Ширек финалға шыққандар белгілі

1553

Астанада өтіп жатқан теннис турнирі шешуші кезеңге жақындап келеді. Әзірге тек бір сенсация.

Ширек финалға шыққандар белгілі

Жарыстың бесінші күні кортқа шыққан теннисшілер негізгі бөліктен плэй-офф сатысына шыққандай әсерде болды. Себебі ендігі кезекте ширек финалдар басталады. Үздік 8 теннисшінің қатарына ену де оңай емес. Ресейлік теннисші Карен Хачанов Марин Чиличпен кездесті. Хорватиялық теннисші өзінің жеке соққыларына зер салып ойнады. Алайда, оның өзі жеткіліксіз болды. Хачанов басымдық көрсетіп, келесі айналымға жолдама алды. Жалпы алғанда Карен онсыз да фаворит еді.

Одан кейін Новак Джокович кортқа шығып, шоу көрсетті. Нидерланды елінің теннисшісі Ботик Зандельшупты екі сетте жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Әрбір айналым өткен сайын қосымша рейтингтік ұпайлар жазылып, теннисшілерге қомақты сияқылар беріледі. Джоковичтің межесі әрине финал. Одан кейін Данил Медведев пен Емил Русоворридің кездесуі болды. Финляндиялық спортшы аутсайдерлердің бірі болатын. Әлемнің үздік теннисшілерінің бірі Медведев қарсыласты шақ келтірмеді. Екі сетте жеңіске жетіп, ширек финал жолдамасын қалтаға басты. Осының алдында рсеейлік теннисші Андрей Рублев те осы айналымға шыққан еді. Енді жалпылама санасақ жарыстағы 8 теннисшінің үшеуі Ресей азаматтары.

Сонымен ертең 4 ширек финал кездесуі өтеді. Алдымен кортқа Адриан Маннарино мен Андрей Рублев шығады. Кішігірім сенсациялар жасап келе жатқан Маннарино Рублевті әбден қинауы мүмкін. Ерекше әдіспен ойнайтын Адриан кез келгеннің апшысын қуыратын шамасы бар. Әлемнің төртінші ракеткасы Стефанос Циципас пен польшалық Хуберт Хуркач арасындағы ойын да тартысқа толы болары анық. 10 ракетка саналатын Хуркач бүгін Александр Бубликті жеңді.

Одан кейін кешкі сессияда Карен Хачанов пен Новак Джоковичтің кездесуі жоспарланған. Қазақстандағы жанкүйперлер сербиялықтың әрбір ойынын тағатсыздана күтеді. Ол ойнаған кезде трибуна лық толы болып, залда ине шаншар жер қалмайды. Бұл кездесуде Джокович анық фаворит. Ең соңғы кездесуде Данила Медведев пен испаниялық Роберто Баутиста Агут ойнайды. Испан теннисшілері топырақта мықты ойнайтыны белгілі. Алайда, Астанада хард төсеніші жайылған. Онда Медведевтің басымдылығы сезіледі. Бұл жұптың жеңімпазы Джокович/Хачанов жеңімпазына түседі. Яғни Медведев пен Джокович жартылай финалда кездесуі әбден ықтимал.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу