Шетелде паспортын жоғалтқан қазақстандықтарға қомақты алым төлеуге тура келеді

1709

Қазақстан елдегі консулдық алымдар көлемін ұлғайтқалы жатыр.

Шетелде паспортын жоғалтқан қазақстандықтарға қомақты алым төлеуге тура келеді Фото: canva.com

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, тек бір жыл ішінде 7,7 миллионнан астам қазақстандық шетелде болып қайтқан. Яғни, "атың барда жер таны желіп жүріп" деген көшпенді ата-бабамыздың өсиетін орындап, елден сыртқа шығатын азаматтарымыздың саны кейінгі екі жылда бірден екі есе артты.

Олардың арасында туристер, шетелде оқитын студенттер, әлемнің озық клиникаларында ем қабылдап оралған сырқаттар, іс-сапармен аттанған шенеуніктер, мамандар мен кәсіпкерлер және басқасы бар.

Шетелге шыққандарды бір сынақ күтеді. Жатжұртта Қазақстанның паспортын жоғалтып, не ұрлатып алмау керек. Ондай тосын оқиғаға тап болса, шығынға да тап болады.

Сыртқы істер министрлігі "Консулдық алым мөлшерлемелерін бекіту туралы" жаңа бұйрық жобасын әзірледі. Оған алда вице-премьер – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қол қояды деп жоспарланған.

Аты айтып тұрғандай, құжат:

  • біріншіден, Қазақстан Республикасының аумағында алынатын консулдық алымдардың жаңа ставкаларын,
  • екіншіден, шет мемлекеттер аумағында консулдық әрекеттер жасағаны үшін алынатын консулдық алымдардың мөлшерлемесін бекітеді.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың түсіндіруінше, ведомство бұған қолданыстағы нормаларды жаңарған Салық кодексіне және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексін қолданысқа енгізу туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2023 жылғы 12 желтоқсанда қабылданған жаңа заңға сәйкес келтіру үшін барып отыр.

Сонымен, бұйрық қабылданса, онда Қазақтан аумағында алынатын консулдық алымдардың келесі ставкалары бекітіледі. Біріншіден, Қазақстан азаматтарының және заңды тұлғаларының, сондай-ақ шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың визалар беру туралы өтініштерін өңдеу, Қазақстанның шетелдегі мекемелеріне визалар беру (визалық қолдау) туралы нұсқауларды жолдау ақысы:

  • бір мәрте келу-кету үшін айлық есептік көрсеткіштің 20%-ы (2024 жылы 739 теңгеге тең);
  • екі немесе одан да көп келу-кету үшін АЕК-тің 50%-ы (биыл 1 846 теңге).

Екіншіден, шетелдiк дипломатиялық өкiлдiкке немесе консулдық мекемеге арнап, виза беру туралы нотаны әзірлеу және басып шығару құны – АЕК-тің 50%-ы (2024 жылы 1 846 теңге).

Үшіншіден, құжаттарды заңдастыру (әрбiр құжат үшін) құны – АЕК-тің 50%-ы. Яғни, өз еліміздегі консулдық алымдардың көлемі сонша қымбат болмайды.

Ал шетелдегі консулдық алымдардың мөлшері жатжұртта жүрген азаматтың әмиянын біраз жұқартқалы тұр. Бұл ретте валютаның кез келген түрі емес, шектелген аз шоғыры ғана қабылданады.

Атап айтқанда, біріншіден, шет мемлекеттің аумағында дипломатиялық және қызметтік паспорттарын қоспағанда, "Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресімдеу" үшін консулдық алым ставкасы:

  • 100 АҚШ доллары;
  • 75 еуро;
  • 65 ағылшын фунт стерлингі;
  • 110 швейцар франкі;
  • 5 850 Ресей рублі;
  • 660 Қытай юані тұрады.

Нәтижесінде, өзге елде жүріп, паспортынан айрылып қалған немесе онысының мерзімі өтіп кеткен қазақстандықтарға елге оралу үшін Қазақстанның елшілігі немесе консулдығы арқылы паспорттың жаңасын рәсімдеу құны екі еседен астамға қымбаттамақ. Өйткені 2020 жылдан бері бұл ставка 40 долларды, 35 еуроны, 30 фунтты, 40 франкті, 2 265 рублді және 255 қытай юанін ғана құрайтын еді.

Екіншіден, шетелдіктерге Қазақстанның визаларын беру тарифі де көтерілгелі тұр:

  • Шетелдік дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге жолданатын виза беру туралы нотаны әзірлеу және басып шығару үшін 25 доллар, 20 еуро, 20 фунт стерлинг, 25 франк, 1 420 рубль немесе 160 юань сұралмақ.

Бұл соманы барлығы төлейді. Әрі қарайғы алым көлемі виза түріне қарай ерекшеленеді.

Бір мәртелік виза (туристік және транзиттік визалардан басқа) бағасы 80 доллар, 75 еуро, 75 фунт стерлинг, 80 франк, 4 530 рубль немесе 515 юань тұрады.

Көп мәртелiк виза құны:

  • 1 жылға дейін – 200 доллар және осынша франк, 170 еуро және осынша фунт;
  • 2 жылға дейін – 400 доллар және франк, 330 еуро және фунт;
  • 3 жылға дейін – 600 доллар және франк, 450 еуро және фунт;
  • 4 жылға дейін – 800 доллар және франк, 600 еуро және фунт;
  • 5 жылға дейін – 1 000 доллар және франк, 850 еуро, 810 фунт болады.

Туристік виза сәл арзандау:

  • бір мәртелік виза: 60 доллар және швейцар франкі, 50 еуро және фунт стерлинг.
  • көп мәртелік виза: 90 доллар және франк, 80 еуро және фунт.

Транзиттік виза: бір мәртелігі 20 доллар мен франк, 15 еуро мен фунт. Көп мәртелік транзиттік виза: 90 доллар мен франк, 80 еуро мен фунт.

Үшіншіден, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанға тұрақты тұруға келу және отбасымен бірігу туралы қолдаухатын ресiмдеу 100 долларға, 75 еуроға, 65 фунт стерлингке, 100 франкке, 5 680 рубльге, 645 юанға түспек. Бұл тариф бұрынғыдан еш өзгермейді.

Төртіншіден, Қазақстанға қайтып оралуға арналған куәлікті беру құны да өзгеріссіз қалады: 10 доллар, eуро, фунт пен франк, 570 рубль, 65 юань.

Бесіншіден, Қазақстан азаматтарының шетелде тұру мәселелері бойынша қолдаухаттарын ресімдеу тарифі де көтерілмеді. Себебі, онсыз да аз емес: шетелге жеке ісі бойынша барған, мысалы, көшіп кеткен Қазақстан азаматы сол елде тұрақты тұруға қалу туралы қолдаухат алғысы келсе, одан сондағы елшілігіміз немесе консулдығымыз 140 доллар немесе франк, 120 еуро немесе фунт, 8 000 рубль, 900 Қытай юані көлемінде консулдық алымды талап етеді.

Жалпы, оралман қандастардан да біраз қаражат сұралады. Өйткені Қазақстан азаматтығына қабылдау және азаматтығын қалпына келтiру туралы қолдаухатты рәсімдеу 100 доллар немесе франк, 90 еуро немесе фунт, 5 680 рубль, 645 юань тұрады.

Сарапшылар елімізді тәрк етушілерден көбірек қаржы алуды ұсынып жүр. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елінде, тіпті Қытай мен Орталық Азия бойынша көршілерде қабылданған. Бірақ Қазақстан Үкіметі бұдан бас тартып келеді. Ресей азаматтығына жасырын кіріп, Қазақстан паспортын тапсырмайтын экс-отандастар саны тым көп. Консулдық алымдар өссе, көршінің азаматы атанғанын жасыратындар саны да көбейеді деген қауіп айтылды. Қалай болғанда, ҚР азаматтығынан шығу туралы қолдаухатты рәсімдеу бұрынғы мөлшерлемеде қалады: 150 доллар мен франк, 130 еуро мен фунт, 8 500 рубль, 1 025 Қытай юані.

Азаматтық хал актілерін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі арқылы алғызатын, шетелде жүрген азаматтарымыз жетерлік.

Бұл ретте бала тууды тiркеу және тиiстi куәлiктер беру 25 доллар мен франк, 20 еуро мен фунт, 1 420 рубль, 165 юань тұрады.

Неке қиюды тіркеу және неке туралы куәлiк беру үшін 35 доллар мен франк, 30 еуро мен фунт, 1 980 рубль, 225 юань көлеміндегі ескі ставка сақталады.

Неке бұзуды тіркеу және некенің бұзылғаны туралы куәлік беру 45 доллар немесе франк, 40 еуро немесе фунт, 2 550 рубль, 290 юань шығын шығаруды қажет етеді.

Азаматтық хал актілері жазбаларының өзгеруі, толықтырылуы, түзетілуі және қалпына келтірілуімен байланысты құжаттарды ресімдеу, сонымен қатар Азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы қайтадан куәлiктердi беру бағасы – 25 доллар немесе франк, 20 еуро немесе фунт стерлинг, 1 420 рубль, 165 юань болады.

Сыртқы саясат ведомствосы азаматтың тірі екендігі фактісін куәландыру (25 доллар), құжаттардың берiлген уақытын куәландыру (25 доллар), жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға беру (30 доллар) және басқа да толып жатқан ақылы қызметтерді көрсетеді.

Мәселен, 50 доллар төлесеңіз, консулдық мекеме өсиет қағазын, құжаттар салынған пакетті және басқада құндылықтарды сақтайды. Ақшаны, бағалы қағаздарды өзінде сақтай тұрсын десеңіз, ай сайын оның жалпы сомасының 0,2%-ы көлемінде ақы беруіңіз керек.

Бір қызығы, консулдықтардың "көпшілік сауда-саттықта тауарлар немесе өзгеде мүлікті сатып беру" деген ақылы қызметі де бар: онда ол сатудан түскен соманың 1%-ын, бiрақ 60 АҚШ долларынан кем емес мөлшерінде ақы алады. Мүлікті немесе ақша сомаларын тиесілі адамына беру үшін 6 айға дейінгі мерзімге депозитке қабылдайды. Ол қызметі үшін ай сайын жалпы соманың 0,2%-ын алып отырады.

Әлдебір адам не компания заңды тұлғалардың мекен-жайына құжаттарын жай емес, дипломатиялық пошта арқылы жібергісі келсе, бұл қызмет 65 доллар немесе 60 еуро мен фунтқа түседі.

Байлығыңыз тасып, шетелде яхта сатып алсаңыз және ол қазақтың көк байрағын желбіретіп жүрсін десеңіз, мұны толық рәсімдегенше, СІМ арқылы Қазақстанның Мемлекеттік туының астында жүзу құқығына уақытша куәлік ала аласыз. Бұл үшін 50 доллар мен франк немесе 45 еуро мен фунт, 2 830 рубль, 325 юань төлесеңіз жетеді.

Осылайша, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің "бизнесі" жан-жақты екенін байқауға болады. Одан түскен қаражат бюджетке бағытталады.

Айта кететін жайт, былтырдан бері консулдықтар енді азаматтардың шетелде аты-жөнін ауыстыруын тіркеуді жүзеге асырмайтын және тиісті куәліктерін бермейтін болды.

Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа тәртіпке сәйкес, аты-тегін ауыстыру туралы өтініш Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеуші органға, ХҚКО-ларға тапсырылады. Шетелдегі Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтары азаматтардан тек өтініші мен құжаттарын қабылдап, оларды еліміздегі тіркеуші органдарға бағыттай алады. Бұл қызмет те ақылы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу