"Шешім қабылдауда батылырақ болыңыздар": Олжас Бектенов отандық фармацевтиканы дамыту қажеттігін айтты

546

Отандық дәрі-дәрмек өндірушілер қолдауды қажет етеді. 

"Шешім қабылдауда батылырақ болыңыздар": Олжас Бектенов отандық фармацевтиканы дамыту қажеттігін айтты Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне отандық өндірушілер және шетелдік инвесторлармен өзара байланыстарды жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ауруханалар мен емханалар үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу мен жеткізу рәсімдерінің барлығын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек тапшылығы деген мүлдем болмауы керек. Бұған Денсаулық сақтау министрі мен СҚ-Фармация басшысы тікелей жауап береді", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр дәрі-дәрмек нарығын жекеменшік өндірушілер, жеткізушілер және дәріхана желілері қалыптастыратынын айтты. Мемлекет бұл бизнесті препараттардың қауіпсіздігі, сапасы және оларды тіркеу тұрғысынан ғана реттейді.

"Ендігі тағы бір маңызды міндет – отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту. Біз жергілікті дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдап, жаңа өндірістер ашу үшін қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Өзіміздің отандық фармөндірісі дәрілік заттардың импортын азайтуға және нарықтағы бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан қазақстандық зауыттардың өндірістік қуатын ескере отырып, оларда өнім шығару көлемін ұлғайту керек. Бұл салаға ірі халықаралық фармацевтикалық компаниялар мен ғылыми ұйымдарды да тарту қажет. Осы жерде тоқтала кететін мәселе, маған отандық және шетелдік инвесторлар салалық министрлікпен өзара байланыс жасау қиын екенін айтады. Олар біздегі жаңа жобаларды қолдау және қазақстандық дәрілерді жеткізу үшін ұзақ мерзімді шарт жасау мәселесін көтеріп отыр", – деді Үкімет басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігіне жұмыс тәсілін өзгертіп, отандық өндірушілермен және шетелдік инвесторлармен өзара байланыстарды жандандыру тапсырылды.

"Шешім қабылдауда батылырақ болыңыздар. Жаңа өндірістерді ашуға жағдай жасалуға тиіс. Сондай-ақ, өзіміздің зерттеулерімізді дамыту қажет. Оның ішінде жоғары технологиялық өндірістер мен технологияларды шетелден трансферттеу мәселесіне де тиісті көңіл бөлген жөн. Бұл жұмысқа Ғылым және жоғары білім министрлігі атсалысуға тиіс", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу