Ширек ғасырдың қорытындысы

3154

Abctv.kz тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынның мәтіндік трансляциясын бастайды.

Ширек ғасырдың қорытындысы

11.03 Жиын залға мемлекеттік рәміздерді салтанатты шығарудан басталды. Залға президент Нұрсұлтан Назарбаев кірді. Жиналған қауым оны қошеметпен қарсы алды. Жиналыс ашық деп жарияланды. Залда еліміздің әнұраны орындалды.

11.10 Президент жиылған жұртты тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ол мемлекеттің аяққа тұруындағы негізгі кезеңдерді еске алды: 1991 жылы Қазақстан барша әлемге өзінің тәуелсіздігін жариялады, елдің Ата заңы қабылданды, мемлекеттік шекара белгіленді, Қазақстан әскері құрылды. Президент барлық жетістікке қазақ елімен бірге жеткенін айтты және сол үшін еліміздің барлық азаматтарына алғыс айтты.

"Мен халқымды Отанымыздың ұлы мерейтойымен құттықтаймын. Бұл – барлық қазақстандық үшін ұлы мереке, бұл – біздің буынның ерлігі, бұл – сан ғасырлық арманның орындалуы. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын біз жаңа жаһандық рөлде – БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде қарсы алып отырмыз, мен баршамызды осы жетістікпен құттықтаймын". 

Нұрсұлтан Назарбаев

11.14 Елбасы қазір бүкіл ел осы салтанатты жиынды тікелей эфирде тамашалап отырғанын аңғарды және барлық қазақстандықтарға алғысын айтты: "Әр қала мен ауылда, теледидар алдында отырған, жұмысын жалғастырған барлық азаматқа алғыс білдіремін".

11.16 "Қымбатты отандастар! Қазір тәуелсіз Қазақстан – табысты гүлденген мемлекет. Бізді бүкіл әлем таниды. 1991 жылы біздің алдымызда мемлекет боламыз ба әлде болмаймыз ба деген қиын таңдау тұрды", – деп еске алды президент. 1991жылы елден шамамен 3,6 млн адам басқа елге қоныс аударды. Жыл сайын бір қаланың адамы көшіп кетіп жатты, бұл біз үшін үлкен соққы болды. Бірақ, "қазіргі жастар үшін бұл – өтіп кеткен тарих".

Халық саны
жыл 1991 1995 2000 2005 2010 2015
мың адам 16358,222 15956,667 14901,641 15074,767 16203,036 17417,673

11.18 Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жеке мұрағатынан қазір белігілі шаруа қожалығын басқарып отырған Геннадий Зенченконың хатын тауып алғанын еске алды. Хат 25 жыл бұрын жазылған. Хат мазмұнында ұмыт қалған ауыл мен болашаққа деген үміт баяндалған. Ал жақында жазылған хатта "біздің барлық арманымыздың іске асқаны" жазылған. "Қазір Геннадий мырзаның ауырып қалғанын білемін, залда оның ұлы отыр. Менің атымнан оның сауығып кетуіне деген тілегімді жеткізіңіз", – деп, шаруаның ұлына тілегін жеткізді.

11.21 Президент сол бір қиын кезеңдерде өз кәсібін ашуға бел буып, жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның болашағына сенген қазақстандық кәсіпкерлерге жоғары баға берді.

"Елдің 25 жылдығында халыққа жаһандық жетістіктер туралы айтқым келеді. Алдымен тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Біз мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрдық, біздің заманауи қарулы күштеріміз бар, Қазақстан бүгінде өзге елдердің алдында беделді серіктес. Екінші, еліміз экономикалық ғажайыптың жарқын үлгісін көрсетті. Экономикамыздың даму қарқыны әлемдік сарапшылардың өзін таң қалдырып отыр. Тәуелсіздік жылдарында экономикамыз 20 еседей өсті. 25 жылдың 17 жылында жыл сайын үздіксіз өркендеп келеді".

Нұрсұлтан Назарбаев

11.25 Мемлекет басшысы елде 1,3 млн-ға жуық кәсіпкерлік құрылым барын, олар ұлт қазынасының үштен біріне жуығын өндіретінін айтты: "Біз экономиканың тиімді моделін құра білдік. Бұрынғы автомобиль және темір жолдары елдің әр қиырын бір-бірімен жалғамайтын. Қазір "Нұрлы жол" бағдарламасын іске асырумен бірге біз бірыңғай көлік жүйесін құруды аяқтап қалдық. 90-жылдары мүлдем ештеңе экспорттамайтынбыз, ал бүгін әлемнің 119 еліне 2 мыңнан астам тауар шығарамыз".

11.26 "Теңгені айналымға енгізгеннен кейін, 23 жыл ішінде тікелей шетелдік инвестиция тарта бастадық. Бұл – әлемдік бизнестің біздің елге деген сенімінің белгісі". "Шетелдік серіктестермен ынтымақтастығымызды табысты жалғастырамыз", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент бүкіл қазақ елін және шетелдік бизнес-серіктестерді тағы бір жаһандық жоба Қашағанның іске қосылуымен құттықтады.

11.29 "Біз бейбітшілік пен келісімнің керемет үлгісін қалыптастырдық. Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында қазақстандық екенін мақтаныш тұтатындай қоғам құрамыз!", – деп, мемлекеттік тілдің маңыздылығын тілге тиек етті. Тәуелсіздік алғанға дейін бір ғана қазақ мектебінің болғанын, қазір мыңдаған мектеп ашылғанын, үш студенттің екеуі қазақ тілінде оқитынын айтты. Ұлттық тарих музейі, "Астана Опера", 25 театр, хорегорафия академиясы ашылды.

"Біз сіздерге ұлы мұрамыздың жауһары – жаңа елордамыз – Астананы салдық. Бұл – ғаламшарымызда 21 ғасырда пайда болған бірінші астана. Дәл осы мерейтойлық жылда миллионыншы тұрғынымыздың дүниеге келуі де мерекеге орайлас. Біздің елорда тәуелсіздік рухының, жасампаздық пен бірлік рухының киелі нышанына айналды. Астана мемлекеттің шарықтауының айнасы іспеттес күннен-күнге шыңдалып келеді. Ол мәңгілік болып қалуы үшін біз қолдан келгеннің барлығынан аянбаймыз".

Нұрсұлтан Назарбаев

11.35 Елбасы 1996 жылы халықтың 35%-ы кедейлік шегінде болғанын еске салды, бірақ, тәуелсіздік жылдары бұл көрсеткіш 12,5 есеге қысқарды. Елде жыл сайын 100 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады, ал орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен артық жоғарылады. 25 жылда мемлекеттің әлеуметтік шығындары 24 млн-нан трлн-ға дейін өсті. Президент үкіметке 2017 жылы зейнетақыны 2016 жылғы деңгейден 20%-ға арттыруға, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап баланың дүниеге келуіне берілетін бір реттік жәрдемақыны 20%-ға көтеруге тапсырма берді.

11.41 "Шынында 90-жылдардың басындағы және бүгінгі медицинаның арасы жер мен көктей екені рас. Жаңа емдеу орталықтарынан өзге елімізде 49 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Бұл кешендер 5 жылда алыс аймақтағы 3 млн-нан астам адамға көмек көрсетті. Солармен сөйлесіп отырсам, Қазақстанның түкпірінде мал дәрігерін көрмеген адамдарды кездестіргенін айтады.

"Арнаулы медициналық пойыздар 1 мың шақырым жол жүріп, 300 мыңнан астам тұрғынға дәрігерлік жәрдем көрсетті. Осының арқасында ең алыс ауылдың тұрғындарына да астана деңгейінде сапалы қызмет көрсетілген. Елімізде сәбилердің дүниеге келуі 55%-ға өсті. Он жылдың ішінде тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 67-ден 72 жасқа жетті, меніңше, ең негізгі жетістігіміз осы болар деп санаймын.

Біздің еліміз жасанды жүрек орнатудан әлемде Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұр. Еліміздің медицинасын әлемдік деңгейге көтерген екі дәрігер бар. Ол Юрий Пя, Серік Ақшолақов осында отырған. Олар күрделі зерттеу жасап, ғылымға тың жаңалықтар әкелді. Отандық медицинаны әлемге танытты.

Қазақстан медициналық туризм еліне айналды, бізге алыс-жақын шетелдерден науқастар емделуге келетін болды. Бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек сияқты ағза мүшелерінің ауыстырып салу операциялары өзімізде жасалады. Қазір әр облыс орталығында жүрекке ашық операция жасайтын болды, басқасын айтпағанда. Қай кезде ондай болып еді? Ол дәрігерлердің дайындығының арқасы, ең үздік қондырғылардың арқасы. Қанша адамның өмірін алып қалдық. Жүрек ауруынан өлім бірінші орында тұратын Қазақстанда. 10 мың адам кезекте тұратын, оны батыста ота жасап келудің бағасы 50-60 мың долларға жетеді. Қазір мұны өз елімізде жасайды".

Нұрсұлтан Назарбаев

11.43 Халықаралық ынтымақтастық туралы айтқанда, президент Еуразиялық экономикалық кеңестің құрылуына зейін аударды, бұл бірлестік бүгінгі таңда табысты дамып келе жатқанын баса айтты. Ол Еуразияның барлық елін тығыз қарым-қатынас жасауға және серіктестікке шақырды.

11.45 Қазақстанның ерекше жетістігі – ядролық қарудан бас тартуы. Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап халықтың ықыласымен еліміз ядролық сынақтардан бас тартып, өзге мемлекеттерге үлгі көрсеткенін айтты, дейді Президент.

"Жылдар өтеді, жаңа заман жетеді, түптің-түбінде жаппай қырып жою қаруы  келмеске кетеді.  Оған сенуіміз керек. Адам баласы өзіне-өзі ор қазатын қатерлі қадамнан түптің-түбінде бас тартады. Сол замандарда адамзат осы ұлы істің қазақ даласында басталғанын, оны қазақ баласы бастағанын алғыс айта отырып, еске алады деген сөз – орынды сөз".

Нұрсұлтан Назарбаев

11.50 Саясат жайлы айта келіп, елбасы күшті президенттік билік мемлекетті табысқа жетелейтінін қадап айтты. Қазақстан президенттік билік үлгісіндегі ел болды және болады да. Сонымен бірге, президент және парламент арасындағы құзыреттіліктерді қайта бөлетін уақыт келді.  Арнайы комиссия осы мәселемен айналысуы тиіс, сонымен бірге, ол еліміздің ата заңына өзгеріс енгізуді ескерусіз қалдырмады.

11.53 Соңғы үш жылда қабылданған жаңа бағдарламалар мен заңдар болмағанда, экономикадағы жағдай әлдеқайда ауыр болар еді. Жақын жылдарда алға қойылған міндеттерді орындауға қоғамның барлық күшін тарту қажет. Бірінші кезекте, елбасы Қазақстан-2050 стратегиясын және оны орындауда қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыруды айтып отыр.

11.58 Болашақта ауыл халқының қалаға үдере көшуінен қашып құтыла алмаймыз, қала халқының үлесі 70%-ға дейін артады. Президент ауылмен байланыс орнату, ауылды көркейтуге басымдық берілгенін айтты. Одан бөлек, автокөлік жолдары және теміржол ел экономикасы үшін қажет-ақ, себебі, Қазақстан Еуропадан Азияға және керісінше жүк тасымалдайтын транзиттік елге айналуды жоспарлап отыр, сондай-ақ бұл бағытта елдің әлеуеті зор.

11.59 Біз алтын бесік – ауылды дамытуды басты назарда ұстап отырдық. Ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, шағын қожалық иелерінің өнімдерін тұрақты өткізуді жолға қояды және өндеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді, дейді Елбасы.

"Еуропадағы және өркендеген Германияның өзінде қорасының төңірегінде азық-түлікпен қамтамасыз ететін өсімдік өсіретін мекемелер бар. Қазақстан табиғи өнімдерді ұсынушы ел ретінде бірінші кезекте көрші елдердің нарығында лайықты орын иеленеді. Біз суарылатын жердің ауқымын 2 млн гектарға көбейтеміз. Субсидия берудің жаңа ұстанымдары өнімді жұмыс істейтін азаматтарға мемлекеттің қолдауына ие болуға мүмкіндік береді. Осының бәрі дүкен сөрелерінде сапалы отандық өнімдердің көбеюіне және оның химиялық тазалығына жағдай жасайды. Тиісінше, ауыл халқының табысы өседі, жағдайы одан да жоғары болады".

Қымбатты қазақстандықтар! Әлем халықтарының тарихына жүгінсек, жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буындарына бұйырған екен. Осы бақытты буын бүгінгі қазақстандықтар, ұлы буын – ол сіздер. 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәні тұтас ғасырлармен тең деп айтуға болады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің ширек ғасыры – Еуразия жүрегінде ұлы далада жазылған мың жылдық тарихтың жаңа дәуірі. Біздің кең байтақ даламыз – ғасырлар бойы сан алуан өркениетті тоғыстырған тоғыз жолдың торабы. Батыс пен шығыс, солтүстік пен оңтүстік осында – Ұлы жібек жолының бойында түйіскен. Қасиетті қазақ жерінің жылнамасы күллі адамзаттың тарихындағы талай-талай ұлы оқиғалардың шежіресі. Мұнда сан түрлі тайпалар мен халықтар, олардың құдіретті одақтары мен империялары пайда болып, асқақтаған. Мыңжылдықтар толқыны бізге сол заманның көптеген ғажайып жәдігері мен көне дәуірлердің теңдессіз мәдениеті жайлы көп тылсым жаңалықты жеткізді. Біздің ұлы даламыз қазіргі түрік тілдес халықтардың барлығы өрбіген алып бесік іспетті. Барша түркінің баласы алаш туралы аңыздар, Қорқыттың күмбірлеген күйлері, Күлтегін өсиеттер – бәрі-бәрінің қазақ жеріне тікелей қатысы бар тұтас түркі руханиятының көне тамыры саналады. Бес жарым ғасыр бұрын ұлы дала төріндегі аласапыран оқиғалардың алапат тұтқиылында бүгінгі еліміздің тікелей тамыры – Қазақ хандығы құрылып, даңқты да тауқыметті жолды жүріп өтті. Біз былтыр ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, тарихи оқиғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік. Сан ғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болды. Қуаты асқан кезде жері кеңіді, бірлігі қашқан кезде өрісі тарылды, жерінің шетіне қада қағып, келісімге мөр басып, ата қонысын бойлата иемдене алмады. Арманда кетті. Сан мың жыл бойы ат үстінде жүріп, сайын даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшіменен қолынан келгенше қорғады, қан төкті, тер төкті. Бірақ, дәуірдің барлық дауылына қайыспай төтеп берді. Бұл біздің халқымыз 20-ғасыр түгесілер тұста тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғырып тұңғыш рет жаңа заманауи мемлекет – Қазақстан Республикасын құруға ұлы жігер мен күш-қуат алған тарихи жолымыз осы. Сондықтан, біздің жасампаз істеріміз бен жарқын жеңістеріміз ұлы даланың ұлы тарихында ізі қалған барша ғасырларға пара-пар.

12.06 Тарихи статистикаға жүгінсек, 20-ғасырдың басында азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 32 жас болды, бүгін 72 жас, 2050-жылы 82-ге жетеді. Лайым солай болсын!

Сонымен, біз ғасырлар бойы шиеленіскен түйінді тарқаттық. Бүгінгі қазақстандықтардың теңдессіз ерлігі мен еңбегінің мәні, міне, осында. Біз пешенемізге жазылған тарихи міндетті мүлтіксіз орындап келеміз.

Құрметті отандастар, ағайын, халқым! Барша халқымызды және шетелдік достарымызды Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын! Бәрімізге болашақта мерейлі табыстар тілеймін! Көк байрағымыз ашық аспанымызда мәңгі желбірей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Ұлы белестерді бағындыруда, алға, Қазақстан!!!

Ұлы мақсаттарды орындау жолында, алға, халқым!!!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу