Шетелдік сарапшы: Украинадағы соғыстан қандай сабақ алуымыз керек?

3184

ТМД кеңістігіндегі сұрапыл соғыстың өрті әрі қарай өршіп, жалыны келесі жылды шарпитын түрі бар. Батыстық сарапшылар соғыстың өткен 6 айынан 6 сабақты игергендерін айтады. 

Шетелдік сарапшы: Украинадағы соғыстан қандай сабақ алуымыз керек?

Украина Қарулы күштері (ЗСУ) елдің оңтүстігінде шабуыл қимылдары басталғанын және дұшпан бекінісінің бірінші шебін бұзып өткендерін мәлімдеді. Украинаның оңтүстігіндегі қорғаныс күштері баспасөз орталығының басшысы Наталья Гуменюк ЗСУ Ресей әскерінің бірінші қорғаныс шебінің күл-талқанын шығарып, әлем мойындамаған ДХР-дің 109-полкін Херсон облысындағы бекіністерін тастай қашуға мәжбүр еткенін хабарлады. Мұны "Громадське" басылымына ЗСУ-дың майдан даласында ұрыс салған бөлімшелеріндегі үш дереккөзі де растаған.

Ал Херсон облысының оккупациялық билігі мұндай хабарлардың бәрін "фейк" деп атады. Мысалы, Херсон облысының әскери-азаматтық әкімшілігі басшысының орынбасары Кирилл Стремоусов: "Ешқандай бұзып кіру жоқ, Херсон енді мәңгілік Ресеймен бірге" деген бейне-үндеу жасады. Алайда журналистер оның бұл мәлімдемені Ресейдің Воронеж қаласындағы Mariott қонақүйінен жасағанын анықтады. Яғни ол РФ-ға қашып кеткен. Жалпы Стремоусов Херсонда қалған жалғыз іс басындағы жетекші болатын, себебі Херсон облысы әкімшілігінің басшысы Владимира Сальдоны таяуда әлдекімдер улады, ол Қырымдағы ауруханада жатқан көрінеді. Ал оның тағы бір орынбасары Алексей Ковалевты партизандар өлтіріп кетті.

Ресейлік әскери журналистер ресейлік әскерлердің базалары мен бекіністері үстемелеткен соққының астында қалғанын жазды. Сонымен қатар РФ Қорғаныс министрі украиналық әскерлер Херсон және Николаев облыстарында "шабуылға талаптанғанын" мойындады.

Ресейлік әскерлердің "Каховка" жедел тобы 109-шы полктың және ресейлік десантшылардың майдан даласынан табандарын жалтыратқанын хабарлады. Олар бұған дәлел ретінде видеожазба таратты. Әскери топ Херсондағы ахуалды "өте күрделі" деп бағалады.

Дегенмен әзірге мұның бәрі майдан даласында күрт бетбұрыс басталғанын білдірмейді. Біріншіден, Херсон (Қырым татарларының тіліндегі байырғы атауы – Кәрсөн) қаласына дейін әлі мықты қаруланған екі бекініс бар. Екіншіден, бұған дейін ЗСУ HIMARS-тармен бомбалап, істен шығарған Днепр үстіндегі алып Антонов көпірінің астынан РФ әскерилері понтон көпір құрып, сонымен өз әскерін жабдықтап, жарақтандыруды жалғастыруда. Понтон көпірді Антонов көпірінің қуатты қаңқалары қорғайды.

Халықаралық сарапшылардың байламынша, егер Украина Херсон облысын жаудан азат ете алса, екі жеп, биге шығады. Бір жағынан, халқының, Отан қорғаушыларының рухы көтеріледі. Екіншіден, Батыс украиналық әскердің шегіне бермей, шабуылдап, жеңетініне сеніп, ауыр техника, тіпті ұшақтарын бере бастауы мүмкін.

Қалай болғанда, соғыстың алты айы артта қалса да, оның немен бітетіні беймәлім. Мәскеу де, Украина да соңына дейін баруға бекінді. CNN алда РФ-ның күшейтілген әскері Одессаны басып алып, Украинаны теңізден айыруы мүмкін екендігін жоққа шығармады.

Осы орайда Калифорния университетінің саясаттану профессоры, "Спин-диктаторлар: XXI ғасырдағы тиранияның түрленген жүзі" (Spin Dictators: The Changing Face of Tyranny in the 21st Century) бестселлерінің теңавторы Дэниел Трейсман Украина соғысынан алуға болатын 6 сабақты атады.

№1 сабақ: "Тарихты жасайтын тұлға" қағидаты қайта түледі

Кеше өзінің жариялылығымен Кеңес Одағын күйретіп тынған КСРО-ның бірінші және соңғы Президенті Михаил Горбачев өмірден өтті. Ол Батыста да адамзат тарихының беталысын өзгерткен ірі тұлға саналады.  

Дегенмен одан кейінгі онжылдықтарда жаһандық тұлғалардың тарихта қалдырған іздері кең ауқымды болмады да, "тарих ағысын өзгерткен алып" теориясы сәннен қалды. Оның орнына басымдық Еуропалық одақ, НАТО, өңірлік ұйымдар секілді ұжымдық институттарға берілді. "Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас" қағидаты күш алды.  

"Бірақ Украинадағы соғыс сарапшылардың көзқарасын өзгертіп отыр. Егер Украина Президенті Владимир Зеленский Батыс ұсынған пананы пайдаланып, қашып кеткенде, басын бәйгеге тігіп, халқымен бірге қалмағанда Украина Отан қорғаушыларының қарсыласуы әлдеқайда әлсіз болатын еді. Ресей басқыншылығына дейін рейтингтері төмен құлдыраған комик Зеленскийдің тосыннан алыптанып, өз халқының рухын көтерген, Батысты біріктірген қаһарманға айналатынын кім білген. Дәл сол сияқты егер Ресей президенті батысшыл Борис Ельцин болғанда, ол соғыс ашып, ондаған мың құрбанды жер жастандырмас еді. Путинсіз соғыс та болмас еді. Әрине, Ресейде ұлтшылдар бұрыннан болған. Бірақ Левада-Центр дерегінше, шапқыншылық жасап, Украинаны жұтып қоюды шын қалағандар тым аз болған", – деген тоқтамға келді Дэниел Трейсман.

№2 сабақ: Жауыңды жете бағаламау жарға жығады

Біздің ғасырымызда жаһандық саясатты тек ірі ойыншылар, алпауыт державалар ғана қалыптастыратындай, ал өзге елдер соған үнсіз көнуге мәжбүр болатындай түсінік қалыптасты. Бұған Мәскеудің ұзақ жылдан бері Батыстан Орталық Азия елдерін "Ресейдің ықпал ету аймағы" деп тануын талап етуі дәлел бола алса керек.

Салдарынан, қырғыз астанасы Бішкектің "Манас" әуежайы аумағында 2001 жылы ашылған авиабазасын АҚШ Ресейдің табандауымен, 2014 жылғы 3 маусымда ресми түрде жапты. Соның кесірінен қырғыз елі авиабаза үшін жыл сайын алып келген ондаған миллион доллар жалдау төлемінен, жергілікті тұрғындарды америкалық әлеуметтік қолдаудан және батыстық инвестициялардан айрылды. Енді қырғыздың танымал kloop.kg порталы Бішкек қазіргі "Манас" транзиттік тасымал орталығын болашақта қайтадан АҚШ-қа жалға беруден кетәрі еместігін хабарлады.

Вашингтон былтыр Ауғанстаннан әкетілген әскерлері мен базаларын Тәжікстан мен Өзбекстанда орналастырғысы келетінін мәлімдеді. Алайда бұған да Мәскеу тосқауыл қойды. Душанбе мен Тәшкенттің ықтиярымен есептескен ешкім болмады. Ресей қысымымен кезінде Қазақстан да өз аумағымен Батыстың қару-жарақтарын, гуманитарлық көмегін транзитпен өткізуден бас тартты, табыстан қағылды.

Әйтсе де, батыстық сарапшылар аутсайдерлердің әлеуеті жете бағаланбағанын Украина паш етті деп отыр. Ғасыр басында АҚШ әскері Иракка кіргенде диктатордан қажыған халық жатжұрттықтарды қуана қарсы алғанын халықаралық ақпарат құралдары тегіс көрсетті. Ал Украина халқы ресейлік басқыншыларды гүлмен қарсы алмады, қарша бораған оқ пен бомбаға қарамастан, үдере қарсы шықты.

Бұл жерде мәселе диктатура мен демократияда. Ирактың бұрынғы билігі өзіне ұнамағандарды, оппозицияны аяусыз басып, жаншыды, атып, асты. Содан халық Батыс коалициясын азат етуші ретінде қабылдады. Ал Украинада керісінше, демократия өркен жайды, басып кірген дұшпан оларға тоталитарлық диктатураны таңбақ болуда. Украиналықтар бостан басын бодан қылғысы келмейді. Дэниел Трейсман өткен ғасырда сыртқы жауға төтеп берген Израилді, Вьетнамды да мысалға келтірді.

№3 сабақ: Экономикалық санкциялар диктатураларды құлатпайды

CNN сараптауынша, Батыс қанша жерден теңдессіз санкциялық қысымға алса да, Ресей шыдап бағуда. Ресей халқы қанша қайыршыланса да, заманауи өркениеттің қаншама игіліктерінен айырылса да, орыс рухын көтерген көшбасшысын қолдауын жалғастыратынын аңғартып отыр.

Бүгінде санкциялардың алты топтамасы енгізілді. Әу баста Батыс экономистері РФ экономикасы тарихта болмаған көлемде, он пайыздан астамға құлдырайды деп болжаған. Тіпті мұнайға бай, бірақ санкциядан сорлаған Венесуэладағы сияқты жұмысын, табысын жоғалтып, тақыр кедейге айналған халық көше кезіп, қоқыс қопарып, аштықтан көпір-қалтарыстарда жан тапсырып жатуы да мүмкін деген үрейлі жорамал жасаған. Олар шындыққа айналмады.

Әрине, мамандар Ресейдің болашағы түнек, перспективасы нашар екенін жасырмайды. Сонымен бірге санкция Кремльді де, РФ халқын да соғысты доғаруға итермелей алмады. Қазір рубль уақытша тұрақтанды, банк жүйесі сақталып қалды, жұмыссыздық төмен болып қалуда. Мұнай және газдан былтырғыдан да көп табыс түскен. РФ Орталық банкі биылғы сәуірдегі болжамын қайта қарап, 2022 жылы Ресей ЖІӨ-сі 8-10%-ға емес, 4-6%-ға ғана төмендейтінін жариялады. Яғни пандемия кезіндегідей ғана құлдырау күтілуде. Қытай, Үндістан, Түркия, БАӘ, Индонезия сияқты өз аймақтарының державалары Мәскеуді оқшаулаудан бас тартты. Ал Путин биылғы 15 қарашада Балиде өтетін G-20 саммитіне шақырту алып, баруға дайындалуда.

№4 сабақ: Билікті өз меншігіндей көретін автократтар сұмдық қателіктер жасайды

Бұл сабақ кез келген мемлекетке демократиялық даму не үшін керектігін көрсетеді. Батыстық сарапшылар диктаторлар "әлдебір тарихи қателікті түзеу", "тарихи аумақтарды қайтару", "өзге елдегі қандастарымызды қорғау" сияқты ақылға симас, ақтауға болмас сылтаулармен ревизионистік соғыстарды бастайтынына назар аудартады. Кезінде Гитлер де осындай ұрандарды ту тұтқан. Кейін Грекия 1974 жылы Түркияға қарасты Кипрде төңкеріс жасап, тұтас тартып алуға талаптанды. Аргентина Президенті Леопольдо Галтьери елдегі экономикалық проблемаларды бүркемелеу, қоғам назарын алдарқату мақсатында 1982 жылы Фолкленд аралдары үшін Ұлыбританияға қарсы соғыс ашты. Ирак лидері Саддам Хусейн 1990 жылы Кувейтке шабуыл жасады. Енді Мәскеу Украинаға шапқыншылық жасап отыр.

Сарапшылар мұндай соғыстардың барлығы бассыз кеткен автократтардың жеңілісімен аяқталғанын еске салады. Егер диктаторлар тарихтан сабақ алса, мұндай соғысты бастамас еді.

№5 сабақ: Үздіксіз үгіт халық пікірін түбегейлі өзгерте алады

Ресейлік пропаганда Ресей халқын өзімен бауырлас, түбі, діні бір, тілі де ұқсас халыққа айдап сала алды. Оның "алапат табысы" да осы. Әйтпесе, мемлекетаралық соғыстар әртүрлі діндер, әралуан ұлттар мен ұлыстар арасында тұтанып жатады. Пропаганданың қуатты болғаны сонша, ресейліктер "Украина тек орыстардың ғана геніне әсер етіп, тек соларды өлтіретін биологиялық қару жасаған" деген арсыз жаласына кәміл сенді. Бұл ретте табиғатта "орыс гені" деген жоқтығын, барлық адамның гені ұқсас екенін, сондықтан тек бір ұлтқа ғана әсер ететін биологиялық қару жасау мүмкін еместігін түсіндірген ресейлік генетик-ғалымдардың сөзін ресейліктердің өзі қаперге алмады. Теледидардан айтылғанға қапысыз сенді.

"Егер біз бірінші болып шабуылдамағанда, ертесіне олар басып кіретін еді" деген түсінік солтүстік көршіде кең таралған. Өкінішке қарай, РФ пропагандасы Қазақстанға жайылып жатқандықтан қазақстандықтардың үлкен бөлігі осы теориясымаққа риясыз сенеді. Ресей өзін қорғап жатыр деп ойлайды. Жалған пропаганда әбден санасын жаулаған ресейліктер Украинадағы туыстарының жеткізбек болған шындығын өтірік деп қабылдамады, олардың өздерін айыптап, Украинадағы туғандарымен ат құйрығын кесуді жөн санады. Әлеуметтік зерттеулер РФ халқының 18%-ы ғана соғысқа үзілді-кесілді қарсы екенін анықтаған.

№6 сабақ: "Қырғи-қабақ соғыс қайта өршіді"

Калифорния университетінің саясаттану профессоры Дэниел Трейсман Батыс қанша басын ала қашса да, бұл ақиқатты ақыры мойындауға мәжбүр болады деп санайды.

"Мәскеудің Украинадағы агрессиясы біздің жаңа қырғи-қабақ соғыс (суық соғыс) жағдайына көшкенімізді паш етті және соған қатысты соңғы күмән-шүбәларды шайып кетті. Суық соғыс ысып кетпеуі үшін үлкен күш салуға тура келеді. Өйткені бұл жолы Батысқа жалғыз Ресей емес, Қытай да қарсы шығуы мүмкін. Ол екеуі Батысты әлсіретудің түрлі амал-тәсілдерін жүзеге асырады. Ақпанда біз ұйқыға кеткен демократияның әзер дегенде оянып, ақырын болса да үн қата бастағанын байқадық. Егер шын қатер төнбесе оянбас та еді. Украинаны қолдауда Батыстың қазіргі бірлігі таңғалдырады. Ендігі міндет – осы бірлікті сақтау, араға сына қақтырмау. Себебі, алдағы қақаған қыс, Ресейден газ жеткізудің доғарылуы, қымбатшылық, Кремльдің Франция мен Италиядағы сансыз жақтаушылары мен сатқын саясаткерлердің уағызы нағыз сын болады", – деп қорытты Дэниел Трейсман.

Шынында, егер демократия сынға шыдамай, морт сынса, дамыған елдер арасында алауыздық туындаса, әлемде диктатуралар күш алып, жаңа тоталитарлық дәуір орнауы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу