Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттерінің максималды мөлшерлемесін 2%-ға өсірді.
"Маусым айының алғашқы күнінен бастап шетел валютасындағы мерзімі 12 ай немесе одан жоғары жинақ және мерзімді депозиттердің шекті мөлшерлемесі 2%-ға теңестірілді. Ал қайтарып алынатын салымдар, сонымен қатар 12 айға дейінгі мерзімді және жинақ салымдарының максималды мөлшерлемесі 1% деңгейінде сақталып қалды. Сәйкесінше 1 маусымнан бастап валютадағы салымдар теңгедегі салымдар сияқты мерзімді, мерзімсіз және жинақ депозиттері деп топтастырылатын болды", – деп хабарлады қордың ресми ресурсы.
ҚДКБҚ-ның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда шетелдің нарығы мен қаржылық институттарында валютадағы депозиттердің мөлшерлемесі ҚДКБҚ-ның 1%-ға тең шекті мөлшерлемесінен жоғары. Бұған қоса жеке тұлғалар жаппай долларсыздануға ден қойған. Салдарынан халықтың шетел валютасындағы салымының көрсеткіші 80%-дан 55%-ға дейін төмендеген. Шетел валютасындағы салымдарға қатысты шарт депозиттердегі жинағын шетел валютасында ұстайтын адамдардың қарасын қазіргіден азайтып алмас үшін өзгерген.
Жеке тұлғалардың барлық шоттарының 99,9%-ы және депозиттерінің 56%-ы 20 млн теңгеге дейінгі соманы нақты табыстылығы бар болуына байланысты ұлттық валютада жинайды. Бүгінгі таңда бұл сегментте шоттардың 95%-ы және депозиттердің 75%-ы теңгемен шоғырландырылған. Себебі салымшылардың барлығы депозиттің максималды мөлшерлемесімен табыс тапқысы келеді.
Қаржысы қомақты салымшылар ғана депозиттік салымын шетел валютасымен жинағанды жөн көреді. Себебі олар депозиттің пайыздық мөлшерлемесі арқылы ақшаларын еселеуге емес, қаражаттарының сақталуы мен әртараптануына басымдық береді. Яғни табыстылықты кейінге ысырып қояды. Салымшылардың дәл осы түрі шетел валютасы сақталып тұрған депозиттерін инвестициялық құрал деп біледі.
Абылай Бейбарыс