Шешенстан ешбір елде жоқ тыйым енгізді

3463

Бұл елде енді тым жылдам және аса баяу музыканы қоюға, шырқауға және оған билеуге рұқсат етілмейді.

Шешенстан ешбір елде жоқ тыйым енгізді Фото: russia-news.ru

РФ құрамындағы Шешенстанда бұдан былай барлық музыкалық туындылар жаңа ережеге сәйкес болуға тиіс. Бұл туралы Грозный-Информ хабарлады.

"Шешен республикасында барлық музыкалық, вокалдық және хореографиялық шығармалар минутына 80-нен 116 соққыға дейінгі диапазондағы ырғаққа сәйкес келуге тиіс. Бұл шешім туралы ШР мәдениет министрі Мұса Дадаев кеңейтілген кеңес барысында жария етті", – деді бұл елдің мемлекеттік басты ақпарат агенттігі.

Бұл шешімді Шешенстанның мәдениет министрлігі растады.

"Бүгін Мұса Дадаевтың басшылығымен, Шешен республикасының мемлекеттік және муниципалдық шығармашылық ұжымдарының басшыларымен кеңейтілген кеңес өтті. Оның барысында министр ШР басшысы Рамзан Ахматұлы Қадыровтың келісімін алған ақырғы шешімді жариялады. Ол бойынша бұдан былай музыкалық, вокалдық және хореографиялық шығармалардың барлығы минутына 80-нен 116 соққы ырғағына қатаң сәйкес келуге тиіс", – деп мәлімдеді ШР мәдениет министрлігі.

Ведомствоның түсіндіруінше, республика басшысы Рамзан Қадыровтың тапсырмасымен, бүгінде министрлік шешендердің бүкіл музыкалық, вокалдық, хореографиялық туындыларын шешендік менталитетке және ұлттық музыкалық ритмге толығымен сай келтіру бағытында орасан зор жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Шешендердің музыкалық мәдениеті ырғағы мен әдістемесі бойынша әралуан болған. Біз халыққа және болашақ ұрпаққа шешен халқының мәдени мұрасын – әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, біздің адаттарды, нохчалланы – шешендердің ұлттық мінез-құлқының ерекшеліктерін пәк қалпында жеткізуге тиіспіз. Өйткені шешендердің өмірінің моральдық, адамгершілік және этикалық құндылықтарының бүкіл спектрі сонда тұнып тұр", – деді мәдениет министрі Мұса Дадаев.

Осыдан кейін ресейлік сарапшылар 80-нен 116 соққы диапазонынан қандай туындылар шет қалатынын шұғыл анықтай бастады. Сөйтсе, бұдан былай Шешенстанға тым баяу да, сондай-ақ тым қатты ырғақтағы шығармалар да жат болатыны әшкереленді. Оған вальс, техно, транс және басқасы жатады.

80 соққыдан төмен ырғақ баяу композицияларға тән. Фаррелл Уильямс пен Daft Punk-тың "Get Lucky" сияқты туындылардың ырғағы минутына 116 соққыдан асады.

Ресейлік "Медуза" басылымының мәліметінше, тіпті Ресей федерациясының мемлекеттік гимні де Шешенстан басшысы бекіткен талаптарға сәйкес келмейді. Себебі, оның ырғағы минутына 80 соққы шегінен төмен: РФ гимнінің ырғағы 76 BPM ғана.

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, Лев Лещенконың орындауында, жылда 9 мамырда қойылатын дәстүрлі "День Победы" әніне де Шешенстанда тыйым салынуы мүмкін. Өйткені оның ырғағы 116 соққы шегінен жоғары: 126 BPM.

Жалпы, қазіргі заманғы танымал туындылардың көбі бұл өрістен тыс жатыр.

Минутына 80-116 соққы диапазонына көптеген музыкалық жанрлар да кірмейді: транстың темпі – 130–160 BPM, технода – 120-150 BPM, самбада – 50-52 BPM, румбада – 25-27 BPM, қарапайым вальста – 28-30 BPM.

Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Шешен республикасының Мәдениет министрлігі Шешенстанда орындалуға міндетті музыкалық шығармаларды мақұлданған ырғаққа сәйкестендіріп, 1 маусымға дейін қайта жазып шығуға тапсырма берді. Бірақ оның тізімі белгісіз. Бұл әнұранға да қатысты болуы мүмкін. Әйтпесе, оларды бұл елде бұқаралық орындауға рұқсат етілмейтін болады.

"Кавказский узел" басылымы 2019 жылғы шілдеде Шешенстанның мәдениет министрлігі өз видеоларын интернетте орналастыратын жергілікті өнерпаздарды, әнші, бишілерді сынға алғанын еске салды. Ведомствоның мәлімдеуінше, концерттер қоюға және өз әндерін жариялауға тек комиссияның мақұлдауын алған орындаушылар мен ұжымдар ғана құқылы.

Әуесқой әндердің "шешен менталитетіне қаншалықты сәйкес келетіні" тексерілетін болады.

РФ басылымдарының дерегінше, сол 2019 жылғы қыркүйекте Шешенстан билігі дербес әншілердің – ағайынды Аюб және Асхаб Вахараговтардың ұсталғанын хабарлады. Республика билігі тарапынан мақұлданбаған әндерді орындағаны үшін олармен "тәрбиелік әңгімелесу" жүргізіліпті.

Ізінше әншілер журналистермен сұхбатында билік тарапынан өздеріне қатысты ешқандай талап-претензия болмағанына сендірді. Дегенмен, "Мемориал" құқық қорғаушы орталығының байламынша, әншілер әрі қарай қудаланудан қаймығып, өздеріне қысым жасалғанын мойындаудан қорқасоқтауы мүмкін.  

Қалай болғанда, Шешенстан билігі өзіне тән батылдықпен ұлттық құндылықтарын пәрменді қорғауға кіріскенге ұқсайды. 2024 жылғы наурызда Шешенстан көшбасшысының ұлы, республиканың жастар істері жөніндегі министрі, 18 жасар Ахмат Қадыров "іс-әрекеттері шешендердің мәдениеті мен болмыс-менталитетіне қайшы келетін" әлеуметтік желі пайдаланушыларын табуға бұйрық берді.

Министр өз тірлігімен шешен атына, намысына дақ түсіретіндерді Bigo Live, Likee сияқты жастар арасында танымал платформалардан іздеуді ұсынды. Сол әбес әрекетімен көзге түскен Шешенстан тумаларымен "тәрбиелік жұмыс" жүргізілмек. Мұның нені білдіретінін жастар істері жөніндегі министр айтпапты.

Қоғам белсендісі Темирлан Мусаев музыка өңдеушілер, диджейлер және басқасы шешен музыкасын тым баяулатудан немесе жылдамдатылған режимде таспаға түсіріп, жариялаудан бойды аулақ салуы керектігін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу