Шетелдік маман Қазақстан экономикасының дамуын болжады

20866

Халықаралық валюта қоры еліміздегі кеңес беру шараларын қорытындылады.  

Шетелдік маман Қазақстан экономикасының дамуын болжады

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) өкілі еліміздегі экономикалық жағдай мен экономикалық дамудың әлеуеті жайлы айтып, экономикалық саясатқа қатысты кеңес берді. Қазақстан Республикасындағы ХВҚ миссиясының басшысы Марк Хортон мырза еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштері жақсарғанын мәлім етті.

"Халықаралық валюта қоры кеңес беруінің төртінші кезеңін аяқтаймыз. Осындай миссия жыл сайын ХВҚ мүше елдерде өтіп тұрады. Биыл Қазақстанға келіп, экономикалық жағдай мен саясаттағы өзгерістердің тәуекелдерін талдадық. Жалпы алғанда, биыл Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері жақсы. Әсіресе, мұнай өндіруге қатысты емес сектордың экономикалық өсімі біз күткендегіден жақсырақ болды. Биылғы жылдың өткен үш тоқсанының қорытындысы бойынша, өсім 4,3%-ды құрады. Жыл басында біздің болжам 3,8% болған, нәтижесінде бұл көрсеткішті қайта қарастырдық. Экономикалық өсімнің үш себебі бар. Бірінші, салықтық-бюджеттік қолдау. Бюджет биыл үш рет қайта қаралған болатын. Екінші маңызды фактор, ол бөлшек несиелеудің айтарлықтай өсуі. Үшінші фактор – инвестициялық жобалар. Бұл жобалардың ішінен екеуін айырықша айтар едім. Олар – Теңіз кен орнының екінші фазасы және Қазақстанның оңтүстігінен Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырын тарту жобасы", – деді Марк Хортон.

Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы еліміздің экономикасының қысқа және орта мерзімдік дамуы жайында болжамымен бөлісті.

"Өткен айларда инфляция 5,5%-ды құрады. Алдағы бірнеше айда инфляциялық қысым жалғасады деп болжанады. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл сыртқы операциялар да қысқарған. Оның себебі кейбір бюджеттік ынталандырулар, инвестициялық жобалалар және бөлшек несиелеудің өсуіне байланысты. Сондай-ақ, осындай көрсеткіштерге мұнай бағасының төмендеуі де әсер етуде. Мұнай сектордың өсімі әлсіздеу. Былтыр мұнайдың бір баррелі орташа алғанда 71 доллар болса, биыл 58 доллар. Мұнайдан емес кірістердің өсімі биыл ерекше байқалды, алайда келесі жылы қысқаруы мүмкін. Біздің болжауымызша, алдағы уақытта экономиканың өсуі 4%-дан төмен болады. Ал орта мерзімді келешекті алып қарасақ та, 4% шамасында ғана аздаған өсім күтеміз. Дегенмен, Теңіз кен орнының кеңейтілуі аяқталып, алдағы төрт жылда мұнай секторы тұрақталады", - деді ХВҚ өкілі.

Марк Хортон ҚР Ұлттық Банкін деректерді жариялауда ашық, әрі қарым-қатынаста белсендірек болуға шақырып, ақша-кредит саясатындағы екі маңызды нәрсені атады.

"Біз Ұлттық ббанкке деректерін белсендірек жариялауға, ашығырақ бола түсуге және бағаға қандай факторлар мен көрсеткіштер әсер ететіндігін түсіндіруде коммуникацияны күшейтіуге кеңес бердік. Сондай-ақ, Ұлттық Банк пен Үкімет үшін ақша-кредит саясатында екі нәрсе маңызды деп айтар едім. Бірінші, несиелерді субсидиялауды қысқарту. Ал екіншісі, қаржы жүйесі мен банк секторын күшейту", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу