Шкарупаға басқа бір айып тағылуы мүмкін

3539

Сарандық кәсіпкер "бизнесіне шабуыл жасалғанын" мәлімдеді. 

Шкарупаға басқа бір айып тағылуы мүмкін Фото: liter.kz

Күні кеше Қарағанды соты энергетика министрінің бұрынғы орынбасары, Саран қаласының экс-әкімі Анатолий Шкарупаны ақтап шыққаны мәлім. Прокурорлар оны Саран қаласын басқарған тұста 215 млн теңгені ұрлауға қатысы бар деп айыптады. Тергеушілер дерегінше, шенеунік тіпті орталық қазандығы да жоқ Саранда көп пәтерлі үйлерге жылу энергиясының есептеуіштерін жаппай орнатып шыққан. Ал бұрынғы биік лауазымды шенеунік пен оның адвокаты бұл айыпты "ойдан шығарылған" деп атады. Ақыр соңында судья осыған құлақ асты.

 "Тергеу жүргізілуі мүмкін"

"Ақтас кентіндегі қосымша қазандық пен жылу трассасының құрылысына бөлінген бюджет қаражаттарын мақсатсыз және тиімсіз пайдалану туралы келтірілген дәйектемелерді тексеру Қарағанды облысының Антикоррупциялық қызметіне жүктелді. Аталған жағдайды уәкілетті орган тексеруі қажет, осыған байланысты өтініш Қарағанды облысының әкімдігіне және Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды. Қылмыстық жауапкершілікке соқтыратын заң бұзушылықтар анықталған жағдайда өтініш бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілетін болады", – деп жазды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ресми блогында.

Бұл – антикоррупциялық органның сарандық бизнесменнің шағымына жауабы. Тексерістің нәтижесі әзірше халыққа жария етілген жоқ.

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, Саран қаласында тіркелген жеке кәсіпкер Олег Горбунов агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа былтыр жазған шағымында шенеуніктердің "өз бизнесіне шабуыл жасағанын, істеп тұрған кәсіпорын жанынан ұқсас жаңа кәсіпорын ашып, клиенттерді алып қойғанын, психологиялық қысым тәсілдері қолданылғанын" жазды және шара қабылдауды сұрады.

"Лауазымды тұлғалар, атап айтқанда 2016–2018 жылдары Саран қаласының әкімі болған А.Шкарупа, Ақтас кентінің әкімі Қ.Сүлеменов қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, заңды кәсіпкерлік қызметіме кедергі келтірді. Қылмыстық кодексте "Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау" деген 365-бап бар. Ал мен 2006 жылдан бері кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды жұмыс істеп келдім. Нақтылай кетсем, коммуналдық шаруашылық қызметін жүзеге асырып, жылу өндіріп, Ақтас кентіндегі бес қабатты 17 үйге жылу таратумен айналыстым", – дейді Олег Викторович.

Кәсіпкер шенеуніктерді неге айыптайды?

Олег Горбунов Ақтастағы "Гастелло 18/1" мекенжайында орналасқан төл қазандық-котельныйына иелік етеді. Кенттегі біраз үйді ұзақ жылдан бері сол жылытып келіпті: 1 мыңнан астам абоненті болды.

Өткен ғасыр соңында бұл шағын қалашық та дағдарысқа ұшырап, орталық қазандық істен шығады. Содан тұрғындардың бір бөлігі пәтерлерін тастап, басы ауған жаққа кетеді, енді бір бөлігі көп қабатты үйдегі баспаналарына "буржуйка" орнатып, өз бетінше пеш жағып, күнелтеді. 2006 жылы О.Горбунов өз қаражатын шығындап, қираған жергілікті ескі қазандықты ғимаратымен бірге қалпына келтіріп шығады.

"Қазандықтан көп қабатты үйлерге жылу жеткізетін трассаларды да өз жинағыма төсеп, толыққанды іске қостым. Содан бері бизнесімді дөңгелентіп келгем. Он жыл өткенде, 2017 жылдың қаңтарында менің қазандығымнан 100 метрдей жерде Ақтас кентінің жаңа модульді қазандығының құрылысы басталды. Мен жаңа қазандықтың өз қуатын қайда жұмсайтынын сұрастыра бастадым. Жергілікті әкімдік оның өз бетінше жылытылатын үйлерді жылумен жабдықтайтынына сендірді", – дейді бизнесмен.

2017 жылғы 23 маусымда ол Саран қаласы әкімінің қатысуымен өтетін жылыту маусымына дайындық туралы кеңеске шақырылады. Жиынға оның орнына компанияның атқарушы директоры М.Нұрғазиева қатысқан. Әкімқаралар оған "алдағы 2017–2018 жылыту маусымына қазандықты дайындай бастауды" тапсырады: "Горбунов жеке кәсіпкерлігі өзіне қарасты 17 көпқабатты үйді жылытатын болады".

Осыны естіп, қысқа дайындыққа ертерек әрі қызу кіріскен кәсіпкер біреуінің қуаттылығы 1,5 гигакалорий болатын 2 қазандықты ауыстырып шығады. Сондай-ақ жылу трассасын қалпына келтіріп, бүкіл циркуляциялық сорғыларды резервтейді. Отын-шлам сатып алады. Қыруар қаражат жұмсайды.   

Алайда 2017 жылғы 1 қазанда жаңа қазандықтан әлгі үйлерге де жылу құбырларын төсеу жұмыстары басталған.

"Бұл ретте менің қазандығымның қызметін тоқтататыны туралы құлақтандырған жоқ. Менімен келіскен де емес. Ол кезде осы салаға қызмет көрсетуші монополист болатынмын, яғни табиғи монополия субъектісі ретіндегі құқықтарым сақталмады. Оның үстіне жаңа компания – "Абаттандыру" ЖШС жұмыскерлері жаңа модульді қазандықтан трасса тарту кезінде бассыздық танытып, әр үйге жеткізілген менің барлық құбырларымды кесіп тастады. Ол менің жеке мүлкім ғой?! Біз мұның заңсыз екенін айтып, наразылық білдірдік. Ақтас әкімі Сүлейменов түсініктеме беруден бойын ала қашты. Полиция шақыртты. Олар келгенше, тоқтаусыз телефонмен сөйлескен түр танытумен болды", – деп еске алады Олег Горбунов.

Жаңа қазандыққа – 700 миллиондай теңге

Бинесмен әділдік іздеп, прокуратураға жүгінуге бел буады.

"Біздің өкіліміз прокурорларға шағымданатынымызды хабарлағанда, әкім Сүлейменов Анатолий Валерьевич Шкарупаның нұсқауы бойынша әрекет етіп жатқанын жеткізді. Ол кезде Шкарупа Қарағанды облысы әкімінің ТКШ, энергетика мәселелері жөніндегі орынбасары лауазымына дейін жоғарылап кеткен болатын. Артынша, 20 ақпанда Қарағанды облысының әкімі Әбдібеков халықпен есептік кездесуінде бүкіл Ақтас кенті үшін "Орталық қазандық" салынып жатқанын мәлімдеді. Кентімізде 7 мыңдай адам тұрады. Соның жартысы өз үйін өзі пешпен жылытады. Мыңнан астамын біз жылумен жабдықтайтынбыз. Енді келіп, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында бюджеттен 3 қазандықты салуға неге шығын шығарылғаны түсініксіз", – дейді О.Горбунов.

Тұрғындар кентте балабақша салуды сұрапты. Өйткені соған үлкен қажеттілік бар көрінеді: орыс тілді жалғыз "Ясли сад Аленушка" ғана қызмет көрсетеді, оның өзі 40 баладан артық қабылдамайды. Алайда "Нұрлы жол" аясында жұрт сұраған балабақша салынбады.

Кәсіпкер Олег Горбуновтың мәліметінше, 2016 жылғы 19 қазанда қол қойылған құжатқа сәйкес, жаңа модульді қазандықты салуға 510 миллион 663 мың 780 теңге, ал трасса төсеуге – 168 миллион 523 мың 869 теңге бөлінген. Саран қаласының ТКШ бөлімі атынан "Абаттандыру" ЖШС тапсырыс беруші болыпты. Ол орындаушы ретінде таңдалған "Центр Котло-Сервис" ЖШС-мен келісімге отырады. Әлгі қаражаттың қомақты бөлігі 2016 жылы аударып қойылыпты.

Айта кету керек, Горбунов бұған дейін де Саран қаласының және облыстың прокуратурасына шағымданған көрінеді. Олар шағымды облыс әкімдігіне бағыттай салған. Ал әкімдік жаңа модулді қазандықтың "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында салынып жатқанын, Горбуновтың қазандығында жабдықтардың тозығы жеткенін, тұрғындардан шағым түскенін алға тартады.

Әрине, жаңа қазандық қажет те болар. Дегенмен, өз ауылына инвестиция құйған жергілікті кәсіпкерді тентірету – мемлекеттік саясатқа қайшы іс болса керек.

Айтқандай, "Абаттандыру" ЖШС келесі 2017 жылы өзін банкрот деп жариялаған. Тіпті қылмыстық іс те ашылыпты, бірақ оны жүргізген аға тергеуші кейін істі жаба салған.

Горбунов қазандығы 2010–2017 жылдар аралығында тұрғындардан шаршы метр үшін 131,91 теңге тарифімен ақы жинады. Жаңа қазандық болса, тарифті әр шаршы метр үшін 167 теңгеден белгілеген. Әкімдік тұрғындармен кездесуде оның енді 200 теңгеге дейін көтерілетінін хабарлаған.

Бүгінде бизнесменнің қазандығы қирап жатыр. Бар жинағын қазандыққа салған кәсіпкер тақыр кедей жағдайға жеткенін айтып, мұң шағады: мемлекеттік баж алымын төлей алмағандықтан, сот талап-арызын да қабылдамаған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу