Шенеуніктердің заңсыз байыған "бизнесмен" жұбайлары әшкереленеді

16376

Жемқорлардың "айналмалы есіктерін" жабу көзделуде. 

Шенеуніктердің заңсыз байыған "бизнесмен" жұбайлары әшкереленеді

Құқықтанушы Александр Белоусовтың түсіндіруінше, барлық елде, соның ішінде Қазақстанда да "айналмалы есіктер эффектісі"   проблемасы ушығып келеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қарапайым тілмен түсіндірсек, әлдебір биік лауазымды тұлға қандай да бір кәсіпорынға қамқорлық жасайды, тіпті оның бейресми басшысы болуы да мүмкін. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін, сонда жұмысқа тұра қояды.Мұның басқа да түрлері бар. Мысалға, шенеунік ірі кәсіпорынды үлкен айыппұл салынуынан қорғап қалады, қомақты тендерде жеңіске жетуіне жәрдемдеседі, немесе оның бюджет қаржысын тиімсіз жұмсағанын жасырады. Сол қызметі үшін сый ретінде әлгі компаниядан өзіне ірі лауазым алады. Өзі барғанша, ол орында формальды түрде не зайыбы, не баласы есепте тұрып, жалақы алады. Тағы бір түріне сәйкес, компанияны шенеуніктің, әкімнің өзі құрады, бірақ мемқызметшіге бизнеспен айналысуға тыйым салынғандықтан, оның басшысы қызметін жұбайы атқарады. Биліктегілердің бай әйелдері мен ерлері көбіне осылай пайда болады", – дейді сарапшы.

Мәжіліс депутаты Б.Смағұлдың түсіндіруінше, бұл лоббизмге жатады. Мысалы, АҚШ-та барлық лоббистердің 41%-ы бұрын мемлекеттік құрылымдарда істеген тұлғалар екен.

"Бізде де биліктен кете сала, ірі компанияларда мықты орын алған шенеуніктер жетеді. Әрине, олардың бәрін айыптауға болмас, кәсіби маман қай жерде де сұранысқа ие. Бірақ мүдде қақтығысын тиятын кез жетті. Біз АҚШ заңнамасын үлгі ете аламыз. "Айналмалы есіктер" мәселесіне алаңдаған Америка Президенті Джордж Буш 2007 жылы "Адал көшбасшылық және ашық үкімет туралы заңға" қол қойды. Оған сәйкес, Конгресс пен Сенат өкілдеріне қызметінен кеткен соң 2 жылға дейін қандай да бір компанияның мүддесін Парламентте қорғауына және лоббизммен айналысуына тыйым салынды. Барак Обама бұл ережені одан әрі қатайтты және өз әкімшілігінің барлық қызметкеріне осындай шектеу енгізді. Яғни, Қазақстанда да лоббистік қызмет үшін жауапкершілікті күшейтетін заң керек", – деді Бақытбек Смағұл.

Бұл шенеуніктердің заңсыз бизнесіне, әлдебір компаниялар мүддесін жасырын ілгерілетуіне қосымша тоспа құрады. Адал бәсекелестікті арттырып, бизнестің өркендеуіне жол ашады.

Шығысы табысынан асса, шенеунік қудаланады

Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осыны қарастыратын заң жобасын әзірлеп қойыпты. Ведомство қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген адамдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тікелей тыйым салынғанын ескертті.

Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 364-бабында шенділерге және соларға теңестірілгендерге "кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын ұйым құрғаны үшін, сондай-ақ осындай ұйымға жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсына отырып, оны басқаруға өзі немесе уәкілетті тұлға арқылы қатысқаны үшін" қылмыстық жаза белгіленген.

"Алайда антикоррупциялық қызметтің жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, елімізде мемқызметшілер, әсіресе, орталық меморгандар мен жергілікті атқарушы органдарда жоғары лауазымдарды атқаратындар арасында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру тәжірибесі кең таралған. Әдетте, осы мақсатта олар сенім білдірген адамына, көбінесе жақын туыстары атына өзі басшылық ететін салада жеке компания құрады. Содан кейін меморган мен бағынысты ұйымдарында, сондай-ақ ықпалы бар өзге де құрылымдарда осы компанияның мүдделерін белсенді түрде қолдауға, лобби жасауға кіріседі", – деп схемасын айтты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Ведомствоның дерегінше, лоббист шенеунік "бағынышты ұйымдардың басшылығына әлгі сыбайлас компанияға көмек көрсету қажеттігі туралы бұйрық беретін не өтінішпен жүгінетін фактілер кездесуде".

"Ал бақылау және қадағалау құзыры бар органдар басшыларының тек өзіне бағынысты ұйымдарға ғана емес, басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдарға да ықпалы жүреді. Лауазымды тұлғалардың, бірінші кезекте басшылар буынының осындай әрекеттері мемлекетке және кәсіпкерлік нысандарына зор шығын келтіретінін ескере отырып, заң жобасында Қылмыстық кодекстің 364-бабында көзделген қылмысты жасауға күдікті деп танылған адамдарға қатысты арнайы жедел-іздестіру шараларын өткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр", – деді агенттік.

Бұған қоса, жаза да күшейтіледі деп жоспарлануда.

Агенттік Қылмыстық кодексте осы қылмыстар үшін қарастырылған жазаның ең жоғарғы түрі 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру болып табылатынына назар аудартты.

"Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы "онша ауыр емес қылмыстар" санатына жатқызылған. Біздің ойымызша, бұл жауапкершілік – лауазымды тұлғалардың, ең алдымен, басшы топтың әрекеттеріне және келтіретін залалына мүлдем сайма-сай емес. Осыған байланысты жаңа заң жобасында осы қылмысты "ауырлығы орташа қылмыстарға" жатқызу ұсынылады. 2020 жылғы 4 тамызда өткен Бас прокуратура жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының хаттамасына сәйкес, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныс қолдау тапты", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Егер заң жобасы қабылданса, туыстары, жора-жолдасы не басқа адам атына компания құрып, заңсыз бизнеспен айналысқан шенеуніктерге қатысты іздестіру жұмыстары басталады. Қолға түскендерінің дүние-мүлкі тәркіленіп, қазіргідей 1 емес, 3 жылға түрмеге отырғызылуы мүмкін.

Заң жобасының тағы бір қызықты жаңалығы бар: егер шенеуніктің шығысы ресми табысына сәйкес келмесе, яғни асып түссе, қызметінен қуылады және квазимемлекеттік секторда 3 жылға дейін жұмысқа орналаса алмайды. Яғни, ұлттық компаниялардағы "айналмалы есіктер" уақытша болса да, жабылады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу