Шетелдің 1 сиыры қазақтың 4 сиырына татитын болып шықты

1525

Бразилияда 1 сиыр 3 күнде 343 литр сүт беріп, таңғаларлық рекорд орнатты.

Шетелдің 1 сиыры қазақтың 4 сиырына татитын болып шықты Фото: canva

Салыстырсақ, бұл – базарда сүт құйылып сатылатын 5 литрлік 68,6 "пластик бөтелкеге" тең.

Oddity Central басылымының жазуынша, Делфим Морейра қаласында жироландо тұқымына жататын жалғыз сиырдан 3 күн ішінде 343 литр сүт сауылып, жаңа ұлттық рекорд орнатылды. Соның ішінде, осы 3 күннің бірінде жануар бірден 120 литр (5 литрлік 24 пластик бөтелке) сүт берді.

Бұл енді әлемдік Гиннесс рекордына жақын. Жаһандық рекорд та Бразилияда тіркелген. 2019 жылғы 3 тамызда өткен халықаралық Milk Sands Tournament сайысында жироландо тұқымының өкілі Марилия лақапатты сиыр 24 сағат ішінде 127,57 келі сүт берген.

Әрине, мұндай жарыс-турнирлер алдында фермерлер малын бірнеше ай бойы баптайды, ең таңдаулы тамақты, азықжемді аузына тосады.

Дегенмен, Жироландо – Голштин және Гир тұқымындағы ірі қара малды будандастыру жолымен алынған бразилиялық тұқым, онсызда ыланойран сүт беретін өнімділігімен әлемге танымал. Жекелеген сиырларынан, егер жақсылап иісе, тәулігіне тұрақты түрде 100 литрден әлдеқайда көп өнім алуға болады.

Жалпы, бұл тұқым жыл ішінде 305 күн бойы сауылады және шамамен 3 600 литр (720 пластик бөтелке) сүт береді.

Жаһандық рекордшы Марилияның қожайындарының бірі Густаво Соузаның мәліметінше, бразилиялық фермерлер ірі қара тұқымын экстракорпоральды ұрықтандыру әдісімен үнемі асылдандырады. Сондықтан сиырлар жылда және бірнеше бұзаудан туады.

Сонау 1940-шы жылдардан бастап, бразилиялық фермерлер сиырлар мен бұқаларды жаппай асылдандыруға көшті. Бұл ретте олар Гир мен Голланд тұқымдарын будандастырып, бразилиялық сүт нарығының еселеп өскен қажеттілігін қанағаттандыра алатын асыл тұқымды іздеді.

Тапты да. Бұл елдің фермерлері мен ғалымдарының селекциялық ізденістері мен жетістіктері бүкіл әлемге танымал. Елде арнайы мемлекеттік және штаттық қолдау бағдарламалары қатар істеп, өнімді фермерлерді ауқатты әулеттерге айналдырды.

Бұл елде ауыл шаруашылығының мол табыс әкелетінін көріп, жас ұрпақ қалаға қашпайды, ауылында қалып, ата-бабасы мен әулетінің кәсібін әрі жалғастырады, болашаққа ұластырады.

Бразилияның асыл тұқымды ірі қара малын өзгесі таласа-тармаса сатып алады. Мысалы, бұл елде ауыр салмақты сиыр таяуда аукционнан 4,38 миллион долларға сатылды.

"Виатина-19" FIV Мара Мовейс сиырының салмағы 800 келі тартады. "Виатина-19" – Бразилияның барынша етті сиырларды өсіру бағытындағы көп жылғы күш-жігерінің жемісі, деп хабарлады Fox News.

Америкалық телеарнаның дерегінше, мұндай асылтұқымды малдың аса қымбатқа сатылатыны сонша, бай фермерлердің өзі бір сиырды бірлесіп сатып алады. Олар чемпион-жануардың тұрақты бөлетін аналық жасушаларын және ұрығын бөліп алады да, одан эмбрион жасайды.

Содан соң ЭКҰ арқылы қолдан ұрықтандырып, дайын ұрықты басқа суррогат сиырларға имплантациялайды. Осылайша, чемпион сиыр өзі тумай-ақ жылына 200-дей бұзауға өмір сыйлайды. Оның тегі асыл, құны қымбат ұрпағын өзге сиырлар өрбітеді.

"Егер бұзауларды жыл сайын өзі туып отырса, малдың ағзасы тез қартаяды. Біз элиталы жануарларды өлтірмейміз, біз оларды өрбітеміз. Ақыр соңында Бразилия бүкіл әлемді етпен асырайтын елге айналады", – деді Associated Press агенттігіне сұхбатында сиырдың қожайындарының бірі Ней Перейра.

Сонымен, Бразилияда 1 сиыр 3 күнде 343 литр сүт берді. Яғни, 1 күнде орта есеппен 114 литрден келеді.

Бізде ше? Қазақстанда ең үздік, ең озық деген белгілі фермадағы 1 сиыр жылына 11 703 келі сүт берген. Мұны 356-ға бөлгенде, 1 күнде 32,9 келіден келеді. Демек, бразилиялық жалғыз сиыр орта есеппен 3,47 қазақстандық сиырға татиды.

Qazaq Sut ірі қара малдың сүтті және аралас тұқымдарының республикалық палатасының дерегінше, Үкіметтің белсенді қолдауы арқасында, 2024 жылдың қорытындысында Қазақстанда 38 жаңа сүт-тауарлық ферма іске қосылды.

Бұл елдегі сауынды сиырлардың бірден 15 960 басқа, ал, бір сиырға шаққанда алынатын сүттің орташа көлемінің – 7 650 келіге дейін өсуіне ықпал етті. Салыстырсақ, 2023 жылы республикада 1 сиырдың жыл бойы беретін сүтінің орташа көлемі 7 323 келі болған.

Соңғы 5 жыл ішінде, 2020-2024 жылдары Қазақстанда 189 сүт-тауарлық ферма жаңадан ашылды немесе қолданыстағысы кеңейтілді. Олардағы сапалы мал саны 67 459 басқа көбейді.

Бұл сүт өндірісін 21%-ға, ал, бір басқа шаққандағы сауудың орташа көлемін 17%-ға ұлғайтуға мүмкіндік беріпті.

Бұған қол жеткізу үшін арасына асыл тұқымды бұқаны қосып, табынды асылдандыру, қашпайтын, жиі бұзауламайтын немесе сүтті аз беретін сиырларды сойып тастау, жасанды ұрықтандыруды пайдалану сияқты тәсілдер қолданылады.

Сондай-ақ, жем-азық сапасын жақсартуға, малдың рационын теңгерімге келтіруге, жануарлар мен бұзауларын қыста қорада ұстаудың қолайлы жағдайларын жасауға, табынды қасқырға және ұры-қарыға жем қылмай, тиімді басқарудың және сауудың шетелдік озық жабдықтарын қолдануға мән берілуге тиіс.

Осындай элементтерді жүйелі енгізу арқылы отандық біраз агроөнеркәсіптік кешен азды-көпті жетістікке жетті. Мысалы, Ақмола облысындағы "Родина" агрофирмасында 2024 жылдың қорытындысында сүт сауу көлемі 1 сиырға шаққанда 11 703 келіге, Ақтөбе облысындағы "Айс" ЖШС-нің көрсеткіші – 11 484 келіге жетті.

Бестікке сондай-ақ "Адал" агроөнеркәсіптік компаниясы (10 842 келі), "РЗА" (10 143), "Тәжірибелік майлы дақылдар шаруашылығы" (ОХМК, 9 968) кірді.

Qazaq Sut дерегінше, қорасында мал ұстайтын ауыл тұрғындарын қоспағанда, 2024 жылы ұйымдасқан шаруашылықтар 1 млн 392 мың тонна сүт өндірді. Соның ішінде ЖШС мәртебесіндегі ірі фермаларға –688 мың тонна, орташа және ұсақ шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға және жеке кәсіпкерлерге – 704 мың тоннасы тиесілі.

Бұдан бөлек, сүт зауыттары бір жыл ішінде ауылдықтардан 570 мың тонна сүт сатып алды. 230 мың тонна құрғақ сүт импорттаған.

Сүт деп атауға болмайтын соңғысын табиғи сүтпен толық алмастыруға Қазақстанның мүмкіндігі мол. Осы мақсатқа жету үшін Үкімет жеке мал ұстайтын ауылдықтарды бірігуге және жаңа сүт-тауарлық фермаларды құруға қайтадан шақырып отыр.

Сонда олар бюджеттен бөлінген 100 миллиард теңге қаражаттан кәсібін дамытуға, асыл тұқымды сиыр мен бұқа сатып алуға арзан кредит ала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу