ШҚО һәм Абай: Қай облыстың инвестициялық әлеуеті жоғары?

2653

Шығыс Қазақстан облысы екіге бөлінгенге дейін өңірге 817,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 359,3 млрд теңгесі қазіргі Абай облысының аумағындағы аудан-қалаларға тиесілі.

ШҚО һәм Абай: Қай облыстың инвестициялық әлеуеті жоғары?

Сонымен Қазақстан картасында үш жаңа облыс пайда болды – Абай, Ұлытау және Жетісу. Шығыс Қазақстан облысы екіге бөлінді. Жаңадан құрылған Абай облысының құрамына Семей және Курчатов қалалары, Абай, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Үржар аудандары кірді. Ал Шығыс Қазақстан облысының құрамында Өскемен және Риддер қалалары, сондай-ақ Глубокое, Зайсан, Алтай, Күршім, Катонқарағай, Самар, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандары қалды.

Экономикалық зерттеулер институтының ресми дерегінше, былтыр Шығыс Қазақстан облысы екіге бөлінгенге дейін өңірге 817,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – республикалық көлемнің 6,2 пайызына тең. Соманы қазіргі екі облыстың құрамындағы аудан-қалалар бойынша есептесек, тартылған инвестицияның 359,3 млрд теңгесі (44 пайызы) Абай облысына тиесілі. Ал 458,2 млрд теңгесі (56 пайызы) Шығыс Қазақстан облысына бағытталған.

Енді жаңадан құрылған Абай облысына тиесілі инвестицияның көлемін өзге облыстармен салыстырып көрелік. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, жаңа облыстың көрсеткіші Қызылорда (302,8 млрд теңге) және Солтүстік Қазақстан (331,9 млрд теңге) облыстарының деңгейінен жоғары. Ал Абайды отау етіп шығарған Шығыс Қазақстан облысының көрсеткіші Жамбыл (409,9 млрд теңге), Қостанай (416,2 млрд теңге) және Батыс Қазақстан облыстарының (424 млрд теңге) деңгейінен жоғары екені анықталды.

Былтыр экономикалық қызмет түрлері бойынша жаңа Шығыс Қазақстан облысына тиесілі инвестицияның көп көлемін "Өнеркәсіп" саласы тартқан. Бұл саланы дамытуға 243,7 млрд теңге салынды. Көрсеткіш жалпы инвестицияның 53 пайызына тең. Одан кейінгі орындарда "Көлік және қоймалау" (55,8 млрд теңге), "Жылжымайтын мүлік операциялары" (48,7 млрд теңге) және "Ауыл, орман және балық шаруашылығы" (46,5 млрд теңге) тұр.

Аудан-қалалар туралы айтар болсақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың басым бөлігі Өскемен қаласына бағытталған – 175,2 млрд теңге. Бұл – облысқа тиесілі жалпы инвестицияның 38,2 пайызы. Одан кейінгі орында Риддер қаласы тұр – 78 млрд теңге немесе жалпы инвестицияның 17 пайызы. Аудандар арасында Алтайдың (58,5 млрд теңге), Шемонаиханың (34,5 млрд теңге) және Глубокоеның (33,1 млрд теңге) көрсеткіштері тәуір.

Жаңадан құрылған Абай облысына былтыр тартылған инвестицияның көп бөлігін де "Өнеркәсіп" құраған. Өңірде саланы дамытуға 220,8 млрд теңге тартылды. Бұл облысқа тиесілі жалпы инвестицияның 61 пайызын құрайды. Сондай-ақ "Жылжымайтын мүлік операциялары" (45,3 млрд теңге) және "Көлік және қоймалау" (37,3 млрд теңге) салалары да жақсы өсім көрсеткен. "Ауыл, орман және балық шаруашылығы" саласы 24,6 млрд теңге инвестиция тартқан. Аудандар арасында Аягөз алда тұр. Бұл аудан облысқа тиесілі жалпы инвестицияның 40,9 пайызын (146,9 млрд теңге) иеленген. Осы орайда, инвестиция тарту жағынан облыс орталығы Семей қаласының өзі Аягөзден төмен тұр – 110,7 млрд теңге немесе жалпы инвестицияның 30,8 пайызы.

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Нұрболат Құрметұлының айтуынша, жаңа облыстардың инвестициялық әлеуеті енді ашылады. Өйткені жүргізіліп жатқан әкімшілік-аумақтық реформалар жаңа өңірлік саясаттың басымдықтарына сәйкес келеді.

"Оның негізіне әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңгерімсіздікті төмендету, байланысты қамтамасыз ету және өңірлердің орнықты кеңістіктік дамуы жатады. Яғни реформалар елдің аумақтық және кеңістіктік дамуына жаңа тәсілдерді іске асырудың бастауы болып саналады. Ең алдымен, бұл елдің оңтүстігінің өнеркәсіптік әлеуетін ашу. Жетісу облысының құрылуы оңтүстікті индустрияландыруға және урбандалу процестерін жеделдетуге оң әсер етеді. Сонымен қатар Абай және Ұлытау облыстарының құрылуы еліміздің орталық-шығыс өңірінің экономикасын қайта жаңғырту үшін өте маңызды. Егер Ұлытау облысында металлургиядағы одан әрі бөліністерді дамыту және адам ресурстарын дамыту талап етілсе, Абай облысында индустрияландыруды жүзеге асыру қажет", – дейді Нұрболат Құрметұлы.

Сондай-ақ сарапшының пікірінше, кез келген әкімшілік-аумақтық реформа қалыптасқан аумақтық-экономикалық байланыстардың өзгеруіне және жаңа қатынастардың пайда болуына ықпал етеді, өңір үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.

"Жаңа облыстардың өз бюджеттері болады. Бұл оларға бірінші кезекте қаржы қаражатын қайда бағыттау керектігін жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа салаларда олардың әлеуетін ескере отырып, өз экономикаларын қайта бастауға үлкен мүмкіндік бар. Сонымен қатар елдің әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер арқылы Қазақстан картасында жаңа "экономикалық өсу орталықтары" пайда болады. Мемлекеттің осындай маңызды бастамалары өңірдегі іскерлік белсенділікті жандандырады және инвестициялар ағыны үшін ынталандыру болып саналады", – дейді Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы.

Нұрболат Құрметұлының айтуынша, бірінші кезекте әкімшілік орталық мәртебесі жаңа облыстардың әкімшілік орталықтарының әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы әсер етеді. Бүгінде бұл қалаларда инфрақұрылымның тозуына, жолдардың сапасына, көлік жүйесінің жай-күйіне қатысты проблемалар бар. Жаңа мәртебе осы облыстарға инвестициялар ағынын ұлғайтады және аумақтық-әкімшілік бөліністің ұтымды есебінен жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу