Шетелдегі отандық ғалымдарды Қазақстанға қалай қайтарамыз

5748

Бұл сұраққа ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері жауап берді.

Шетелдегі отандық ғалымдарды Қазақстанға қалай қайтарамыз

Әлемді аузына қаратып жүрген отандық ғалымдарды Қазақстанға қайтару бастамасын көтергенімізге жылдардың жүзі болды. Бұл туралы президент ақылмен де, ашумен де айтты. Алайда сең сетінеп, тоң жібіген жоқ. Бұған не себеп, мұхиттың арғы жағындағы ғалымдарымыз Отанға оралуға неге асықпайды? Оларды Қазақстанға қалай қайтарамыз?

Мыңжылдықтың 7 есебiнiң бiрі – Новье-Стокс теңдеуiн шешкен әйгілі академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтарбай Өтелбаевтың сөзінше, қазір Қазақстанның "ақылды бастары" өзге елдің дамуына қызмет етіп жатыр. Себебі кезінде олар тиісінше бағаланбаған. Қарыны ашып, қадірі қашып, берекесі кеткен соң, амалсыздан мұхит асқан.

"2009 жылдан бері Қазақстан әлемнің төрт тарабына шашырап кеткен озық ойлы адамдарын қайтару үшін әрекеттеніп жатыр. Нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай деуге келмейді, дегенмен Қазақстанға қайтып келген ғалымдар бар. Соңғы 2 жылда елімізге түрлі салалардағы 75 қазақстандық ғалым қайтып келіп, Назарбаев университетіне - 26, Еуразия ұлттық университетіне - 5, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық теxникалық университетіне - 2 ғалым орналасты. Қазір олар инновациялық экономика құру бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетіп, ғылымның түрлі салаларына инновациялық идеяларын енгізіп жатыр", – деді Мұхтарбай Өтелбаев.

Айта кетейік, білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2009 жылдан бері Қазақстанға шет мемлекеттерден ғылыми және оқытушылық қызметке 7 мың маман шақырылған. Олардың еңбегін өтеуге қазынадан 10 млрд теңге бөлінген.

"Ғалымды дайындағаннан сатып алған оңай"
Математик осылай деді. Оның сөзінше, АҚШ әлемнің ақылды адамдарын аңдып отырады және оларды ебін тауып өздеріне тартып алады. Сөйтеді де озық идеяларды өз игіліктеріне пайдаланады.

"Ғалымға, өнертапқышқа қай елде, қай жерде жұмыс істеген маңызды емес. Оларға жұмыс істеуге жасалған жағдай маңызды. Жағдай дегенде жұрттың барлығы бірден материалдық жағдайды ойлайды. Рас, материалдық жағдайдың да өзіндік орны бар, алайда нағыз ғалымға зерттеу орталығында жұмыс істегеннен асқан бақыт жоқ. Мұны шетелдіктер жақсы біледі", – деді Мұхтарбай Өтелбаев.

Қазақстандықтар қалып, қытайлықтар қашып жатыр
"Бо­лашақ" бағдарламасы бойынша мемле­кет­тің қаржысымен шетелге барып, білім алған жастардың шетелде қалып қоюға тырысатыны академиктің жанына батады екен.

"Кейде "Болашақ" бағдарламасымен білім алған жастардың шетелде қалып қойғанын және қалып қоюға тырысатын естігенде солардың бойында ұлтжандылық пен намыс жоқ па, әлде тәрбиелерінде бір кем дүние бар ма деп ойлаймын. Қазақ елі оларды білім алсын, білімін Отанының гүлденуіне жұмсасын деп, сенім білдірді ғой", – деді Мұхтарбай Өтелбаев.

Айтпақшы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын шақта Мұхтарбай Өтелбаев та АҚШ-қа шақырылған. Алайда ол бас айналдырарлық ұсынысқа келісім бермеген.  

"Қазақстандықтар шетелде қалып қоюдың амалын іздесе, қытайлықтар шетелге қашуға тырысады. Соңғы 18 жылдан Қытайдан Батыс елдеріне 500 мыңға жуық инженер кетіп қалған. Қазір Қытай үкіметі отандастарын қайтаруға бар күшін салып жатыр. Ресей Федерациясы да қиырдағы қандастарын елге қайтару үшін жанталасуда. Бізге шет мемлекеттерден ғалымдарымызды қайтару бағытындағы жұмысты жалғастыра беру керек. Жасыратыны жоқ, мен танитын мықты ғалымдардың дені мұхиттың арғы жағында жүр. Олардың барлығы елге оралса, отандық ғылымда бұрын-соңды болмаған жарылыс болар еді", – деді Мұхтарбай Өтелбаев.

Жас ғалымдар тапшы
Математиктің сөзінше, қазіргі ғылым доктарларының 50%-ның жасы 60-тан, ғылым кандидаттарының 75%-ы 40-тан асқан адамдар.

"Инновациялық экономиканың қозғаушы күші – ғылым. Кәсіби кадр болмаса, ғылым құрдымға кетеді. Ғылымы құлдыраған елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдай бір адым алға баспайды. Біз адамзатқа ортақ ғылымнан ұлттық мүдде табуға тиіспіз. Ғылымдағы ұлттық мүде дегеніміз – өзге елдің ғалымын емес, өз еліңнің ғалымына жағдай жасау және оның ақылын ел игілігі үшін пайдалану", – деді Мұхтарбай Өтелбаев.

"Жемқорлық жойылмаса..."

Отандық білім беру жүйесінің халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануы бекер болады.

"Шет мемлекетте ғылым саласында жүрген адам түгілі, күнде ақша санап жүрген бизнесмендердің өзі жемқорлық дегеннің не екенін білмейді. Бізде қай саланың болмасын өкілі "биені бүгімен, түйені түгімен жұта салуға дайын тұрады. Бұған 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми конкурстан шыққан шу дәлел. Қазақстанда жемқорлық тыйылмаса, шетелдегі отандық ғалымдар елге оралмайды. Себебі олар мұхиттың арғы жағында ғылыми жобамен қыруар қаржы табады. Бізге келсе олардың жобалары әділетсіздіктің құрбанына айналады", – деді Мұхтарбай Өтелбаев.

"Ғылымды коммерцияландыра алмасақ..."
Академиктің айтуынша, Қазақстанға отандық ғалымдар ғана емес, әлемнің үздік мамандары мен инженерлері һәм технократтары ат ізін салмайды.

"Бізге xалықаралық ұйымдармен, ғалымдармен әріптестікті кеңейту үшін ғылымды коммерцияландыру қажет. Бұлай болмаса, инновациялық экономиканың тамырына қан жүгіріп, ғылымға басымдық беретін өндіріс орындарының саны көбеймейді",  – деді мемлекеттік сыйлықтың иегері.

"Назарбаев университетінің айналасына топтастыру керек"
Мұхтарбай Өтелбаевтың сөзінше, бізге шетелдегі отандық ғалымдарды және мықты мамандарды Қазақстанға үздіксіз шақыру және олардың барлығын Назарбаев университетінің айналасына топтастыру керек.

"Назарбаев университеті халықаралық дәрежедегі университет. Осы жоғары оқу орны аясында отандық, шетелдік ғалымдардың бірлескен жобаларын жүзеге асырсақ ұтылмаймыз. Бұған қоса елімізге арнайы шақырылған ғалымдарға әлеуметтік жағдай жасап, оларға ғылыми орта қалыптастырып берген жөн. Мықты мамандарды ғылыми гранттармен, жобалармен қызықтыру керек. Шетелдің озық ойлы мамандарының ақыл-ойы ұлттық экономиканы инновациялық экономикаға айналдырады. Осылай болған кезде ғылым мен бизнестің бірлестігі пайда болады. Ғылым мен бизнес біртұтас болған кезде алынбайтын асқар болмайды", – деді Мұхтарбай Өтелбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу