Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі онсыз да қажыған, қалжыраған халыққа қосымша ауыртпалық әкелгені жасырын емес. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басқарма төрағасы Болат Төкежановтың хабарлауынша, қазіргі кезде МӘМС жүйесінде небары 15,9 млн адам сақтандырылған.
Іңгәлаған сәбиден еңкейген қарияға дейін әлгі қорда сақтандырылуы міндет екенін ескерсек, осыдан-ақ қаншама адамның жүйеден тыс қалғанын білуге болады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтардың саны 18 млн 940,4 мың адамды құрайды. Бұған қоса, заң бойынша еліміздегі шетелдіктер де сақтандырылуы керек. Қор басшысы МӘМС жүйесінен кем дегенде 2,9 млн қазақстандықтың тыс қалғанын мойындады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Сақтандырылмағандардың ішінде 2 млн адам – тұрақсыз төлеуші. Яғни олар үшін қандай да бір аударымдар және жарналар алдық, бірақ онысы тұрақты жасалмайды. Салдарынан, берешек пайда болады, ал "сақтандырылған" мәртебесі болмайды. Төлемдердің жүйелілігін сақтау маңызды. Тағы 922 мың адам МӘМС үшін бірде-бір рет жарна төлемеген. Олардың саны азайып келеді: жыл басында олар бір жарым есе көп болды – 1 млн 428 мың адам", – деді Б.Төкежанов.
Оның мәліметінше, қорға жарналар мен аударымдар түрінде тек биылғы 1 тоқсанның өзінде 183 миллиард теңге түскен. ӘМСҚ осы ылан-ойран ақшаға халықтың мәселесін толыққанды шеше алмай отыр.
Қордан құқай көргендер арасында бұрынғы биік лауазымды тұлғалар да бар болып шықты. Энергетика министрінің экс-орынбасары Анатолий Шкарупа биылғы қаңтар соңында ақталып шыққаны мәлім. Шенеунік пен екі бизнесмен 215 млнтеңге бюджет қаражатын талан-тараж етті деп айыпталды. Шкарупа 2018 жылғы қарашада ұсталған болатын. Содан бері ол алдымен изоляторда, кейін үй қамағында отырды.
"Үй қамағы – бұлтартпаудың ең қатаң шараларының бірі болып табылады. Күдікті не айыпты темір торға жабылмағанымен, қоғамнан оқшауланады, оған судья белгілеген шектеулер қолданылады: үйден шықпайды, телефонмен сөйлесуіне тыйым салынады, хат жібере алмайды, байланыс құралдарын пайдаланбайды. Өз баспанасында қонақ қабылдамауы шарт. Күдікті болған кезімде сот шешімімен маған дәл осындай шаралар қолданылды. Мен өзімді заңсыз қылмыстық қудаландым деп есептеймін. 19 ай бойы тергеу изоляторларында қамауда ұсталдым", – деп еске алады Анатолий Шкарупа.
Қазір ол жұмыс тауып, іске кірісіпті. Бірақ оның қандай жұмыс екенін нақтыламады. Оны басқа мәселе алаңдатады.
"СИЗО-да отырғанымда, заң бойынша менің атымнан мемлекет жарна аударып, соның арқасында "сақтандырылған" мәртебесін иелендім. Таяуда мені ақтаған сот шешімі күшіне енді. Содан соң жұмысқа орналасып, МӘСҚ-ке жарна аудара бастадым. Алайда соған қарамастан, "сақтандырылған" мәртебесінен айырылып қалдым. ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ақтаеваның түсіндіруінше, сақтандырылған мәртебесін иеленуім және осы жүйе арқылы медициналық көмек алуым үшін маған үй қамағында болған бүкіл кезең үшін жарна төлеуге тура келеді. Қор менеджері Жүнісбекова сол кезең үшін төленбеген сома – менің қарызым болып саналатынын мәлімдеді. Бұл енді масқара! Медкөмек алу үшін 12 айға жарна төлеуім керек екен, тек сонда ғана жүйедегі мәртебем қалпына келтіріледі", – деп қапаланады экс-вице-министр.
Ол қордың басқарма төрағасы Б.Төкежановқа хатында ӘМСҚ-ке жарнаны қасақана емес, өзіне байланысты болмаған жағдай, яғни қылмыстық қудалануы кесірінен аудармағанын алға тартты. А.Шкарупа қор басшылығынан олардың қандай заң нормасына сәйкес өзінен 12 айлық жарнаны өтеуді талап етіп отырғанын түсіндіруді сұрады. Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары соттың реабилитациялануға құқық беретін шешім шығарғанын ескертті.
Жалпы алғанда, медсақтандыру жүйесіндегі мәселелер халық саулығына соққы беруі ықтимал.
Гүлнәз Ахметжанова өткен жылдың соңында ресми тіркеліп, бірыңғай жиынтық төлем төлеуге кірісіпті. БЖТ тетігі өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың ісін заңдастыру үшін Президенттің тікелей тапсырмасымен енгізілді. Алайда оны ӘМСҚ мойындамайтын сияқты.
"Шамамен 6 айдан бері ай сайын БЖТ төлеп келемін. Алайда мен тіркелген емхана медициналық көмек көрсетуден, дәрігерге жазудан бас тартып жатыр. Себебі, "сақтандырылған" мәртебесін алу үшін қорға 2 жылдың жарнасын төлеуге тиіссіз деді. Ал ақпарат құралдары таратқан мәлімет бойынша БЖТ-ның 40%-ы медсақтандыруға бағытталуы қажет еді. Сонымен бірге ең төменгі көлемде медициналық көмек алу үшін 3 айға БЖТ төлесе жеткілікті деп хабарланған. Соған қарамастан емхана учаскелік дәрігерімнің қабылдауына жібермей қойды", – дейді ол.
Медсақтандыру 4 баланың анасы Г.Жармұқанованың денсаулығына қауіп төндіріп тұр.
"Бүгінде бала бағып, үйде отырмын. 2017 жылы операция жасап, жүрегіме кардиостимулятор орнатты. Биылғы жылы жүрегімді тексертуде қиындықтар туындауда. Емхана сақтандырылмағансыз деп ондай тексеру жүргізуден бас тартты. Өткен жыл үшін ӘМСҚ-қа 20 мың теңге берешек болып қалыппын. Мәртебе алуым үшін амалсыз соны өтеуге мәжбүр болдым. Сондай-ақ мемлекет менің атымнан жарна төлеуі үшін жұмыссыз ретіне еңбек биржасына тіркеуге тұруыма тура келді. Жұмысқа орналастыру орталығы үнемі бос жұмыс орындарын ұсынады. Оның көбі компьютермен жұмысты қарастырады. Алайда электронды техника стимуляторға теріс әсер етеді", – деп налиды ана.
Ал үй бикесі Надежда Ким коронавирусқа қарсы вакцина салғызғысы келеді, бірақ "сақтандырылмаған" деген мәртебесінен қорқып, егілуге бара алмай отыр: егер вакцина жағдайының қиындауына соқтырса, МӘМС жүйесінде жоқсыз деп емханалар көмек көрсетпей қоюы мүмкін.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !