Шетелдік инвесторларға 110 жоба ұсынылды

Инвестициялық форумда құны 295 млрд теңгеден асатын 45 келісімге қол қойылды. 

Шетелдік инвесторларға 110 жоба ұсынылды

Өскеменде өтіп жатқан "Altai Invest 2018" инвестициялық форумына алты құрлықтан алпауыт инвесторлар келді.

Әлемнің 18 елінен Алтайға ағылған 300 делегат Шығыс Қазақстан облысын инвестиция алаңы ретінде зерттеуге мүмкіндік алды. Мұндай шара осымен үшінші жыл өтіп жатқанын айту керек.

Жыл өткен сайын форумның аясы кеңейіп, ұсынылған жобалардың салмағы да ауырлай түскен. Биылғы форумға Еуропа даму және қайта құру банкі, Азия даму банкі сияқты ірі қаржы институттары қызығушылық танытыпты. Ал Франция, Оңтүстік Корея және Венгрия елінің инвесторларын Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері бастап әкелген. Шараның пленарлық отырысында елшілер сөз алып, Шығысты Қазақстанды  "тартымды инвестициялық алаң" деп атады.

"Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" демекші, облыс әкімі Даниал Ахметов биылғы форумның ауқымы бұрынғыларынан әлдеқайда кең болатынын атап өтті.

"Инвесторлар біз ұсынған жобалардың барлығын жоғары бағалап отыр. Еуропа даму және қайта құру банкінің белсенділігіне ерекше алғыс айтқымыз келеді. Қазірдің өзінде аталмыш банктің 70 млрд теңге инвестициясына бірнеше жоба жүзеге асуда. Осыған қосымша тағы 150 млрд теңге құймақшы", – деді облыс әкімі.

Еуропалық банк Өскемендегі қоғамдық көлік сапасын арттыруға да атсалысуы мүмкін. Аталмыш қаржы ұйымы қазіргі ескі автобустардың орнына экологиялық жағынан зияны, экономикалық жағынан шығыны аз электробустармен алмастыру жобасына қызығушылық танытып отыр.  

"Екінші кезекте қоғамдық көлік қызметінің ақысын электронды жүйе арқылы төлеу жобасы тұр. Еуропалық банк бұл жобаға да қаржы құюға ниет білдірді", – деді Даниал Ахметов.

Форум қонақтарына аграрлық салада күнбағыс майын өңдейтін зауыт салу, туристік базалар орнату, мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында балабақша салу, ағаш өңдеу және жасанды тоғандарда бекіре тұқымдас балық өсіру, тантал мен титаннан жасанды сүйек жасау жобалары ұсынылды. Ал түркиялық инвесторлар Өскеменде 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысын қаржыландырмақ. Қытайлық инвесторлар аграрлық мақсаттағы жобаларға ерекше ықылас танытуда. Соның айқын дәлелі "сегізінші деңгейлі" жылыжай салу жобасы. Екіжақты келісім бойынша, Шығыс Қазақстан аумағынан бой көтеретін жылыжай жылына 379 мың тонна көкеніс өндіруге тиіс. Оның жанынан 3 мың тонналық қойма да салынбақ.

"Қытай – біздің сенімді серіктестеріміздің бірі. Осыған дейінгі форумдардың бірінде Зайсан ауданында шағын тракторлар құрастыратын цех ашуға уағдаласқанбыз. Уәде орындалып, бүгінде өндіріс жұмыс істеп тұр. Ал қытайлық стандарт бойынша ауылшаруашылық өнімдерді сертификаттайтын зертхана жақын арада ашылады. Қытай тарапы зертхананың заманауи құрылғыларын өздері орнатты.  Зертхана ашылғанда екі арадағы тауар айналымы еселеп артады. Бізге солай болғаны маңызды. Өйткені Қытай – біз үшін нарықтың алып мұхиты", – деді аймақ басшысы.

Форум аясында "Көркем-Телеком" компаниясы 8 млрд теңгенің келісіміне қол қойды. Жоба бойынша Өскемен, Семей, Риддер, Аягөз, Зырян және Шемонаиха қалалары "Сергек" бейнебақылау жүйесіне қосылуға тиіс. Бұған дейін аталмыш камералар тек Өскеменде ғана болған. Жуырда Семей қаласына 4 мың камера орнатылады.

Форум барысында шетелдік инвесторларға 886,2 млрд теңгенің 110 жобасы ұсынылды. Ол жобалар туризм, өнеркәсіп, энергетика және коммуналдық шаруашылық, агроөнекәсіп сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік салаларын қамтыды.

"Шығыс Қазақстан әлемнің 80-нен астам елімен сыртқы сауда байланысын орнатқан. Бүгінгі форумда 45 келісімге қол қойылды. Олардың құны 295 млрд теңгеден асты.  Пленарлық отырыстың өзінде жалпы құны 104 млрд теңге болатын үш жоба бойынша келісім жасалды. Биылғы келіссөздер экономиканы цифрландыру мәселесін көбірек қамтыды. Көше шамдарын жаңарту, аудан орталықтарын сапалы бейнебақылаумен қамту, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, білім беру ошақтарын заманауи құрылғылармен жабдықтау сияқты жобаларға қаржы тарттық. Бұл жобалар жүзеге асса, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарады", – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу