Шенеуніктің көптігі – елдің соры

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2414

Жапонияда 128 млн халыққа небәрі 9 мың шенеунік қызмет етеді. 145 млн адам тұратын Ресейде 1 млн 122 мың шенеунік, ал 18 млн халқы бар Қазақстанда 99 мың шенеунік жұмыс істейді.

Шенеуніктің көптігі – елдің соры

Кез келген елде бизнестің жауы – бюрократизм. Еңселі кеңселерде тағдырлармен допша ойнап отыратын бюрократия сондай-ақ қарапайым бұқараны да әуре-сарсаңға салып, сергелдеңге түсіріп, елдің билікке деген сенімін құртады.

Сарапшылардың айтуынша, шекеден қарайтын шенеуніктердің менмендігі, енжарлығы мен іріткі істері, бюрократияның тиімсіздігі – жаңа замандағы мемлекеттің келешегін күңгірт ететін ең басты бір сын-қатер.

Билікте осыны жақсы түсінетін тұлғалар бар. Мысалы 27 қаңтар күні, Парламент депутаттарының, Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің, Президент әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен Бас прокуратураның алқа отырысында осы ведомство басшысы Жақып Асанов барлық мемлекеттік органдарды өз қатарын оңтайландыру үрдісіне тартылуға шақырды. Рас, бұл үндеу бірінші кезекте, тергеу процесіне қатысы бар құрылымдарға бағдарланды.

Сондай-ақ Жақып Асанов өз орынбасарларының қайсысы жоғарғы қадағалаушы орган – Бас прокуратураның штатын оңтайландыруға қатысты ақылға қонымды ұсыныс енгізсе, соны жоғарғы марапатқа ұсынуға уәде берді. Осылайша, құқық қорғау саласында бюрократиямен күрес басталғанға ұқсайды.

"Менің сіздерге өтінішім бар! – дейді өз орынбасарларына қайырылған бас прокурор. – Күні бүгінге дейін процестік қызметті оңтайландырумен әр департамент өз бетінше айналысты. Сондықтан енді жеке топ құруымыз керек. Бұл жерде ұстаным біреу ғана болады: егер қандай да бір жұмыс адамдарға, қоғамға, мемлекетке ешқандай пайда келтірмесе, одан бас тарту керек. Және сол қызметтегілер "таңнан кешке дейін отырады, пайдалы әлдебір мемлекеттік жұмыспен айналысады" деп босқа ойлаудың, текке сенудің еш қажеті жоқ. Егер сіздер осындай қызметкерлер тобын алып келсеңіздер, біз оларға маңызды әрі жүйелі жұмысты, шешілуге тиісті проблемаларды тауып береміз. Аудандық буындарды нығайтамыз. Егер прокуратура органының штаттық санын ұтымды қысқартуды ұсынсаңыздар, мен өзім сіздерге награда берілуіне ұсыныс жасаймын!", – дейді Жақып Асанов.

Штатты оңтайландырудың бірнеше тиімді жолын бас прокурордың өзі тұжырымдады. Оның біріншісі – бір өзі біліксіз не білімі шамалы бірнеше маманды ауыстыра алар жаңа формациядағы кадрларға жол ашу. Олардың "ойлау қабілеті де, жұмысқа деген ұстаным-көзқарасы да түбегейлі түрде басқаша болмақ".

"Мамандар – басты тірегіміз, бірегей активіміз. Өткен жылдың маусым айында "Прокуратураға – үздік мамандар" атты жобаның тұсауы кесілді. Содан бері жаңа жоба бойынша 2000 кандидаттың ішінен ең үздік 128 маман жұмысқа іріктеп алынды. Бұлар – біздің алғашқы қарлығаштарымыз. Олар бастапқы дайындықтан өтті. Кілең көзінде оты бар жастар. Мұндай бастамалар жеңістері бізді шабыттандырады. Біз қатып қалған қағиданы өзгерттік. Жастар бізге сенді. Енді барлығы олардың ұстанатын өмір салтына, әлеуметтік белсенділігіне, білімге деген құштарлығына, отансүйгіштігіне байланысты болады. Яғни бәрі де өз қолдарында. Алда үздік HR-технологияларды енгізу, мансапта көтерілудің түсінікті әрі таза тетіктерін құру, ынталандыру міндеті тұр. Осының арқасында олардың жұмысқа деген қызығушылығы артып, жігерленіп, жақсы маман боларына сенімдіміз!", – дейді бас прокурор.

Тағы бір тиімді жол – заманауи ақпараттық технологияларды енгізу болмақ. Бұл ретте қылмыстық процесті жеңілдету және жеделдету үшін электронды форматқа ауысу қолға алынбақ.

"Осы жағдайға тоқталайық. Мысалы, қылмыскерді қолынан ұстап алдық. Кінәсін мойындады. Куәгерлер бар. Соған қарамастан іс 15 күн тергеледі. Одан соң істі 3 күн прокурор зерттейді. Сотқа тағы 20 күн қажет. Осының бәріне 40 күн уақыт кетеді екен. Осы күндер ішінде жәбірленуші, күдікті, куәгердің бәрі де кабинеттен кабинетке көшіп, талай табалдырықты тоздырады. Және мұндай істер ондаған мың! Қайта-қайта тергеу, дәлізде сағаттап күту – осының бәрі адамдардың наразылығын туғызады", – дейді Жақып Асанов.

Бұл бюрократиямен қалай күресуге болады?

Мәселен дамыған елдерде егер қылмысты кім жасағаны анық болса, ұсталған қылмыскерді бірден сотқа апарады. Оларда сот тәулік бойы жұмыс істейді. Сол жерде прокурор (мемлекеттік қорғаушы) мен адвокат кездеседі. Сот үкімі 3 тәулік ішінде шығарылады екен. Бас прокурордың мәліметінше, дамыған елдерде қылмыстық істің 70%-ы осы тәсілмен шешіледі. Сөйтіп "жемқорлықтың да жолы кесіледі" екен. Әрине, судьялардың біліктілігін Батыс деңгейіне дейін көтермей, мұндай жүйеге көшу ерте екені сөзсіз. Әйтпесе, тергеушілер жала жапқан адамға қатысты асығыс шешім қабылданып кетуі ықтимал.

Жоғарғы қадағалаушы орган басшысының пікірінше, электронды форматқа көшу – ашықтықты арттырады, құжат беру мен алу мерзімін қысқартады, пошта шығындарын азайтады, бітпейтін қағаз хат тасқынын жояды. Процеске қатысушылар электронды қылмыстық іске қатысты тергеушінің барлық процессуалды іс-қимылын онлайн режимде бақылай алады.

Бір атап өтерлігі, прокуратура органдарына ақпараттық технологияларды етене ету – бұған дейін дәл осындай миссияны "Қазпоштада" жүргізген Бағдат Мусинге жүктелмек. 2014 жылдан бері ұлттық пошта операторының басшысы болған ол президент жарлығымен жақында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

"Қағаз – тіпті кешегі күн емес, өткен ғасыр! Қағазда жасалғанның бәрін бақылауда ұстау мүмкін емес. Сондықтан қылмыстық өндірісті цифрлық форматқа ауыстыру міндетін қойып отырмыз. Кибердәуірде прокуратура жаңа технологияға жақын болуы тиіс. Бастамасы бар. "Заңдылық" жүйесі, қылмыстық құқықбұзушылық картасы іске қосылды. Бірақ бұл ІТ-жүйелеріміз – біздің планетамыз өмір сүріп жатқан цифрлық әлемде теңіздің тамшысындай ғана болып отыр. Біз шоқпармен қылмыскерді қуып жүргенде, АҚШ БигДата технологиясымен қылмыстың қайда және қашан боларын алдын ала болжап білуге қол жеткізіп отыр. Ал біз болсақ, қағазбасты болып жүрміз және адамдар жетіспейді деп шағымданамыз", – дейді бас прокурор.

Демек, бұл сын Бағдат Мусиннің бар әлеуетін ашуға тиістей.

"Бағдат Батырбекұлы, бұл сіздің ең басты міндетіңіз болмақ! – деді оған қайырылған Жақып Асанов. – Осыны жасап, еңсере алсаңыз, өмір бойы мақтан тұта аласыз. "Қазпоштада" біраз нәрсе жасадыңыз, бірақ мұндағы жұмыстың ауқымы одан да алапат. Бес миллион адамның тағдыры бүгінде әлдебір қағаздар негізінде шешіледі. Ал солар электронды форматқа көшіріліп, жұмыс "мөлдір" болғанда, құзыретін теріс пайдалану ешкімнің ойына келе қоймас!".

Ведомствоның алқасы барысында бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев тергеу және күш құрылымдарының өткен жылғы қызметіне талдау жүргізіліп, оның барысында бюрократиялық сергелдең түйткілдеріне көңіл бөлінгенін жеткізді.

"Қылмысты тіркеуден бастайық: бүгінде кез келген шағым немесе факт бойынша іс қозғауға болады. Нәтижесінде, әу бастан-ақ қылмыс жоқ, бірақ адамдарды айлап тергеуге сүйрейді, тінту, алып қою жүргізеді. Мыңдаған азаматты қылмыстық процеске негізсіз тартамыз. Ақыр соңында іс жабылады, адам зардап шегеді, бизнес күйрейді. Жүздеген білікті тергеуші босқа, "қоқыс жәшігіне" жұмыс істейді", – дейді Ерлік Кененбаев.

Ол өз сөзін нақты мысалмен "тұздықтады": Шығыс Қазақстан облысында есепшотынан 10 млн теңге алынған "МұнайГазСтрой" "жалған кәсіпорын-мыс" деген "дабыл" түседі.

"Бұл дерек Мемлекеттік кіріс комитетінің тергеушілерін қызықтырған. Олар іс қозғайды. Бірақ компания нақты жұмыс істейтін болып шықты, онда 17 адам еңбек етеді. Соған қарамастан, оларды жарты жыл бойы сүйрелеген. Артынан іс тоқтатылды. Әрине, мұның барлығын салық қызметінің күшімен-ақ тексеруге болатын еді. Өкінішке қарай, мұндай іс өте көп. Бұл ретте әр орган шектен тыс жүктемеге, қызметкерлердің жетіспейтіндігіне және істің тым көптігіне шағымданады", – деп қынжылады бас прокурордың орынбасары.

Ерлік Кененбаевтың байламынша, тергеушілер босқа тер төкпеуі, ал тергеуден ығып болған бизнесмендердің жүрегі сыр бермеуі үшін бұл салада "қатаң тәртіп орнату қажет". "Адамды босқа мазалағанша, іс тіркелгенге дейін қылмыстың бар не жоқтығын нақты анықтап, басын ашып алу керек. Прокурорларды бір тәулік ішінде қылмыстық іс қозғаудың заңдылығын тексеруге міндеттейміз", – дейді ол.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель мағынасыз бюрократиялық қағазбастылықтың тағы бір түрін жоюды ұсынады. Қазіргі кезде қылмыстық-процестік кодекстің талабы бойынша әрбір түрме-колонияның әкімшілігі шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны әлдеқайда жұмсақ түріне ауыстыру және жаза туралы шешімді өзгерту үшін сотқа бағытталған барлық материал жөніндегі хабарламаны прокуратураға жолдайды.

"Қажеті не? – деп қайран қалады Иоган Меркель – Біз онсыз да сотқа қатысамыз, бұл жайлы сонда білеміз ғой. Тек осы жай ғана қылмыстық-атқару жүйесін жыл сайын 17 мың қажетсіз хабарлама-қағаздан босатар еді. Жалпы, зерттеу көрсеткеніндей, меморгандарды адамдар, қоғам және мемлекет үшін пайдасыз жұмысқа итермелейтін барлық нормаға ревизия жүргізу қажеттілігі туындап отыр", – дейді бас прокурордың бірінші орынбасары.

Бас прокуратураның дерегіне жүгінсек, Қазақстанда жыл сайын 500 мыңдай қылмыстық іс тергеледі. Оның сыртында 60 меморган азаматтарға және бизнесмендерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 4,5 млн-дай хаттама толтырады.

"Жыл сайын жалпы 5 млн материал тіркеледі және оларға қатысты іс жүреді де, шенеуніктер адамға қандай жаза беретінін шешеді. Бұл саннан қорқудың қажеті жоқ, бұл жерде барлық материалдың қағаз жүзінде жүргізілетінінен қорқуымыз керек. Сондықтан біз Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетін нығайтып, осы материалдар мен істерді әлдеқайда ашық электронды форматқа көшіру міндетін қойып отырмыз", – дейді түсініктеме берген бас прокурор Жақып Асанов. Бұл жоба "Электронды қылмыстық іс" деп аталып отыр.

Әрине, штатты оңтайландыру, жаңа технологияларға көшу, басы артық қағазбастылықты жою секілді бюрократизмге қарсы шараларды тек құқық қорғау органдары шектемеуі тиіс. Өйткені азаматтар мен іскер жандар кейде қаптаған шенеуніктің де бассыздығынан зар илейді.

Кей дерекке сүйенсек, Қазақстанда 100 мыңға жуық шенеунік жұмыс істейді, оларды ұстап тұру үшін 600 млрд теңге жұмсалады.

"Жапонияда 128 млн халыққа небәрі 9 мың шенеунік қана қызмет көрсетеді. 145 млн адам тұратын Ресейде 1 млн 122 мың шенеунік бар. Қазақстанда 18 млн адамға 99 мыңдай шенеунік жұмыс істейді. Масқара емес пе? Қаншама басыартық шенеунікті ұстап отырмыз. Бұл ел қалай байиды?", – дейді Еуразиялық кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Жомарт Алдаңғаров.

Расында, шенділердің қалайша тез көбейетіні қайран қалдырады. Қазақстанда мемлекеттік қызметті оңтайландыру мақсатында қанша әкімшілік реформа жүргізілді, қаншама министрлік бір-біріне қосылып, көбі жойылды, мемлекеттік мекемелер жабылып, бәсекелестік ортаға берілді. Орталықтың функциялары штаттарымен бірге өңірлердегі әкімдерге берілді. Бірақ орталықта отырған мемлекеттік қызметшілер саны одан сайын көбейіп барады. Бұл ретте кезінде Маяковский: "Мы создаем комитет по упразднению всех комитетов", – деп бюрократтарды әжуә еткен екен.

Шенеуніктер санының көз ілеспес жылдамдықпен өсетініне елбасы Нұрсұлтан Назарбаев наразылық білдірген болатын. Дәлірек айтқанда, 2014 жылдың 6 тамызында ақордада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы соңғы 10 жылда мемлекеттік қызметшілер саны 8,5 мың адамға артып, 90 мыңнан асып кеткеніне назар аударды.

"Оларды ұстап тұру шығыны бюджеттің әкімшілік шығындарының жыл сайын өсуіне соқтырып отыр. Осындай икемсіз шенеуніктік аппарат қабылданып жатқан шараларды жүзеге асыруда тежегішке айналып, олардың тиімділігін төмендетеді. Сондықтан әрбір басшы өз аппаратын жетілдіру туралы ойлауға тиіс!", – деп міндет жүктеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстан әлемдегі дамыған отыз ел қатарына кіруі үшін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құруды жүктеді. Сол себепті де 5 институттық реформаның бірі "Кәсіби әрі жинақы үкімет" құруды көздейді.

Қорыта айтқанда, Қазақстанды бюрократтықтан арылту – қарапайым қазақстандықтар мен бизнесмендерді сергелдең мен әртүрлі "бас аурудан" құтқарып қана қоймай, бюджетке түсер салмақты азайтады, шектен тыс көп шенеунікті ұстап тұрудан босаған қаржыны әлеуметтік салаға бағыттауға, елдегі білім беру және денсаулық сақтау саласын көтеруге, сондай-ақ еңбек ресурстарының тиімділігін арттыруға жол ашады. Бұл қазіргі дамыған елдердің қолынан келген. Қазақтың олардан несі кем?

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу