Шетелде ресейлік туристердің легі күрт азайды

1116

Көрші елдің сыртқы туризмі терең әрі жүйелі дағдарысқа килікті.      

Шетелде ресейлік туристердің легі күрт азайды Фото: ЖИ

Шетелге шығуға мүмкіндігі бар ресейлік саяхатшылардың қатары қарқынды түрде қысқаруда. РФ Ұлттық рейтинг агенттігінің (ҰРА) жаңа болжамына сәйкес, 2026 жылдың қорытындысында шетелге бар-жоғы 14 миллион ресейлік қана саяхаттай алады. Бұл тіпті пандемияға дейінгі кезеңнің көрсеткішінен де төмен, деп жазды inbusiness.kz.

Геосаясат, виза және жабық аспан ресейлік туризмді тығырыққа тіреді

Ресейліктер үшін шетелде демалу кеңес кезіндегі сияқты қайтадан "қол жетпес сән-салтанатқа" айналып барады. Ұлттық рейтинг агенттігінің (ҰРА) болжамынша, 2026 жылдың соңына қарай шетелге тек 14 млн РФ тұрғыны ғана шыға алады.

Бұған дейін көршінің нарығы есін жия бастағандай көрінген еді: 2025 жылы сапарлар саны сенімді түрде 15,5%-ға өскен болатын. Алайда енді бұл қарқын күрт тежеліп, бірден 3,5 есеге жуық құлады: өсім қарқыны 4,5%-ға дейін төмендеді, делінген ҰРА есебінде.

Оның сарапшылары қазіргі өмір шындығы мен пандемияға дейінгі тоқ заман арасындағы алшақтық арта түскеніне назар аудартты. 2019 жылы Ресейдің 18 миллион азаматы шетелде тынығып қайтыпты. 2026 жылға болжанған көлем бұл межеден бірден 22,2%-ға азайып қалды. Басқаша айтқанда, 4 миллион ресейлік өз елінен тыс жерде ұзақ күткен демалысын ұйымдастыра алмаған немесе оған қаржысы жетпеген.

"Таяу Шығыстағы дағдарыс пен Ресей экономикасының жалпы нашарлауы салдарынан 2026 жылы сыртқы туризм нарығының өсу қарқыны 15,5%-дан 4,5%-ға дейін баяулауы мүмкін. Нәтижесінде, Ресейден шетелге 14 млн турист аттанады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4 млн адамға аз. Нарық еуропалық бағыттағы шектеулердің және жаңа бағыттарды дамытуға қажетті әуе флотының жетіспеушілігі кесірінен дағдарысқа дейінгі деңгейіне көтеріле алмай тұр", – деп жазды "Коммерсантъ".

Ресейліктер Дубайдан бас тартып жатыр

ҰРА сарапшыларының пікірінше, Ресейдің туристік саласына жасалған ең ауыр соққылардың бірі – Таяу Шығыстағы дағдарыс болды. АҚШ пен Израилдің Иранға қарсы соғысы және Тегеранның осы аймақтағы америкалық одақтастарды – араб елдерін соққылауы бұл өңірдің аспанының жабылуына соқтырды.

Мұның зардабын БАӘ тартты. 2025 жылдың қорытындысында Біріккен Араб Әмірліктері ресейліктердің арасында Түркиядан кейінгі ең танымал бағыт саналған еді. Ондағы РФ азаматтарының көптігі сонша, блогерлер "Дубайск" деп атай бастады.

Алайда 2026 жылы жағдай күрт өзгерді. РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында ресейліктердің әмірліктерге жасаған сапарларының саны бір жылдық мәнде бірден 48,9%-ға құлдыраған.

Көктемде БАӘ-мен арадағы әуе қатынасына қойылған шектеулер салаға ауыр соққы болып тиді. Бірақ бұл шектеулер алынып тасталғанымен, туристік ағын сол бойы толық қалпына келген жоқ.

ҰРА сарапшылары биылғы жыл қорытындысында осы араб мемлекетіне 1 миллионнан да аз ресейлік келеді деп болжайды. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 41%-дан астамға төмен.

Маманданған "Туту" сервисі де ұқсас үрдісті тіркеп отыр: қаңтар-тамыз айларында БАӘ-не билет сатып алуға деген сұраныс бірден 31%-ға, ал, Израилге 20%-ға құлаған.

Дегенмен, саяхатшылардың бір бөлігі балама бағыттарға бет бұруда. ҰРА мен АТОР ұйымдары сарапшыларының бағалауынша, ағымдағы жылы ресейліктердің қызығушылығын Вьетнам, Қытай және Мальдив аралдары жайлауда, деп жазды tourdom.ru.

Нақтылағанда, АТОР дерегінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ресейліктердің жалпы саяхаттарының 7,8%-ы Вьетнамның, тағы 17,1%-ы Қытайдың еншісіне тиді.

Алайда бұл қайта бағдарлану да жалпы ахуалды түзете алмапты. Travelata.ru статистикасы биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында барлық ұйымдасқан ресейлік туристердің 64,1%-ы сол бұрынғыдай екі дәстүрлі бағытты – Түркия мен Мысырды таңдағанын көрсетті.

Айтпақшы, Қазақстан өткен жылы да, биыл да ресейлік туристер арасында ең танымал бағыттардың қатарына кіре алмады.

Ресейліктерге Шенген визасын алу қиындай түсті

Соңғы статистика ресейліктердің жатжұртта демалудан жаппай бас тарта бастағанындай түсінік қалыптастыруы мүмкін. "Өзге елде сұлтандай ләззат алғанша, өз елімде ұлтандай тыныға салайын" деген сияқты.

"Шынында олай емес. Шетелде тыныққысы келетіндер еселеп көбеймесе, еш азаймады. Бірақ бұл үшін ресейліктерде мүмкіндік қалмай барады. Бүгінде сыртқы туристік ағынның қалпына келуіне басты кедергі көп, бастылары – ұшақтардың жетіспеушілігі және РФ азаматтары еркін кіре алатын мемлекеттердің азайғаны. Мысалы, бұрын дербес саяхатшылар Еуропа елдеріне еш кедергісіз, еркін баратын. Бұл бағытта енді ресейлік туристік ағын сап тыйылды. Виза алу қиындады", – дейді "Let’s Fly" туроператорының басқарушы директоры Антон Лаврухин.

Continent Express аналитиктерінің дерегінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Шенген визасына деген сұраныс тағы 9%-ға төмендеген. Ал, ресейліктер арасында ең танымал бағыттар "құрдымға құлады". Италия РФ тұрғындары виза алу үшін берген өтінімдердің 14%-ын, Франция 39%-ын қабылдамай тастады. Испания бағытындағы көрсеткіш бірден 51%-ға құлдырады. Continent Express мәлімдегендей, бұл елдің азаматтары үшін виза беру ережелері қатайтылды, туристерге қойылатын қаржылық талаптар шығандап кетті.

Оның үстіне ресейліктердің "алда жеңілдіктер болар" деп үміттенбеуіне де болады. Еуропалық Одақ талаптарын қатайтуды жалғастыруда. Биылғы 7 шілдеден бастап Словакия ресейліктерге Шенген визасын беруге толықтай тыйым салды. Сондай-ақ өз бетінше саяхаттайтындар арасында танымал "Форум Винского" ресурсын қолданушылар РФ-ке ең жақын елдер – Грекия мен Болгария консулдықтары да жаппай бас тартып жатқанын хабарлады.

Ресейлік туроператорлар Еуропаны Азиямен немесе өзге экзотикалық елдермен алмастыруға тырысуда. Лаврухин мұның мүмкін еместігін қаперге салды. Проблема сол бұрынғыдай: ресейлік әуе компанияларында бос ұшақтар мүлдем жоқ. Ал, қолжетімді әрбір борт үшін қатал күрес жүріп жатыр. Сондықтан сарапшының болжамынша, ресейлік нарық пандемияға дейінгі 18 миллион турист межесіне 2030 жылдан ерте жете алмайды.

Ресейлік әуежайлар жабылып, рейстер жаппай кешігуде

Егер шетелдегі кедергілерді жат мемлекеттер тұрғызып жатса, ішкі көлік дағдарысына Ресейдің өзі кінәлі. Соңғы апталардағы оқиғалар ресейлік жолаушылар үшін нағыз сынаққа айналды.

Украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына байланысты Ресейдің оңтүстігі мен орталығындағы аспан дүркін-дүркін жабылуда: дронның ұшуы қаупі туындаса болды, РФ құзырлы органдары "Кілем жоспарын" енгізеді де, әуежайлардан ұшақтардың ұшуына ондаған сағат бойы тыйым салып тастайды.  

Өткен жұмадан бері ресейлік жолаушылар кезекті көлік коллапсынан зардап шегуде. Мәскеу әуежайларында рейстердің жаппай кейінге қалуы деректері тіркелді. Жолаушылар ұшуды сағаттап күтуде: Дубайға дейінгі рейстер 17 сағатқа, Ыстамбұлға 12 сағатқа дейін кешікті. Внуково әуе қақпасында барлық басты халықаралық бағыттар – Түркия, Мысыр, БАӘ, Грузия, Әзірбайжан және Армения бағыттары дағдарған.

Бір ғана Мәскеуде бір күннің ішінде 100-ден астам рейс кешіктіріліп, ұшақтар амалсыз, беларустік Минскіге, ресейлік Төменгі Новгород пен Саратов, башқұрттық Уфа қалаларына кері бағытталды.

Түркияның Ыстамбұлынан ұшып шыққан Pegasus пен Ajet шетелдік тасымалдаушыларының екі рейсі РФ-қа жете алмай, Литва үстінен кері бұрылуға және ыстамбұлдық Сабихи Гөкчен әуежайына оралуға мәжбүр болды. Ақпарат құралдары "туристердің зәресі ұшқанын" жазуда.

Сочи әуежайындағы жағдай тіпті жаншошырлық. Рейстердің кешігуі бойынша тарихи рекорд орнатылды: кейінге қалдыру 4 күнге дейін жеткен.

Мұнда "Кілем жоспары" соңғы бірнеше тәулік бойы қайта-қайта енгізілуде. Ивановоға бағытталған EO-979 рейсі өткен жұмадан бері қаңтарылып тұрып қалды. Батумиге баруға тиіс WZ-935 рейсі 14 тамыздың орнына екі тәулік өткен соң ғана ұшып кете алды. Әуе компаниялары кешіктірілген рейс жолаушыларын қонақүйлерге орналастыруға мәжбүр. Сочи аэровокзалының өзінде шұғыл түрде 300 қосымша орындық орнатылып, адамдарға жерге жайып ұйықтауы үшін жүздеген кілемшелер таратылды.

Тек 17 тамыздың өзінде Сочиде 113 рейс кешіктірілді – 60-ы ұшуға, 53-і қонуға тиіс еді. Кешігулердің шексіз тізбегі сейсенбіге де ауысты.

Көлік күйзелісі және тоқтаусыз "дрон шабуылы" қаупі аясында туроператорлар да, әуе тасымалдаушылары да алапат шығынға батуда. Салдарынан, шетелдік рейстердің бір бөлігі қысқартылып, РФ саяхатшыларының барар жер, басар тауы тағы да азайды.

Сондықтан туроператорлар курорттық маусымды ресейліктер үшін әдеттегідей әлдеқайда ертерек аяқтауды ойластыра бастады.

"Бізде тамыз айына бәрі дайын. Енді алдағы қыркүйек айына ұшулар жоспарын түзу бойынша жұмыс жүргізілуде. Ары қарай маусымның аяқталу мерзімін сәл бері жылжытуға тура келетін сияқты: қазанның соңында тәмамдалуға тиіс еді, қазан айының басымен аяқтай салуымыз мүмкін", – дейді Anex бас директорының орынбасары Яна Муромова.

Ресейлік сыртқы туризм елдегі экономикалық дағдарыс, шетелдік санкциялық қысым, визалық бұғаттау және әуе тасымалының күйзелісі

арасында қыспақта қалды. Ресейлік азаматтың шетелдік саяхаты күрделі, қымбат әрі алдын ала жоспарлауға келмейтін сипат алды. Соның кесірінен РФ азаматтары шетелге шығудан шынымен қорқатын жағдайға жетуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу