Шетелдік ірі кәсіпкер билікке сөзін өткізе алмады

4154

Көлгінов "Метроның" ескі беделін мойындамады.  

Шетелдік ірі кәсіпкер билікке сөзін өткізе алмады

Инвестор шекеден қараған заман

Астанада 2009 жылғы қыркүйекте Орталық Азиядағы тұңғыш "Metro сash & сarry" сауда орны ашылғанда, бұл сенсацияға баланды. Өйткені ол дамыған елдерде таралған "cash and carry" форматындағы тұңғыш көтерме сауда орталығы болатын.

Оның ашылу салтанатына сол кездегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы қатысып, соңынан 6 880 шаршы метрді алып жатқан алып (сол кездегі бағалаумен) орталықты аралап көрді. Оған дербес "Метро-карта" берілді. Сол кезде сауда орнында 13 мың азық-түліктік және 12 мың азық-түліктік емес өнім түрі ұсынылғаны хабарланды. Тіпті қазақстандықтардың көбі өмірінде көрмеген акула еті (харам, әрине) әр келісі үшін 2 229 теңгеден  сатылып жатты. 

Елбасыға ере жүрген журналистер ондағы сөрелерде самсап тұрған саналуан тауарларды сатып ала алмайтынын біліп, тұнжырады: барлық өнім тек арнайы картамен сатылатыны ескертілді, ал ол карта кәсіпкерлерге және көтерме сатып алушыларға ғана рәсімделеді. Содан ізінше "президенттік пул" журналистері үшін жеңілдік жасалып, уақытша карта үлестірілгені есте. Оны ала сала, төбесі көкке бір елі ғана жетпей қалған БАҚ өкілдері дүкен аралап кетті.

Сол кезде елордалықтар және өзге қалалардан келген қонақтар үшін "Metro cash and carry" картасына ие болу – әлдебір элитарлық клубқа кірумен тең еді. Қазір айтса сенгісіз, бірақ о баста бұл "клубтың" талаптары қатаң-тын: "Метро Қазақстан" компаниясының директоры Стивен Кригер түсіндіргендей, біріншіден, "Metro сash&сarry" жеке азаматтармен, тұтынушылармен жұмыс істемейді, тек заңды тұлға мәртебесіндегі бизнес-клиенттермен ғана істес болады. Оның тұрақты клиенттері қатарында кейтеринг, қонақүйлер, мейрамханалар, шағын және орта бизнес кәсіпкерлері аталды. Олар өз өкілін жіберіп, тіркеліп, "Метро" сатып алушысының карточкасын алуы шарт-тын.

Екіншіден, оның өкілдері жарнамалық мақсатта бас қаладағы ұйымдарға, компаниялар мен кәсіпорындарға өз карточкасын тегін таратты. Дегенмен, оның мерзімі бір күнгі саудамен шектелді. Егер осы орталықтың тұрақты клиенті болуды қаласа, онда заңды тұлға не бизнес өкілі ресми құжаттарының және ұйымның жарғысының көшірмесін ала келуге тиіс еді. Сонда ғана оған карточка берілетін.

Үшіншіден, "Метроға" келушілер қатаң тәртіпке бағынуға мәжбүрленді. Мысалы, іскерлік-бекзаттық сипатын бұзбау үшін орталыққа 6 жасқа дейінгі балаларды ертіп кіруге тиым салынды. Бұған қоса, карточка иесіне карточкасы жоқ 2 адам (көмекші, кеңесші не жүкші есебінде) ғана ілесіп кіре алатын, қалғаны сыртта қалуға тиіс.

Ол кезде "Метро" қызметкерлерінің басым көпшілігі Санкт-Петербургтан шақырылған мамандар болды. Олар шамалы уақыт осы талаптардың сақталуына мән берді.

Зейнеткер қайтсе көп келеді?

Кейін елордада тауарлар ассортименті мол "Магнум", "КеңМарт", "Смолл" және басқа да гипер-супермаркеттер желісі қаптап ашылды. Оның үстіне "Метродағы" бағалар көтерме баға мәртебесіне толыққанды сәйкес келмейтіні анықталды. Бәсекелестіктің күшеюі бәрін орын-орнына қойды.

Бүгінде "Метро" қатардағы гипермаркеттердің бірі. Сауда жасау үшін бұрынғыдай карта алуды талап етпейді. Енді бизнесмендерге ғана емес, зейнеткерлерге де құшағы ашық. Келсе болғаны. Алайда зейнеткерлер, бұқара өкілдері келуі үшін автобус қажет.

Айтқандай, орталықтың 250-дей қызметкері жұмыс орнына уақытылы жете алуы үшін қала әкімдігі кезінде оған автобус бағдарын тартқан болатын. Қоғамдық көлік тіпті "Метроның" тұрағына кіріп, есігінің алдында тоқтайтын. Қазір көбіне алыстан айналып кететін болыпты.

Осы орайда "Метро Кэш энд Керри" ЖШС Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновке ұсыныспен жүгінді.

"Біздің компания елордадағы №29, №29 "А" және №80 автобустарының бағдарына өзгеріс енгізіп, оларды "Астана-Қарағанды тас жолы, 4/1" мекенжайында орналасқан "Метро" сауда орталығының аумағына кіруге міндеттеуді ұсынады. Бұл өтініштің негізі бар: зейнеткерлер және қоғамдық көлікті пайдаланатын басқа да адамдар бізге келуде қиыншылық көруде. Олар әлеуметтік желі арқылы жүгініп, бізге автобус келмейтініне өкініш білдіреді. Сондықтан сауда орнының аумағына дейін кіретін қалалық қоғамдық көлік маршруттерінің санын арттыруды сұраймыз", – делінген әкімге хатта.

Бүгінде соң жағалаудағы ескі орталықта жүретін №71 автобустың бағдарында ғана оның "Метроға" дейін жететіні көрсетілген.

"Бірақ ол автобус кешкі 21:00-ден кейін жүрмейді, қасымыздан өтіп кетеді. Қызметкерлеріміз аялдамаға жүгіріп жетіп үлгермейді. Біз 2021 жылғы 6 ақпан мен 10 ақпан аралығында хронометраж бойынша зерттеу жүргізіп көрдік: сонда анықталғандай, бұл бағдардың белгілі бір кестесі жоқ көрінеді, орталық аумағына енгенімен, аялдамада 1 минут қана аялдап, кетіп қалады. Кейде алдамамызға да жетпей, алыстан бұрылып кетеді. Біздің сауда орталық 20:00-ға дейін істейді. Барлық қызметкер 21:00-ден кейін босайды. Атап өтер жайт, "Метро" аумағында жабдықталған автобус аялдамасы тұр. Ендеше қоғамдық көліктердің жүріс бағдары өзгерсе, бұл әкімдіктен қосымша қаржы шығынын талап етпейді", – дейді компания өкілі Қанағат Қуанғанов.  

Оның байламынша, автобустардың жүру ұзақтығы да көп ұлғаймайды: өйткені "Метро" қалалық көліктер қозғалатын "Қарағанды тас жолынан" 150 метр қашықтықта орналасқан.

Әйтсе де, бұл дәйектер Алтай Көлгіновті иліктіре алмады. Елорда әкімі халық наразылығын туғызбау үшін бұған бара алмайтынын жеткізді.

Қалабасы Үкіметтің 2007 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен бекітілген "Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесінің" 22-бөліміне сай, жолаушыларды автомобиль көлігімен тұрақты тасымалдаудың бағыттық желісін қалыптастырған кезде мынадай қағидаттардың бірі орындалуға тиістігіне назар аудартты: "жүру жолында жолаушыларға лайықты жағдайлар жасау"; "сапардағы жолаушылардың уақыт шығынын барынша азайту".

"Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының ақпаратына сәйкес, №29 және №80 маршруттерінің негізгі мақсаты – қала шетіндегі "Интернациональный", "Мичурин" және "Күйгенжар" тұрғын үй алаптарының тұрғындарына қызмет көрсету. Егер №29, №29 "А" және №80 автобустарының қозғалыс схемасын өзгертсек және оларды тура жолдан тайып, "Метроға" кіруге міндеттесек, бұл осы автобустар қызметін пайдаланатын ірі үш тұрғын үй алаптары тұрғындарының әділ сынын және көңілтолмастығын туғызады", – деді Алтай Көлгінов.

Ол қоғамдық көлік – "бұқаралық сұраныс нысаны" екенін еске салды, тиісінше, оның жүріс бағыты да бұқаралық ағынға сәйкес келтірілуі керек екен. Ал бүгінде әлгі сауда орталығы бағытында лек-лекпен ағылып жатқан бұқара байқалмайды.

Елорда әкімі сондай-ақ №71 автобустың 21:04-ке дейін жүру кестесі солай қалатынын, оның түнге дейін ұзартылмайтынын мәлім етті.

Осылайша, "Метро кэш энд керри" орталығының өзіне жаңа автобус бағдарларын тартып, клиенттер қатарын өсіру талабы тұйыққа тірелді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу