Шіріп жатқан шикізат: Мемлекет қыруар табыс көзінен қағылып отыр

436

Ал терінің 50 пайызға жуығы шіріп кетеді. 

Шіріп жатқан шикізат: Мемлекет қыруар табыс көзінен қағылып отыр Фото: Ақтөбе газеті

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден қой терісі мен жүнін өңдеуге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 

Оның айтуынша, өңірлер өз бюджетінің қайнарын өз қолымен қалыптастырып, қаржылық дербестігін арттыруы қажет.

"Қарапайым статистиканың өзі-ақ мәселені айқындайды: 2025 жылдың басында Қазақстанда 9,6 млн ірі қара, 20 млн-нан астам қой-ешкі бар. Жылына жүздеген мың тонна жүн, тері, ішек-қарын өндіріледі. Алайда қой жүнінің 70 пайызға дейінгісі және терінің 50 пайызға жуығы сұраныссыз қалып, шаруашылықтарда өртеліп немесе шіріп кетеді. Бұл – табыс көзінен айырылу ғана емес, ұлттық экономика үшін жіберілген үлкен мүмкіндік. Халықаралық тәжірибе (Иран, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия) көрсетіп отыр. Мал шаруашылығының қосалқы өнімдерін өңдеу – табысы зор сала. Ол толық циклды қамтиды: шикізатты жинаудан бастап мата, кілем, киім, жиһаз және фармацевтика өнімдерін өндіруге дейін", – деді депутат.

Қарақат Әбден Қазақстанда бұдан да мол мүмкіндік бар екенін айтады. 

"Ал біз әлі күнге дейін шикізатты ысырап қылып, мүмкіндікті қолымыздан шығарып келеміз. Елге жеке кәсіпорындар ғана емес, барлық негізгі өңірлерді қамтитын өңдеу кәсіпорындарының толыққанды желісі қажет. Ендеше, мал шаруашылығының қосалқы өнімдерін өңдеу ісі – дәл осындай серпінді бастаманың алдыңғы қатарында тұруы тиіс", – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттың айтқан ұсыныстары:

1. 2030 жылға дейін арналған жүн мен теріні қайта өңдеу жөніндегі Кешенді ұлттық жоспарды бекіту.
2. Барлық әкімдерге өңірлік бағдарламаларға өңдеу кәсіпорындарын ашуды міндеттеу.
3. Әкімдерге нақты KPI енгізу: инвестиция тарту, өңдеу зауыттарын іске қосу, шикізат қалдықтарын азайту, халық алдында жыл сайынғы есеп беру.
4. Субвенцияға тәуелділікті азайтып, өңірлік кластерлер арқылы қаржылық дербестікті арттыру.
5. Инвесторларға қолдау: салық жеңілдігі, инфрақұрылымға қолжетімділік, жеңілдетілген несие, жер және рұқсат беру рәсімдерін жеделдету. 
6. Құзырлы өкілетті органдармен және сала қауымдастықтары қатысатын ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, Мәжіліске нақты жол картасын ұсыну.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу