Шіркеймен шайқас басталғалы тұр

Бек Темір Бек Темір
2530

Биыл Павлодар облысына  зиянкестермен күресуге ел қазынасынан 600 млн теңге бөлінді.  

Шіркеймен шайқас басталғалы тұр

Мал да масадан қашты десе, өзге аймақтағы ағайын күлетін шығар. Бірақ былтыр Павлодар облысында осындай жағдай орын алды. Құйындай үйіріле соққан шіркейдің (мошкара) үйірінен құстың балапаны қырылып, мал паналарға қора, ит кірерге үйшік таппады. Иесі салған түтін өкпесін қуырған төрт түлік былай тұрсын, адам баласы далағы шығудан қалды. Иісі кеңсірігіңе кірсе қақалтатын "Комарекстің" бағасы аспандап, дәурені жүрді. Балаларын балабақша мен мектепке апарғанда оқтың ортасына түскендей күй кешкен ата-аналар қала мен аймақ басшысының атына араша сұрап ашына хат жазды. Коммуналдық қызмет саласында көшеде жұмыс істегендер көздерін ғана қалдырып, бүкіл жерін оранып жүрді. Қысқасы масаның жұты болды десек артық айтпаспыз. Әрине, естіген құлаққа ащы тисе де, бұл шындық. Шындықтың шымылдығын түру керек. Әйтпесе сары маса мен шіркей тағы да шыбын жаныңды көзіңе көрсетіп шырылдатары хақ.

Айта кетейік, былтыр шіркеймен күресуде "таяқ жеп" қалған шенеуніктерді аймақ басшысы маңдайларынан сипаған жоқ, шекелерінен шекіді. Масадан бір, тәртіптік жазаға тартылып әкімнен екінші рет жазаланды. Ақталды, амалдады, алайда қан сорғыштарды құрта алған жоқ. Ол енді ақиқат. Қайта жәндіктер керекуліктердің қанын ішіп бүйірін шығарды. Ғалымдар болса, бұрын-соңды болмаған маса мен шіркей шабуылын тендерді жеңіп алған күресу шараларын жүргізуге жауапты компания олардың жәндіктердің дернәсілдері көп шоғырланатын жерлерді өңдеу туралы ұсыныстарын ескермей, Ертіс өзені жайылмасының жартысын ғана өңдеді деп ақталды. Басқалары болса, өзеннің суы ерте және бірнеше рет ернеуінен шығып жайылып, дернәсілдері күтілген мерзімнен бұрын қанаттанды, инеліктер де уақытында ұшып шығып үлгермеді деп көлденең салды. Әйтеуір ақыл жеткен жерге дейін ақталды. Бірақ бәрі кеш болды. Үкіметтің назарына өткен   жағдайда қанға шөлдеген шіркеймен күресуге тура келді. Ал биыл жергілікті шенеуніктер мен депутаттар, қоғамдық ұйымдар мен ғалымдар маса мен шіркейді жеті атасына дейін жеткізе құртамыз деп алақандарын ысқылап отыр.

Жақында "Нұр Отан" партиясының Павлодар облыстық филиалында жауапты мекемелердің ызыңдаған қансорғыш қанаттыларға қарсы тұра алмаған өткен жылғыдай өкінішті тәжірибесін болдырмау үшін жиын ұйымдастырылды. Жауаптылардың бәрі бас қосты. Жәндіктермен күресте қажетті шаралар пысықталды. Анықталғандай биыл жәндіктермен күреске республикалық бюджеттен 600 млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл былтырғы сомадан төрт есеге артық. Облыстық мәслихат хатшысы Владимир Берковскийдің сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылы масаға қарсы қолданылатын дәрмектер жіті тексеруден өтеді және жұмысты қадағалау үшін тәуелсіз комиссия құрылады.  Қажетті дәрмектер мен қызметтерді сатып алу туралы байқау былтыр желтоқсан айында жарияланып, қазіргі күні биологиялық дәрілер бойынша жеңімпаз анықталған. Олар сәуірден бастап Шығыс Қазақстаннан Ресей шекарасында дейінгі Ертіс өзенінің арнасына өңдеу жүргізуді бастамақ ниетте.

Қаладағы масаның "қолтаңбасы" былай тұрсын, Ертіс арнасы бойындағы ауылдардағы жағдай тіптен қиын. Өткен жазда ауылдықтар шіркейдің шабуылына шыдас бермегені соншалық, алдындағы төрт түлікпен бірге төрт аяқтап қашты. Биыл жағдай жақсарады деген үміт бар. Себебі облысқа әкелінетін химиялық дәрмектер зертханаларда сынамадан өткізіледі. Қажетті сапа көрсеткіштеріне лайықтылығы анықталып барып өзенге құйылады.  Ақтоғай, Железин, Ертіс, Май,  Қашыр, Лебяжі, Павлодар секілді аудандарда улау жұмыстары мықтап қолға алынбақ. Оның барлығы алдағы айда жүзеге асырыла бастайды деп күтілуде.  

Тақырыпқа тұздық болсын. Былтырғы маса мен шіркейдің қаһары туризм саласына да кері әсерін тигізгенін Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов  өзінің халық алдында есеп беруі кезінде тілге тиек еткен болатын. Яғни қансорғыштардың кесірінен батпағының дәруі әлемге танымал Мойылды шипажайына ем алуға келетіндер саны күрт азайған. Ал біз білмейтін қаншама адам тұзды көлдерге жоспарлаған жазғы сапарларын кейінге қалдырды десеңші?! Сондықтан биылғы шенеуніктер мен шіркейлердің арасындағы "шайқаста" мемлекеттік қызметкерлердің шабуылы жеңісті болуы маңызды. Нәтижесі уақыт еншісінде.

Бек Темір, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу