"Шетелдік жиһазды нарықтан тықсырып шығарамыз"

3220

Елімізде жиһаз өндірісі саласын жандандыру жалғасуда. 

"Шетелдік жиһазды нарықтан тықсырып шығарамыз"

Нұр-Сұлтан қаласындағы "Достық үйінде" Қазақстан Республикасы жиһаз және ағаш өңдеу өндірісі кәсіпорындары қауымдастығының (ҚР ЖАӨКҚ) құрылтайы өтті. Қауымдастықтың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған жиында елімізде жиһаз өндірісін ілгерілету жолдары талқыланды.

ҚР ЖАӨКҚ Президенті Қанат Ибраев жиһаз өндірісіне мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіле басталғанын айтып:

"Шілде айындағы мәліметке сүйенсек, қазақстандық жиһаз өндірушілер еліміздегі жиһаз нарығының 30%-ын ғана қамти алған. Осы жай-күйді байқаған мемлекет бізге көмек қолын созып, бірқатар шара атқарылуда. Біріншіден, жиһаз өндірісі саласы "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына қосылды. Осының арқасында біз мемлекеттік сатып алу нарығындағы санаттық таңдап алудың пилоттық жобасына кірдік. Биылғы жылдың шілде айынан бастап, мемлекеттік сатып алуларда жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен жиһаз тек отандық өндірушілерден ғана сатып алына бастады. Екіншіден, 2020 жылдың 1 қаңтарынан "Самұрық Қазына" ҰӘҚ сатып алулары да қазақстандық өндірушілерге бет бұрады. Алдағы 2-3 жыл ішінде ішкі жиһаз нарығының 50%-ы отандық өндірушілердің қолына өтеді деп ойлаймын", –  деді.

Кездесу барысында Жиһаз және ағаш өңдеу өндіріс кәсіпорындары қауымдастығы мен "Alageum Electric" АҚ арасында меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында осы ірі компанияның қолдауымен Қазақстанда жиһаз жасайтын материал шығарылатын болады.

"Еліміздегі жиһаз материалының барлығы сырттан келеді. Сол себепті қажет өнімді өз елімізде өндіру үшін мемлекет "Alageum Electric" холдингін инвестор ретінде тартты. Холдинг жиһаз материалын шығаратын зауыт салу үшін қаржы бөледі. Ол зауыттан шығатын өнім ішкі қажеттілікті 100% жабатын болады. Яғни импортқа тәуелділіктен құтыламыз әрі тауарымыз 5-18%-ға дейін арзандайды. Холдингке Солтүстік Қазақстан облысындағы "Қызылжар" еркін экономикалық аймағынан жер бөлініп, жобалау жұмыстары басталып кетті", – деді Қанат Ибраев.

ЖАӨКҚ Президенті құрылтайдың "Бірге – күштіміз" деген атауы еліміздегі барлық жиһаз өндірушілердің шетелдік бәсекелестеріне бірлесе төтеп беру қажеттігінен туындағанын түсіндірді.

"Қазақстанның жиһаз нарығы жылына 140-150 млрд теңгені құрайды. Осы нарықты игеруге әлеуетіміз жетеді. Ірілі-ұсақты жиһаз шығарушы кәсіпорындар бар. Кейбір кәсіпорын жылына 2-2,2 млрд теңгенің өнімін шығарады. Осындай 70 кәсіпорын болса, бүкіл нарықтың қажеттілігін қанағаттандыра алады. Бүгінгі құрылтайда жиһаз шығарушылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқыладық. Қолөнершілерді жартылай болса да, кәсіби деңгейге жеткізуді мақсат тұтамыз. Байқасаңыз бүгінгі құрылтай "Бірге – күштіміз" деп аталады. Шағын кәсіпорындардың күшін біріктіріп, консорциум құру қажет. Еліміздің жиһаз нарығын басып алған импорттық өнімдерге бәсекелестікті күшейтеміз. Алдағы уақытта шетелдік жиһазды нарықтан тықсырып шығарамыз. Қазақстанда жиһаз шығарушылар көп", – деді  жиһаз және ағаш өңдеу өндірісі кәсіпорындары қауымдастығының басшысы.

Сондай-ақ ол статистикалық мәлімет бойынша, 2019 жылдың 1 қаңтарында елімізде жиһаз өндіруші 1300 компания тіркелгенін, оның 839-ы жұмыс істейтіндігін атап өтті.

Ал оның 300 кәсіпорны ғана салық төлеп отыр.  

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу