Шетелдіктерді шеттеттік

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2913

Астанада іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталып, Оңтүстік Қазақстан облысында 4 шетел азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Шетелдіктерді шеттеттік

ІІМ ел аумағында "Заңсыз келуші-2018" жедел-алдын алу шарасын ұйымдастырып, Қазақстанның көші-қон заңын бұзған шетел азаматтарына тосқауыл қойды.

Іс барысында елорда да көші-қон заңын бұзған 1033 мигрант ұсталды. Олардың 828-і - Өзбекстан, 51-і - Қырғызстан, 71-і - Тәжікстан, 29-ы- Әзербайжан, 18-і-Ресей, 9-ы-ҚХР, 14-і-Армения, 1-і-Беларусь, 6-ы-Грузия, 5-і-Түркия азаматы болды. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасына келу-кету,  жүріп-тұру тәртібін сақтамаған 926 шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылды.

Астана қалалық көші-қон полициясының қызметкерлері 3202 шетелдікке түрлі бап бойынша айыппұл арқалатып, қалалық ішкі істер департаментінің қабылдау-тарату мекемесіне өзге елдің 109 азаматын орналастырды.

Көші-қон қызметкерлері мен жол-патрульдік полициясы мобильді топ құрып, шетел азаматтары заңсыз тығылуы мүмкін пәтерлер мен қонақ үйлерді, жатақханалар мен құрылыс нысандарын, базарлар мен вокзал маңын тексерді. Нәтижесінде көші-қон заңына қайшы келетін 1181 факті тіркеді.

Жедел-алдын алу шарасы барысында жеке және заңды тұлғаларға, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға еліміздің көші-қон заңын айналып өтуге көмектескен 112 Қазақстан азаматы қолға түсті. Шетелдік мигрантты жұмысқа заңсыз тартқаны үшін 48 жұмыс беруші тиісті жазасын алды.

"Көші-қон заңы саласында 4 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталды. Жедел-алдын алу шарасы шетел азаматтары көп жағдайда Қазақстанға келу-кету тәртібін бұзатынын көрсетті. Сот шешімін қамтамасыз ету мақсатында 100-ге жуық шетел азаматы Қазақстаннан мәжбүрлеп шығарылды", – деді Астана қалалық ІІД көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Баймұхамет.

Қазақстанның көші-қон заңын бұзу фактісі Оңтүстік Қазақстан облысында да өршіп тұр екен. Бұл туралы ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Салтанат Қаракөзова мәлімдеді. Оның дерегінше, жедел-алдын алу шарасы шеңберінде 1337 адамның заңға томпақ әрекетке қадам жасағаны анықталған.

"Республикалық "Заңсыз келуші-2018" жедел-алдын алу шарасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында заңсыз жүргендерді анықтау және шетелдіктерді заңсыз жолмен  жұмысқа тартатындарды тезге салу  мақсатында ұйымдастырылған рейд оңтүстік Қазақстан өңіріне Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен жұмыс іздеп келетіндердің саны күрт көбейіп кеткенін көрсетті. 1337 адам көші-қон заңын белден басқан. Оның 1157-сі шетел, 180-і Қазақстан азаматы", – деді Салтанат Қаракөзова.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, 692 адамға ескерту жасалып, 118 азаматқа  әкімшілік айыппұл салынған. Ал 411 шетелдік қамауға алынған.

"Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің қабылдау-тарату мекемесіне жеке бастарын анықтайтын құжаты 115 адам орналастырылды. 322 шетел азаматының ел аумағында болу мерзімі қысқартылып, 116 шетелдік сот шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылды. Республика аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамағаны үшін 4 шетел азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылды", – деді Салтанат Қаракөзова.

Қазақстанда көші-қон заңын негізінен еңбек мигранттары бұзады. Мұны ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов растап отыр.

Министрдің мәлімдеуінше, кез келген елге заңсыз кіру теріс қылық, яғни қылмыс саналады.

"Бұрын бұл тек әкімшілік құқықбұзушылық болып тіркелетін. Бүгінде елге заңсыз кірген адамға 1 мың АЕК дейін айыппұл салынады немесе олар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, елден шығарылады. Сонымен қатар елден шығудан жасырыну, рұқсатсыз жұмыс істеу және тіркелмеген орында тұрғаны үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл заң бұзу фактілері қайталанған жағдайда 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынып,  ел аумағынан шеттетіледі", – деді Қалмұханбет Қасымов.

Айта кетейік, Қазақстан аумағынан аластатылған шетелдіктер біздің елге 5 жыл өтпейінше қайтып келе алмайды.

"Жыл сайын 100 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылады, олардың 10 мыңнан астамы елден шығарылады. Қылмыстық кодексте заңсыз көші-қонды ұйымдастырған адамға 5 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру белгіленген. Өткен жылы осындай факті бойынша 89 қылмыстық іс қозғалды. Бюджетке 115 млн теңге қаржы түсті", – деді министр.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу