Шетелдік компаниялар "шекемізді шылқытып" отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5785

Елімізде сырттан келген 22 100 компания жұмыс істейді. Олардың 21 500 -і шағын кәсіпорын ретінде тіркелген.

Шетелдік компаниялар "шекемізді шылқытып" отыр

8 700 шетелдік компания көтерме және бөлшек сауданың тұтқасын ұстап отыр. 2 300 компания құрылыс секторында, 1 700 компания кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында қызмет көрсетеді. Бұлардың арасында 30 ірі компания Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне түсетін барлық салық түсімінің үштен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр.

Пандемияның салдарынан 2020 жылдың 10 айында бюджетке  жолданған салық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ға кем болды. Қазынаға барлығы 6,4 трлн теңге салық аударылды. Бұған шетелдік салық төлеушілер айтарлықтай үлес қосты.

Салық түсімінің негізгі бөлігін әдеттегідей мұнай-газ секторы қалыптастырды. Бұл жерде шетелдік компаниялардың үлесі барлық салық төлемінің 74% немесе 1,6 трлн теңгені құрады.

ТОП-30-ға енген шетелдік компаниялардың арасында "Теңізшевройл" көш бастады. Ол Қазақстан бюджетіне шетелдік компаниялар аударған барлық салықтың 37%-ын жолдады. Нақты санға келетін болсақ, "Теңізшевройл" бюджетке 2020 жылғы 10 айда 832 млрд 1 млн теңге салық төледі.

"Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." консорциумының салық аударудағы үлесі – 29,25% құрады. Бұл – ақша эквивалентінде 398 млрд 500 млн теңге. Үздік үштікті Glencore International компаниясы тұйықтады. Ол мемлекеттік бюджетті 109,3 млрд теңгемен толықтырды.

JTI Kazakhstan, Philip Morris Kazakhstan, British American Tobacco сынды темекі өнімдерінің алпауыттары да ірі көлемде салық төледі. Олар ел бюджетін 240 млрд 200 млн теңгеге еселеді.

Шетелдіктердің металлургия саласындағы компаниялары да қазынаға қыруар қаржы аударды.Олардың салық аударымының жиынтығы 161 млрд 500 млн теңгені құрады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу