылы проблеманы шешу мүмкін емес. Өйткені, олардың пікірінше, жанжалға технологиялар емес, тест нәтижелерін мафияға алдын ала сатқан білім министрлігінің жемқорлары кінәлі.
Осы кезде CJP онлайн-партиясы халықты офлайн режимге шығуға шақырды, деп жазды "Би-би-си". Реформаторлық қозғалыстың ардагері Сонам Вангчуктің осы қозғалысқа қосылуы да оған орасан зор импульс беріп, бүкіл елдің назарын аудартты. Оның үш апталық аштық жариялауы Махатма Гандидің "Мемлекетшілдіктің Ұлы Рухын" қайта тірілтіп, бейбіт қарсылықтың қасиетті күшін аға ұрпақтың есіне салды.
Нәтижесінде, Нью-Дели көшелері "қайнай" бастады. CJP қозғалысы виртуалды кеңістіктен тез арада асфальтқа ойысып, Нью-Дели орталығындағы көне Джантар-Мантар обсерваториясының маңын "жаулады". CJP Үкіметке табанды шарттарын қойды: "білім министрі Прадхан отставкаға кетсін", "қаза тапқан студенттердің отбасыларына 10 млн рупийден (шамамен 100 мың доллардан) өтемақы төленсін", "емтихан жүйесі терең реформалансын", "жүйелі жұмыссыздықпен күресте түбегейлі өзгерістер жасалсын".
Шерулердің ауқымы мен географиясы күн санап өсіп, барлық жастағы үнділіктерді шарпыды. "Бұл бас көтерулердің ерекшелігі сол, олар қоғамның әлдеқайда кең қабаттарын қамтыды. Анна Хазаренің 2011 жылғы "Үндістан сыбайлас жемқорлыққа қарсы" (IAC) қозғалысы сияқты, CJP де орта тапты көшеге жаппай алып шыға алды", – деп түсіндірді Браун университетінің сарапшысы Ямини Айяр.
Шілденің үшінші онкүндігінде наразылықтар күшейе түсті. 20 шілдеде CJP қозғалысының ондаған мың жақтастары Үндістан Парламенті ғимаратына қарай шеруге шықты, деп хабарлады Deutsche Welle. Билік наразылықты тоқтатуға әрекет етті. Полиция шерушілерге қарсы арнайы құралдар, оның ішінде көзден жас ағызатын газ қолданды. Сонымен қатар мобильді интернет уақытша бұғатталды.
Ел астанасының орталығында жағдай шиеленісіп, метроның 16 станциясы уақытша жұмысын тоқтатты. Көшедегі қақтығыстар салдарынан 200-ге жуық адам зардап шекті. Полицияның дерегіне сәйкес, жараланғандардың қатарында 60 шеруші және 118 күш құрылымының қызметкері бар.
"Бұл біздің балаларымызға жасалған шабуыл! Мен бозбалалардың да, бойжеткердердің де полициядан қатты таяқ жеп, қансырап жатқанын көрдім. Олар мұны ешқашан ұмытпайды", – деп көзіне жас ала еске түсірді Бихардан келген мұғалім Васундара Сингх.
Көшедегі қақтығыстар наразылықтың одан әрі кеңеюіне ықпал етті. 21 шілдеде шерушілерге парламенттік оппозиция өкілдері қолдау білдірді. Рахул Ганди мен "Үндістан ұлттық конгресінің" басқа да жетекшілері Нарендра Модидің резиденциясына қарай шеру ұйымдастырды. Полиция оларды ұстағанымен, кейін босатты.
Сонымен қатар наразылық акциялары елдің басқа өңірлеріне де тарады. Патна, Хайдарабад, Мумбай және өзге де ірі қалаларда шерулер өтіп, бірқатар жерде құқық қорғау органдарымен қақтығыстар тіркелді. Бихар штатында BJP ұйымдастырған марш кезінде жанжал болды. Жүздеген студент штат парламентінің ғимаратына кірді, соның салдарынан депутаттар қауіпсіздік мақсатында ғимарат ішінде қалды. Виджаявада мен Джамму қалаларында баррикадалар орнатылып, шерушілер мен күш құрылымдары арасында қақтығыстар орын алды.
Шенеуніктер реакциясы
Бастапқы кезеңде Үкімет қауіпсіздік шараларын күшейтумен қатар, жағдайды саяси жолмен реттеуге де әрекет жасады. Аштық жариялаған қоғам белсендісі Сонам Вангчук ауруханаға жеткізілді. Полиция көшелерде шатыр тігіп, ұзақ уақыт бойы наразылық білдірген шерушілерді таратпақ болды.
Сонымен бір мезгілде қоғамды ымыраға шақырды: Премьер-министр Нарендра Моди телеарналар арқылы халыққа үндеуінде емтихан нәтижелерінің сыртқа ағып кетуіне қатысты қылмыстық істер қозғап, оны қарау үшін жеделдетілген соттар құруды ұсынды. "Жастар – біздің болашағымыз! Біз үшін жастардың амандығы мен бақытынан маңызды ештеңе жоқ!", – деп мәлімдеді Үндістан көшбасшысы.
Дегенмен, мұндай үндеулерді жастар қабылдамады. Наразылық білдірушілер нақты талаптарының орындалуына табандады.
"Моди өзіне қолайлы шешім ұсынғаннан гөрі, ел мүддесіне сай шешім іздеп, соған үлгі көрсетуі керек", – деп шорт кесті заңгер-студент Дакш Бхаргава "Еуроньюске" сұхбатында.
Билік болса, қоғамның талаптарына қарамастан, Білім министрінің отставкасы мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеуді жалғастырды. Сәрсенбі, 22 шілдеде Үкіметтің ресми өкілі PTI агенттігіне сұхбатында: "Білім министрінің отставкасы туралы сөз де болуы мүмкін емес! Бұл мәселе мүлдем күн тәртібінде жоқ. Министрді тест нәтижелерінің сыртқа ағып кетуіне айыптауға болмайды", – деп мәлімдеді. Прадханның өзі де орнында қалатынын нықтап, оппозицияны "студенттерді пайдаланып отыр" деп айыптаумен шектелді.
Бірақ көшедегі қысымның ауқымы шегіне жеткенде Үкімет жағдайды күшпен ұстап тұру мүмкін еместігін ұқты.
"Бұл – Үндістанның ұзақ күресі": көше жеңісі – тек бастамасы ма?
CJP өкілі Ашутош Ранканың Үкіметпен түнгі, сондай-ақ сенбілік таңдағы келіссөздерінің нәтижесі Министрлер кабинетінің толық капитуляциясымен аяқталды. Білім министрі Прадхан отставкаға кетті, ал, "тарақандар партиясы" өзінің барлық талаптарының орындалғанын және наразылық акцияларын тоқтататынын хабарлады.
"Үкімет шерушілердің негізгі талаптарын орындады. Біз баршаңызды наразылық орындарынан бейбіт түрде тастап кетуге шақырамыз!", – деді Нью-Делидегі мерекелік брифингте "тарақандардың" жетекшісі.
Бір аптадан астам уақыт бойы наразылықтың орталығына айналған Джантар-Мантар алаңы шаттыққа бөленді: ондағы шатырлы лагерлерде апталап өмір сүрген мыңдаған жас оқиғаның тарихи ауқымын түсініп, бір-бірін құшақтап, құттықтап, жылап, байрақтарды биікке желбіретті.
Саясаттанушылар болған оқиғаны заманауи Үндістан тарихындағы бетбұрысты сәт деп атап та үлгерді. Браун университетінің аға ғылыми қызметкері Ямини Айярдың пікірінше, "бұл наразылықтар орта таптағы билік институттарына деген терең сенімсіздік дағдарысын әшкереледі".
Үнділік саяси сарапшы Радика Рамасешан білім берудегі сәтсіздік ауылдық аймақтар үшін де саяси мәселеге айналғанына, себебі, қазіргі жастар өз болашағын дәстүрлі фермерлікпен байланыстырмайтынына назар аудартты.
Саяси шолушы Джа Апурвананд полицияның қаталдығын көрген жастар мұнымен тоқтап қалмайтынын, алған әсерін енді өз ауылдарында таратып, болашақ қозғалыстар үшін наразы электорат қалыптастыратынын болжады.
"Тарақандар" қозғалысы мүмкін еместі ақиқатқа айналдырды: интернет-сатираны тәртіпке бағынған көше қозғалысына дейін жеткізді, билікті елдің, жас ұрпақтың пікірімен санасуға мәжбүр етті және зумерлердің мәселелерін жалпыұлттық күн тәртібіне шығарды.
Делидегі шатырлы лагерь жиналды, ірі мегаполистердегі орталық көшелер қоқыстан, баррикадалардан тазартылды. Бірақ оппозицияда да, Нью-Делидегі Raisina Hill үкіметтік кешеніндегі шенеуніктерде де наразылықтың осымен аяқталғанына деген сенім жоқ.
"Ел болашағы үшін басты шайқастар әлі алда. Бұл – ұзақ күрес. Өте созылмалы текетірестен өтуге тура келеді. Өйткені бүкіл жүйені өзгерту керек. Ал, оның ішіндегі кесірлі байланыстар өте терең тамыр жайған", – деді CJP баспасөз қызметінің басшысы Саурав Дас.