Шетелдік автоөнеркәсіпті шектей алмадық

9939

Нарықтағы биылғы өсім – коммерциялық белсенділіктің жемісі. 

Шетелдік автоөнеркәсіпті шектей алмадық

Биылғы пандемия машина жасау саласына да салқынын тигізбей қоймады. Бірақ өзге салалармен салыстырғанда анау айтқандай тығырыққа тірелмеді де. Мұның себебін Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма мүшесі Павел Беклемишев түсіндіріп берді.

"Біріншіден, машина жасау – серпінді сала. Екіншіден, саланың өнімдеріне әрдайым сұраныс бар. Әлбетте, биылғы жағдай бізді де айналып өткен жоқ. Пандемия орын алса да, сұраныс сақталды. Оның үстіне салаға мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінеді. Әсіресе экономикада дағдарыс басталғанда мұндай қолдаудың көмегі зор", – дейді ол.

2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайыз өсім көрсеткен. Соның ішінде машина жасау саласындағы өсім 16,3 пайызды құраған. Бұл ретте, автомобиль жасау көрсеткіші 51,8 пайыздық өсімге тең. Алайда біздің елдегі ресми статистика көп жағдайда шынайы ахуалмен сәйкес келе бермейді.

Жоғарыдағы статистикада келтірілгендей, автомобиль жасау бағытының өсімі көңілге қуаныш ұялатады. Соған қарап-ақ машина жасау саласындағы табыстардың дәл осы бағытқа тиесілі деп бірден аңғаруға болады. Алайда Павел Беклемишев бұл пікірмен келіспейді.

"Дәл қазіргі жағдайда автомобиль құрастыруды машина жасау саласының негізгі бағытына айналды деп айта алмаймын. Себебі биылғы өсім – коммерциялық белсенділіктің жемісі. Аталған бағыттың пандемия жағдайында жақсы өсім көрсеткені түсінікті. Себебі шекара жабылды. Сырттан көлік сатып әкелу тыйылды. Демек, тұрғындар үшін көлік алудың бір ғана жолы қалды. Ол – Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алу. Сондықтан мұны шынайы өндіріс деп атауға асықпайық. Оның үстіне бұл бар болғаны құрастыру ғана. Біз мұндай көліктерді қазақстандық компаниялардан сатып алсақ та, түптеп келгенде шетелдік автоөнеркәсіпті қаржыландырып отырмыз. Әрине, сырттан келетін өнімді шектегіміз келеді. Жоспар бар. Ынта зор. Бірақ мұның бәріне ұзақ уақыт керек", – дейді Павел Беклемишев.

Оның айтуынша, машина жасау саласына қолдау көрсету үшін шетелден материалдар мен жинақтауыштарды импорттаған кезде салықтық және кедендік жүктемені төмендету керек. Сондай-ақ Қазақстан аумағында жинақтауыштар мен дайындамаларды шығару үшін өндіріс базаларын құру маңызды. Өз кезегінде бұл салаға қосымша бәсекелестік береді.

Биыл Индустрияландыру картасы аясында 996 млрд теңгеге 206 жоба іске қосылуы керек. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспорт көлемін 325 млрд теңгеге ұлғайтады деп күтілуде. Сондай-ақ 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Бұл ретте машина жасау саласында 170 млрд теңгеге 19 жоба жүзеге асырылуда.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу