Шешілмейтін түйін жоқ

1186

"Партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" атты сайлауалды тұғырнама - бүгінгі күннің күрделі ахуалына қатысты объективті көзқарас. құжатта азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылған. Партияның өз сайлауалды тұғырнамасын тиімді іске асыруы еліміздің өркендеуін, әділдіктің үстемдігін, заңдылық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететініне сенімім мол". Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.  

Шешілмейтін түйін жоқ

"Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыру тобы Шұбар ауылына барып, үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Олар – Кербұлақ аудандық сайлауалды штабы төрағасының орынбасары Борманбеков Қуаныш Жарманбекұлы, сайлауалды штабтың мүшесі Төлегенов Шалқыбай Молдахметұлы және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар – Зәуре Ахметбекова, Азамат  Үмбетов, Альфия Жақыпова,  Әсем Ильясова.

 

Осындай топтардың ауданымыздың бірталай ауылдарына барып, еліміздің ең ірі әрі бірегейі – "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып жүргенін, енді міне, Шұбар ауылына да атбасын бұрғанын айтқан штаб төрағасының орынбасары кандидаттарды таныстырды.

 

Аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттың бірі – Альфия Жақыпова сөз алып, Шұбар ауылдық округінің тұрғындарына алдағы атқарылар ауқымды жұмыстарды атап, айшықтап берді. "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасында өңірлерді дамыту бойынша  экономикалық тұрақты аудан, қолайлы аудан, әлеуметтік-бағдарланған аудан, жастарға арналған аудан, тарихы мен мәдениеті бай аудан, ашық және есеп беретін жергілікті органдар, қауіпсіз аудан сынды дамудың жеті басымдығымен және оның басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту үшін жағдай жасау екенін, "Nur Otan" партиясымен біз әрқашанда бірге екенімізді, партияның бағдары - экономиканың басты салалары – өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, білім, денсаулық салаларына байланысты партияның қосып жатқан үлесінің зор екенін, алдағы уақытта өзімізге белгілі ауылдағы жол сапасын жақсарту, ауыз су қаптамасын енгізу және орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету де тиімді жолға қойылатынын, ең басты мәселе – баспана болып отырғанын, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылып жатқанын, Кербұлақ ауданы егіншілікпен айналысатын болғандықтан дәнді-дақылдардың өсу деңгейін жоғарылату - басты мақсаттардың бірі екенін айтып, ауыл тұрғындарының сауалдарына кезек берді.  

Аузын ашса, көмейі көрінетін ауыл адамдары емен-жарқын әңгімелесіп, өздерін мазалаған ойларын ортаға салды. Онжас ауылының тұрғыны Мәрзия Әбдірайымова: "Ақжар орта мектебінде барлығы 79 оқушы оқиды. Егер мектепте 81 баладан төмен болса, онда ол Доланалы ауылының мектебі секілді негізгі мектеп болып қалады. Ақжар мектебі негізгі мектеп болатын болса, 10-11 сынып оқитын балалар жан-жаққа барып оқуларына тура келеді, мынадай заманда кімнің үйін паналап оқиды?" деген сауал қойса, ауыл тұрғыны, зейнеткер Өнербай Рашев ауылда жастардың тұрақтай алмайтынын, баспана мәселесінің қиындығын айтып, алдағы уақытта осы жастарға барлық жағдай жасалса деген ойын айтты.

 

"Шешілмейтін түйін жоқ" деген штаб төрағасының орынбасары Қуаныш Жарманбекұлы бұл сұрақтардың шешімі болатынын, алдағы күндерден күдерімізді үзбеу керектігін айтып, жиынды қорытындылады. Аудандық Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінің әншісі, аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Азамат Үмбетов: "Есті ән айт, есті ән болмаса, ескі ән айт" деген атам қазақ деп, күмбірлеген қазақтың домбырасымен "Гүлдариға" және "Теріскей" әндерін  тамылжыта шырқап, жиылғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауылдың ақсақалы Өнербай Рашев Азамат Үмбетовтің дауысына тамсанып, әніне елітіп, риза болған күйі оған және кандидаттарға ақ батасын берді.     

"Nur Otan" партиясы Кербұлақ аудандық партия филиалының сайлау қорынан төленді

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу