Шілдеде теңге бағамын дөп басқан кім?

3994

Abctv.kz назарларыңызға шілде айында теңгенің доллар мен Ресей рубліне шаққандағы бағамының дәлдігіне жасалған валюталық болжамның шолуын ұсынады.

Шілдеде теңге бағамын дөп басқан кім?

Валюта нарығында жаз ортасында мұнай бағасы төңірегіндегі жағымсыз тенденция байқалды. Бұл үрдістің "іргетасы" маусым айында қаланған болатын. Дәлірек айтсақ, мұндай беталыс өндіруді шектеу туралы ОПЕК келісімінің қатысушылары қанша тырысқанымен, мәмілені одан әрі ұзартудың тиімділігіне қатысты күдік-күмән көп айтылды.  

Алайда айдың үшінші онкүндігінде "қара алтынның" бағасы біртіндеп өсіп, Brent сұрыпты мұнайдың бір баррелі 50 доллар деңгейіне жетті. Десе де, Ресейдің америкалық сайлауға қатысуы жайлы әңгіменің қайта өріс алуы, одан да қатал санкциялар қатарының көбеюіне алып келді. Ал Еуропалық Одақтың санкцияларын пысқырмай, Қырымға неміс құбырларын жеткізу төңірегіндегі дау-дамай Кәрі құрлықтағы антиресейлік ниеттілердің санын арттыра түсті.

Осының салдарынан рубль біршама әлсіреді. Ал ай аяқталар тұста тіпті мұнай бағасының динамикасынан алшақтап қалуына әкеп соқтырды. Жекелеген сарапшылардың пікірінше, дәл қазіргі жағдайда теңге рубльдің ықпалында тұр. Себебі Ресейде орын алған өзгерістер сауда жолдары арқылы Қазақстанға әп-сәтте енеді. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, қазақстандық импорттағы Ресейдің үлесі 40%-ға жетті. Ал екі ел арасындағы ортақ шекараның үлкендігі және кедендік шекаралардың жоқтығы Ресейдің ықпалын шектеу үшін қабылдаған қадамдардың нәтижесіздігін байқатып отыр. 

Бұл ретте abctv.kz жүргізген консенсус-болжамға пікір білдірген сарапшылардың ойы да қазіргі жағдайдағы нақты деректермен үндеседі. Десе де шілде айының ортасында аздаған алшақтық байқалды. Оның өзінде теңге-доллар валюталық "жұбында" ғана.

Әдеттегідей біз үздік болжам жасаушыны анықтау барысында Ұлттық банктің теңгенің доллар мен рубльге шаққандағы ресми бағамының орташа апталық мәніне сүйенгенімізді еске саламыз. Себебі сарапшылардың дені валюталық дәлізді ұсынады. Өз кезегінде біз деректерді жинақтап, оның орташа арифметикалық мәнін есептедік. Осылайша оны консенсус-болжаммен және нақты апталық бағаммен салыстырдық.

Әрине мұндай әдіс шынайы дәлдікті көрсете алмасы анық. Сондықтан  abctv.kz ұжымы сарапшылар мен оқырмандар тарапынан айтылатын ұсыныстарды қабылдауға әрқашан дайын. Өз кезегінде abctv.kz болжамдарды жариялап, олардың дәлдігін бағалауда тек қана ақпараттық сипатты негізге алғанын ескертеді. Біздің мақсат  соңғы сатыдағы ақиқатқа жету емес. Бар болғаны ақпараттық тұрғыда хабар беру.

Субъективті пікірді доғара тұрып, назарларыңызға теңге/доллар және теңге/рубль валюталық "жұптарына" арналған екі диаграмманы ұсынамыз. Бұл жағдайды егжей-тегжейлі бағамдау үшін abctv.kz-тің көрсеткіштерді нақты бағаммен салыстыра жіктеген наурыз айының  кестелеріне назар аударуға болады.

Әйгерім Сүлейменова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу