Шығыстағы Күршім ауданында спорттық нысанның құрылысы аяқсыз қалған

823

Жоспар бойынша 2021 жылы пайдалануға берілу керек екен.

Шығыстағы Күршім ауданында спорттық нысанның құрылысы аяқсыз қалған Фото: inbusiness.kz

Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданы Марқакөл ауылында спорттық нысанның құрылысы аяқсыз қалған. Тұрғындар қараусыз қалған құрылыстың күн санап тозып бара жатқанын айтады. 

Жуықта Марқакөл ауылында болып, тұрғындар ауылдағы біраз мәселенің жайын айтқан болатын. Солардың бірі – құрылысы аяқсыз қалған спорттық нысан.

– Ауылдағы салынып басталған спорттық нысанның құрылысы аяқсыз қалды. Ақша жоқ екенін алға тартады. Тозып барады. Қараусыз жатқан дүниені кім көрінген тасып жатыр. Қыруар ақша желге ұшты. Алғаш салынып жатқанда  балаларымыз енді спортпен айналысатын болды деп қатты қуандық. Нәтижесі осындай. Енді сала ма, қоя ма білмедім. Негізі ауылға бір спорттық нысан керек, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Аркадий Бейсембеков.

Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігіне хабарласып көрдік. Аяқсыз қалған спорттық нысанның құрылысы 2020 жылы басталыпты. Жоспар бойынша 2021 жылы пайдалануға берілу керек екен. Бірақ берілмеген. 

– Тапсырыс беруші "ШҚО құрылыс, энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі. Мердігер ұйым – "QazConstruction" ЖШС.  Технологиялық жабдықтардың жеткізілуі ұзаққа созылып, мердігер ұйым тарапынан нысанның құрылысы баяу жүргізілуіне байланысты толық аяқталмады, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев. 

Айта кетейік, мемлекеттік сатып алу порталында Марқакөл ауылына спорт нысанын салуға 433 711 337 теңге қаржы қарастырылған. 

– Бүгінгі күні 390,0 млн теңге қаражат игерілді. Нысан құрылысының – 90 пайызы дайын. Спорт кешенің толық аяқталуына енді 65,9 млн теңге қаржы қажет. Ауылда спортпен айналысатын жастар саны көп болғандықтан, дене шынықтыру-сауықтыру кешені аудан спортына үлкен серпіліс әкеледі. Ауылда басқа спорт нысаны жоқ, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Зайнолдабекұлы.

Егер нысан толық аяқталса жоспарға сәйкес футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, қазақша, грек-рим күрестері, ауыр атлетика, бокс тағы басқа спорт түрлері бойынша жұмыс істейді екен.

Аудан әкімінің орынбасары спорт кешені құрылысы биыл бітетінін айтты.

– Спорт кешені құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарлануда. 2023 жылға 65,9 млн теңге қаражат қарастырылған, – дейді Қайрат Зайнолдабекұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу