Ширек финалда шалындық

2111

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында өнер көрсетуін тоқтатты. Олар кеше тартысты өткен кездесуде Украинаға есе жіберді.

Ширек финалда шалындық

Матч алдында Қазақстан құрамасы фаворит саналды. Букмекерлік кеңселер мен аузы дуалы мамандар бір ауыздан "Қазақстан жеңеді" деп кесіп айтты. Бірақ, болжамдардың барлығы бордай тозды. Матчтың 14-минутында төреші күмәнді пенальти белгілеп, украиналықтар алға шықты. Ал 24 минутта Корсун деген шабуылшысы Игита қақпасынан саңлау тапты. 2 доп айырмасымен жеңіліп жатқан соң Қазақстан құрамасы нар тәуекелге басты. Шабуылға қақпашымыз Игитаның өзі араласты. Оның бағыттаған соққыларының көбісі биік кетіп жатты. Сондай қарбаласқан сәтте бос қақпаға гол еніп, есеп 0:3 болды. Алайда, Дугластың соққан голы үміт отын қайта тұтатты. Бұл кезде ойынның аяқталуына 7 минут уақыт бар еді. Кейіннен Біржан Оразов шеберлік танытып, есеп айырмасын қысқартты. 2 минут уақыт қалғанда есепті 2:3 қылдық. Бірақ, қайтадан бос қақпамызға гол салынды. Қазақстан құрамасының бас бапкері Кака Игитаның орнына шабуылшы Альберт Ақбалықовты шығарды. 5 ойыншымен ойнағанның арқасында Біржан Оразов тағы бір гол салды. Бірақ, бәрібір 2 доп айырмасын қысқартуға уақыт жетпейтін еді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 3:5 есебімен жеңіліп қалды.

Жартылай финалға жолдама алған Украина құрамасы енді Ресей – Грузия ойынының жеңімпазымен кездеседі. Ол жүпта Ресей анық фаворит. Демек, жартылай финалда Украина – Ресей матчын көріп қалуымыз ғажап емес. Сонымен қатар, ширек финалда дубль авторы атанған Біржан Оразов 7 голмен сұрмергендер тізімінде жеке дара көш бастады. Енді тек бәсекелестері гол салмаса, құрлықтық доданың үздік шабуылшысы атанып кетуі ықтимал.

Ойын барысында Қазақстан құрамасы қарсылас қақпасына 53 соққы бағыттағаны белгілі болды. Соның 18-і қақпаға дәл бағытталған. Игитадан бөлек жойқын соққы жасайтын Дугластың ауыр соққылары қақпа бағанасына немесе маңдайшасына тиіп кетіп жатты. Альберт Кнаубтың да дәл осы матчта дәлдігі дұрыс болмады. Жалпы, алғанда статистика бойынша Қазақстан құрамасы жақсы ойнаған. Топтық кезеңнің соңғы матчында сары қағаз алған Эдсон мен Тайнанның матчқа қатыспауы қатты әсер етті. Екеуінің жылдам комбинациялары болғанда кездесу Қазақстан құрамасы үшін басқаша өрілер ме еді?!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу