Шілде айында автокөлік сату баяулады

Артур Мискарян Артур Мискарян
16726

Нарықтағы жағдайдың одан әрі қалай өрбитіні макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты болады.

Шілде айында автокөлік сату баяулады

Биылғы жылдың шілдесінде автокөлік сату алдыңғы аймен салыстырғанда 6,1%-ға төмендеп, жылдың басынан бері нарықта байқалып келе жатқан жағымды тренд алғаш рет тоқтап қалды. Шілде айында жеңіл көлік, жүк көлігі, арнайы техника мен автобусты қоса алғанда жалпы 4802 техника сатылған. Жеті ай ішінде 32393 техника сатылған, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстыратын болсақ, өсім 33,4% болған. Қазақстан автобизнес қауымдастығы осындай мәлімет келтіріп отыр.

Салалық "ҚазАвтоӨнеркәсіп" одағының келтіріп отырған деректері де шілде айында сауданың төмендегенін дәлелдеп отыр, яғни шілдеде 4936 көлік сатылып, 126  млн доллар пайда түскен, ал маусымда сатылған көліктің саны 5369 болып, түскен табыс 146 млн доллар болған. Жеті айдың қорытындысы бойынша 30925 көлік сатылған, осы уақыт ішінде қазақстандықтар көлік сатып алуға 779,8 млн доллар жұмсаған, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстыратын болсақ 35,1%-ға өсу болған. Ұйымның мәліметі бойынша, сауда құрылымына қарасақ, импорттық көліктің көп сатылғанын көруге болады, яғни ол 52,6% болған, ал елімізде құрастырылған көліктердің сатылу үлесі 47,4%.

Жаңа жеңіл көліктердің ішінде – Toyota Camry аса сұранысқа ие болып отыр, шілде айында бұл көліктің 425-і сатылған. Алайда нарық жаңа үлгідегі көліктермен толығуда, маусым айымен салыстырғанда сауда 28,5%-ға түскен. Қазақстанда танымалдығы жағынан екінші орында тұрған көлік – Lada Granta: оның 378-і сатылған, маусым айымен салыстырғанда сауда 5,3%-ға өскен. Сондай-ақ шілде айында 265 Hyundai Tucson көлігі сатылып, сауда  2%-ға өскен.

Жеті ай ішінде Қазақстанда ең танымал автокөлік брендіне айналған Lada болды. Бұл көлік маркасының 7119-ы сатылған. Ал қаңтар-шілде аралығында дилерлер 6759 Toyota көлігін өткізген. Сұраныс бойынша үшінші орында тұрған бренд – Hyundai: "ҚазАвтоӨнеркәсіп" мәліметі бойынша дилерлер 4101 Hyundai көлігін сатқан. Ұйымның берген мәліметіне сүйенер болсақ, жаңа көлікті Алматыда көп сатып алған, яғни ол жақта 7914 жаңа көлік сатылған. Астанада – 5456, Атырауда –2269, Қостанайда – 2014, Шымкентте – 1958, Қарағандыда – 1972 көлік сатылған. Ал Өскенменде дилерлер 1356 көлік сатқан болса, Оралда – 1371, Ақтауда – 1316, Павлодарда  1140 көлік сатқан. Бұған дейін ҚАБҚ "2018 жылдың II тоқсанына жасалып отырған болжамға тек валютаның айтарлықтай құбылуы ғана әсер етуі мүмкін" деген болатын, өткізудің тұрақтылығын сақтау үшін сауданы 4,5 мың көлік деңгейінен жоғары ұстап тұру керек. Шілде айындағы сауданың төмендеуін қатысушылар маусымдық жағдай деп отыр, алайда олар сауда өседі деп те болжам жасап отырған жоқ.

"Шілде айында алты ай бойы сақталып келген сауданың жағымды трендінің өсуі тоқтады. Жалпы нарықтағы жағдай былтырғы жағдайға ұқсас. Алайда сауданың жазғы уақыттағы төмендеуі жылдың соңына қарай өседі деп ойламаймыз. Нарықтағы жағдай көбінесе елдегі макроэкономикалық көрсеткішке байланысты болады", – деді ҚАБҚ вице-президенті Анар Макашова.

Нарық қатысушылары бұған дейін 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылдың қорытындысы бойынша автокөлік саудасы 20-25%-ға өседі деп консервативтік болжам жасаған еді. Өсу 35% болады деген оптимистік болжам қолайлы макроэкономикалық көрсеткішке байланысты жасалған болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу