Шенеуніктер шұғыл шешім қабылдап, жауапкершілік арқалаудан қорқады – Олжас Құдайбергенов

4341

Пандемия кезіндегі бюрократиялық кедергілер елге зиян келтірді. 

Шенеуніктер шұғыл шешім қабылдап, жауапкершілік арқалаудан қорқады  – Олжас Құдайбергенов

Наурыз, сәуір айларында карантин талабы қатаң болды. Салдарынан ел экономикасы ауыр соққы алды. Шектеу шаралары мұнай секторын да тұралатып тастады. Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергенов Қазақстан, Ресей сарапшылары қатысқан онлайн дөңгелек үстелде осылай деді. 

Мұнай компанияларының басым бөлігі инвестициялық жоспарын қайта қарағанын, салдарынан мұнай сервис саласындағы 180 мыңға жуық адам тығырыққа тірелгенін тілге тиек еткен экономист шектеу шаралары жұмыссыздықтың өршуіне түрткі болғанын айтты. 

"Бөлшек сауда, қызмет көрсету, көлік секторы, ойын-сауық, туризм салалары да қиындыққа тап болды. Төтенше жағдай мен карантин алынып тасталғаннан кейін қызметтеріне кіріскен бизнес субъектілері бұрынғы табыстарына қол жеткізе алмады. Себебі осыған дейінгі шығынды толтыруға көп күш жұмсалды", – деді Олжас Құдайбергенов.

Қазіргі карантин тәртібі орташа деңгейде екенін алға тартқан сарапшы тым "жұмсақ" карантинге де жол беруге болмайтынын баяндады. 

"Қатаң карантин санитарлық-эпидемиологиялық жағынан тиімді, экономикалық тұрғыда тиімсіз болды. Сондықтан қатаң карантин шараларын қабылдай алмаймыз. Алайда карантин талабын босаңсытуға да болмайды. Дәл қазір бізге блок бекетсіз карантин тиімді", – деді Олжас Құдайбергенов.

Сарапшының сөзінше, кез келген шектеу шараcы іскерлік белсенділікті төмендетіп, экономиканың дамуын тежейді. Дегенмен барлығы шектеудің деңгейіне байланысты. 

Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, пандемия кезіндегі бюрократиялық кедергілер елге зиян келтірді.

"Ауыл шаруашылығы саласын алдағы өнім есебінен қаржыландыратын форвардттық сатып алу жүйесі жүзеге жоспардағыдай асқан жоқ. Президенттің 31- наурызда берген тапсырмасы маусым айының басында ғана орындалды. Арада екі ай өтіп кетті. Бұл кезде көктемгі дала жұмыстары жүріп жатты. Дихандарға қаржылық қолдау дәл осы уақытта қажет болды. Қаржының оларға дер кезінде жетуіне түрлі комиссия отырыстары, мақұлдау, шешім қабылдау, кепілзат талап ету, қаржы бөлу, оны аудару сияқты бюрократиялық тосқауылдар кедергі келтірді", – деді Олжас Құдайбергенов.

Оның ойынша, шенеуніктер шұғыл шешіп қабылдап, жауапкершілік арқалаудан қорқады.

"Әр шенеунікке жоғарыдан қағаз қажет. Президент айтты деген. Бұлай істеуге болмайды. Қазіргі жағдайда әркім жауапкершілік арқалауы керек. Короновирусқа қарсы қолданылатын дәрілерге жасыл дәліз енгізуге болатын еді ғой. Бұған дейін бұлай істелмеді. Салдарынан дәрі тапшылығы туындады. Осы күнге дейін дәрілер қоймаларда сертификаттауды күтіп жатқан. Банк секторында да жағдайға байланысты шұғыл шешім қабылданған жоқ. Қатаң талап қойылғандықтан азаматтар мөлшерлемесі 6% құрайтын несиені ала алмай қиналды", – деді Президенттің штаттан тыс кеңесшісі.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

 

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу