Испаниялық Marca басылымының журналисті Давид Руис ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Шерханның әлеуетін ерекше атап өткен.
"Скауттар "Қайрат" ойыншыларын "Селтикпен" матчқа дейін де бақылағанына сенімдімін. Бірақ Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі – мүлде басқа деңгей. Сондықтан Шерханнан кейін оның өнеріне Еуропаның үздік чемпионаттары, соның ішінде Ла Лига клубтары да көз тігіп отыруы әбден мүмкін", – деді ол.
Чемпиондар лигасындағы жарқын дебют
18 жастағы қақпашы алматылық клубтың түлегі. Ол топтық кезеңдегі дебюттік ойынында Лиссабонның "Спортинг" командасына қарсы алаңға шықты. Қалмырза ересектер арасындағы бар болғаны екінші кездесуінде пенальтиді қайтарып, жанкүйерлер мен мамандардың назарын бірден өзіне аударды. Матч 1:4 есебімен аяқталса да, Шерханның ойыны көпшілікті тәнті етті.
Transfermarkt-тағы жаңа баға
Футболшылардың нарықтық құнын бағалайтын беделді портал Transfermarkt қақпашының құнын 18 қыркүйектегі соңғы жаңартуда 200 мың еуроға бағалады. Бұған дейін жас қақпашының нарықтағы бағасы мүлде көрсетілмеген болатын.
Бұл өзгеріс – Шерхан үшін үлкен қадам. Себебі Transfermarkt-тағы баға футболшыға қызығушылық танытқан клубтардың алғашқы көрсеткіштерінің бірі саналады.
Еуропаға жол ашыла ма?
Қалмырзаның Чемпиондар лигасындағы сенімді ойыны оның болашағына жаңа мүмкіндік сыйлауы ықтимал. Егер ол алдағы кездесулерде де өзін дәлелдесе, қазақстандық қақпашыға Еуропаның мықты клубтары назар аудара бастайтыны сөзсіз.