Шетел валютасы теңгені шеттете бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
19851

Доллардағы депозиттің де, доллармен берілген несиенің де көлемі бір айда 0,1%-ға ұлғайды.

Шетел валютасы теңгені шеттете бастады

2018 жылғы маусымның соңындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда депозитке салынған ақша бір айда 5,6%-ға көбейіп, 17 840,2 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 8%-ға өсіп, 9 455,4 млрд теңгеге, жеке тұлғалардың депозиттері 3%-ға артып, 8 384,8 млрд теңгені құрады.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі де бір айда 5,4% өсім көрсетіп, 9 903,1 млрд теңгеге жетсе, шетел валютасында сақталған ақша 5,8%-ға көбейіп 7 937,1 млрд теңгеге көтерілді.

Жалпы, соңғы айларда Қазақстандағы депозит нарығында доллардың үлесінің арта бастағаны байқалады. Мәселен депозит нарығындағы долларландыру деңгейі маусымның соңында 44,5%, мамырдағы көрсеткіш 44,4% болған.  Бұған қоса заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2018 жылғы маусымда 5 443,8 млрд теңгеге (+6,0%), шетел валютасындағы ақша 4 011,6 млрд теңгеге (+10,8%) өссе, жеке тұлғалардың теңгедегі жиғаны 4 459,2 млрд теңгеге (+4,6%), шетел валютасындағы депозиттері 3 925,5 млрд теңгеге (+1,2%) ұлғайған.  

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 2,8%-ға ұлғайып, 11 859,8 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салым 6 384,8 млрд, шетел валютасындағы ақша 5 475,0 млрд теңгеге жетті.

Банктердің экономиканы несиелеу көлемі 2018 жылғы маусымның соңында 0,9%-ға өсіп, 12 831,1 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғаларға берілген несиенің көлемі 0,3%-ға өсіп 7 997,3 млрд, жеке тұлғаларға берілген қарыз 1,9% көбейіп, 4 833,8 млрд теңгеге жетті.

Ұлттық валютамен берілген қарыз көлемі бір айда 9 673,1 млрд теңгеге (+1,1%) ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғалардың қарызының көлемі өзгерген жоқ, жеке тұлғалардың қарызы 2,2% ұлғайды.

Шетел валютасымен берілген несие көлемі 3 158,0 млрд теңгеге (+0,5%) өсті. Оның ішінде заңды тұлғаларды несиелендіру 0,8%-ға ұлғайса, жеке тұлғалардың қарызы 3,9%-ға азайды.

Жалпы, теңгемен берілген несиенің үлес салмағы маусымның соңында 75,4%-ды құрады. Бұл көрсеткіш мамырда 75,3% болған еді. Яғни депозит нарығы секілді несие нарығында да доллардың үлесі аз да болса өсе бастады.

Ұзақмерзімді кредиттердің көлемі бір айда 10 984,6 млрд теңгеге (+0,7%), ал қысқамерзімді кредиттердің көлемі 1 846,5 млрд теңгеге (+2,0%) өсті.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу 2 647,3 млрд теңгеге, яғни  3,2%-ға азайды. Айта кетейік, экономиканы несиелендірудің  20,6%-ы шағын бизнеске бағытталған. Сала бойынша бөлінген банктер несиесінің ең қомақты сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 15,2%), өнеркәсіп (14,2%), құрылыс (6,4%), ауыл шаруашылығы (5%)  және көлік (4,7%) салаларына тиесілі.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу